Өтуі және симптомдары. Аурудың жасырын кезеңі (жұққан сәттен туберкулинге оң реакцияны бергенге дейін) 14-40 күн. Туберкулез әдетте созылмалы, көбіне көзге түсер белгілерінсіз өтеді. Сырт көзге ,әсіресе, аурудың бастапқы кезеңінде ауырған малдың сау жануарлардан еш айырмашылығы болмайды. Ауырған малды тек аллергиялық немесе серологиялық тексеру арқылы анықтау мүмкін, ал туберкулезге тән зақымдану сойылған малдың ұшасы мен ағзаларын тексерген сәтте байқалады. Ретті түрде малды туберкулинмен тексеріп тұру аурудың бастапқы сатысы кезінде байқауға мүмкіндік тудырады. Туберкулездің клиникалық формасының көзге түсуі аурудың ұзақ уақыт бойы орын алғандығын көрсетеді.
Дерт процесінің денеде орын тебуіне байланысты туберкулездің өкпедегі және ішектегі түрін ажыратады, сонымен қатар желіннің, сірі қабықтарының зақымдануы (меруерттену), генитальдік және денені жайлаған (генериялизацияланған) түрі кездеседі.
Шартты түрде туберкулездің ашық немесе белсенді және жабық немесе жасырын түрлерін ажыратады. Ашық туберкулез кезінде ауру қоздырушысы нәжіспен, несеппен, сүтпен, қақырықпен сыртқа бөлініп шығады да, жабық туберкулез кезінде айналасы қабыршықтанған дерт ошақтарынан микроб денеден сыртқы ортаға шықпайды. Ішек, желін, жатыр зақымданған кезде туберкулез процесі әрқашан да ашық болып есептеледі.
Ірі қараның түберкулезі кезінде өкпе жиі зақымданады. Бұл жағдайда дененің ыстығы біраз көтеріледі, оқтын-оқтын қатты жөтел пайда болады. Ауру созылмалы болғанда жөтел бәсеңдеп, дыбыссыз, бірақ азапты сипаталады. Қақырық түсуі байқалмайды десе де болады. Жөтелген кездегі тыныс жолдарынан бөлінген сораны мал жұтып қояды, немесе ол мұрыннан ағып тұрады. Ауру мал ентігіп, жемшөп жеуі азаяды, қоңдылығымен өнімділігі төмендейді. Көрінетін кілегейлі қабықтары бозғылт тартады. Өкпені тыңдағанда сырыл естіледі. Перкуссия кезінде дыбыстың әлсіреген ошақтары табылады. Ішек зақымданған кезде іш өтіп қоңдылығы күрт төмендеп, жануарлардың әлсіздігі еселеп арта түседі.
Желін зақымданған кезде желінүсті сөл түйіні ұлғайып, қатаяды, беті бұжырланып, қозғалуы шектеледі. Желіннің зақымданған бөлігін басып көргенде қатайған, ауырсынбайтын бөлшектер сезіледі, зақымдану аса қатты болса желіннің сыртқы тұрпаты өзгеріп, бір жағына қисаяды. Сауып көргенде сүттің сұйылып, қан немесе ірімік араласқанын байқауға болады, Жыныс мүшелері зақымданған сиырлар уақытсыз күйлеп, қысыр қалады, ал бұқаларда орхит кездеседі.
Бойды жайлаған туберкулез кезінде тысқары орналасқан сөл бездері (жақ астындағы, жауырын алдындағы, шаптағы, желін үстіндегі) ұлғайып, қозғалысы шектеледі.
Шошқада туберкулез байқаусыз өтеді. Кейде жақ астындағы және жұтқыншақ артындағы сөл түйіндері ұлғаяды. Зақымданған түйіндерде абцессалар пайда болып, олар тесілгеннен кейін ірінді ірімік бөлініп шығады. Өкпе ауқымды түрде зақымданса жөтел пайда болып, құсып, тыныс тарылады.
Қой мен ешкі туберкулезбен сирек және байқаусыз ауырады. Ауру қатты өткен кезде ірі қарамен ұқсастығы аңғарылады.
Құстарда туберкулез созылмалы, клиникалық белгілері айқын емес түрде өтеді. Бойға жайылған түрі кезінде әлсіздік, жұмыртқаларының азаюы, арықтау (кеуде етінің солуы) байқалады. Ішек зақымданғанда іші өтіп, бауыры зақымданғанда кілегейлі қабықтары мен терісі сарғыш тартады. Кейде аяғы ақсап, табанында ісік пайда болады.
Терісі құнды аңдардың (түлкі, күзен, сазқұндыз) негізінен туберкулезбен күшіктері ауырады. Ауырған аң әлсіреп, шегіне жете жүдейді, өкпе зақымданған түрі кезінде жөтеліп, ентігеді. Ішегі зақымданғанда іші өтіп, бауыры зақымданса кілегейлі қабықтары сарғыш тартады. Түлкіде кей кезде терісінде ұзақ уақыт жазылмайтын ойылым пайда болады.