II.НЕГІЗГІ БӨЛІМ. 2.1. Туберкулез (лат. Tuberculosis, грек. Phthisis) - созылмалы түрде өтетін, әр түрлі мүшелер мен ұлпаларда өзгеше іруге бейім бұдырмақтар (туберкулалар) пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.
2.2. Тарихи деректер. Жер бетінде адамның пайда болуынан едәуір бұрынғы дәуірге жататын археологиялық қазбаларда жануарлар сүйегінде туберкулезге тән өзгерістер табылған. Өте ерте заманда бұл ауру Мысыр, Үндістан, Қытайда белгілі еді. Ертедегі Грекия мен Римде туберкулез туралы жазба деректерді Гипократ (б.э.д. 4 ғ), Гален т.б. қалдырды. Дәрігерлер сол кезде-ақ бұл аурудың жұқпалы екендігін білген, әсіресе Орта Азиялық дәрігер Әбу Әлі Ибн Сина (11 ғ) аурудың жұғу жолдарына дейін тәптіштеп жазып қалдырды.
Ғылыми тұрғыдан туберкулез кезінде әр түрлі ағзаларда болатын өзгерістер және аурудың жұқпалылығын эксперимент арқылы дәлелдеу 17-19ғасырларда кеңінен зерттелді. Бұл зерттеулердің ең биік нәтижесі 1882 ж. неміс ғалымы Р. Кохтың аурудың қоздырушы микробын ашуы болып табылды. Сонымен бірге, Р. Кох 1890 ж. туберкулинді ашты. Басында оны ғалым емдік, кейіннен басқадай пікірге келіп, диагностикалық дәрмек ретінде ұсынды. Ғылымның тағы бір үлкен жетістігі - 1921 ж. Францияда Кальмет пен Гереннің БЦЖ деп аталған туберкулезге қарсы вакцинаны алуы еді. Бұл үшін ғалымдар 13 жыл бойы ауру қоздырушысының сиырға тән түрін ет қосылған глицеринді картопта 230 мәрте ауыстырып сепкен еді. Вакцина адамды туберкулезге қарсы иммундеу үшін қолданылады.
2.3. Қоздырушысы.Туберкулездің қоздырушысы Муcobacterium туыстығына жатады. Бұл туыстыстықта ауру коздыратын микробтың негізгі үш түрі бар: M.tuberculosis (адамды ауыртады), M.bovis (ірі қараны), M.avium (құсты). Сирек кездесетін 4-ші түрі - М.piscium балықты ауруға шалдықтырады. Жалпы алғанда бұл микробтың 31 түрі бар деп есептейді. Олардың 18-і қоректік ортада баяу өседі, 10-ы жылдам өседі, ал үшеуі ерекше жағдай қажет ететіндіктен жасанды қоректік ортада өспейді.
Микобактериялардың жоғарыда келтірілгендерінен басқа түрлері потенциалды зардапты немесе зардапсыз болып есептеледі. Микробтың атиптік (телімсіз), яғни әдеттегіден өзгеше түрлерге жатқызылатын бұл түрлері адамды микобактериоз деп аталатын дертке шалдықтырады, ал жануарларда параллегиялық реакциялар тудырады. Раньоннын жіктемесі бойынша M.avium атиптік микобактерияларға жатады.
Микобактериялар жіңішке, аздап иілген таяқшалар, кейде бұтақтанған, жіпше созылған немесе коктар тәрізді дөңгеленген бөлшектері болады. Грам әдісімен нашар боялса да, грам оң болып есептеледі. Қозғалмайды, спора мен капсула түзбейді. Айрықша қасиеті - қышқылға төзімділігі, ол микробтың құрамында микол қышқылының болу нәтижесі. Циль-Нильсен әдісімен бояудың зор диагностикалық мәні бар. Бұл әдіс бойынша микобактериялар ашық қызыл, ал басқа микробтар көк түске боялады.
Туберкулездің қоздырушысы түбегейлі ауасыбағалы микробтарға жатады. Ол құрамында глицерин бар қоректік орталарда жақсы өседі. Өсіру үшін глицеринді ЕПС мен ЕПА, Петраньянидің, Левенштейн-Иенсеннің, Гельбергтің, Сатонның қоректік орталары қолданылады. Микобактериялар өте баяу өседі: адамға тән түрі 20-30 күн өткен соң, сиырға тән түрі 20-60, құсқа тән түрі 11-15 күнен соң өсін береді.
Төзімділігі өте жоғары. Өсіндіде 8-10 ай өткен соң өледі. Қақырықта 5-6 ай, ірі қараның тезегінде жазғы жайылымда 2 ай, қысқы уақытта 5 ай, кей жағдайда одан да ұзақ сақталады. Ең төзімді түрі - M.avium. Кептіруге, шіруге, төменгі температураға өте төзімді. Күн сәулесі және жоғары температура тез жойып жібереді.
Туберкулездің қоздырушысы дезинфектанттарға төзімді. Зарарсыздандыру үшін хлорлы препараттар, олардың ішінде хлораминнің 3-5% ерітіндісі, 5% белсенді хлоры бар хлорлы әк, формальдегидтің сілтілік ерітіндісі (3% формальдегид және 3% күйдіргіш натрий) пайдаланылады. Қораны зарарсыздандыру үшін хлорлы және жаңадан сөндірілген әкпен ағартуға болады.