2.5. Дерттенуі. Денеге енген ауру қоздырушысының төңірегіндегі торшалардың пролиферациялық өсуі және экссудат бөліп шығару нәтижесінде қабыну процестері өрбиді. Ол маңға көп ядролы алып торшалар мен эпителиоидты торшалар шоғырланып, олардың сыртын лимфоидтық торшалар қоршайды. Торшалардың арасында іркілген экссудат ұйып, фибриннен тұратын тор түзеді, соның нәтижесінде тамырсыз туберкулез бұдырмағы - туберкула пайда болады. Бастапқыда оның түсі бозғылт, формасы домалақ болып, үлкендігі түйреуіштің басындай немесе бидайдай болады. Біраздан соң бұдырмақ дәнекер ұлпалы капсуламен қоршалады. Капсуланың ішіндегі ұлпа қоректік заттар келмеген соң және микроб уының әсерінен бөлектеніп, ірімшік тәрізді құрғақ езілген массаға (казеоз) айналады.
Егер бастапқы туберкулез бұдырмағы тек қана қоздырушы енген жерде (өкпеде, ішекте) пайда болса, ондай шектелген ошақ бастапқы эффект деп аталады. Одан қоздырушы әдетте сөл арқылы маңындағы сөл түйініне барады да, онда да дерттік өзгерістер өршиді. Ағза мен оның маңындағы сөл түйінің бір мезгілде зақымдануын алғашқы толық кешен деп атайды. Егер өзгеріске тек қана маңындағы сөл түйіні ұшыраса, онда процесс толық емес алғашқы кешен деп аталады.
Ауру зілсіз өрбігенде бастапқы ошақ әктеніп қатаяды да, онын сырты дәнекер ұлпалы капсуламен қоршалып, инфекция процесінің одан әрі өршуі шектеледі. Төзімділігі нашарлаған организмде қоздырушының бастапқы ошақта капсуламен қоршалуы әлсіз болады. Дәнекер ұлпаның жеткіліксіз мөлшердегі регенерациясының нәтижесінде туберкулез бұдырмағының қабы ыдырайды да, микобактериялар сау ұлпаға түседі. Оның нәтижесінде көптеген ұсақ, жартылай мөлдір бұдырмақтар пайда болады (милиарлық туберкулез). Ұсақ туберкулалар бір-бірімен қосылып, ірі туберкулез фокустарын түзеді. Бұл фокустардан микобактериялар қанға өтуі мүмкін. Ондай жағдайда дерт бойды жайлап (генерализация) әр түрлі ағзаларда (бауыр, көк бауыр, бүйрек, т.б) үлкендігі әр қилы туберкулез ошақтары пайда болады. Дерт өкпені ұзақ жайлағанда үлкен түберкулез ошақтарымен каверналар (қуыстар) пайда болады, олардың үлкендігі кейде жұдырықтай болады. Олардың айналасында тығыз дәнекер ұлпалы қапшық жетіледі. Туберкулез каверналары бір-бірімен бронхалар арқылы байланысуы мүмкін. Мұндай жағдайда олардың ішіндегі іріміктер жөтелген кезде қақырықпен сыртқа шығады. Туберкулез бойды жайлағанда өкпедегі ауқымды зақымнын нәтижесінде газ алмасу бұзылады, эритроцит түзілуі тежеледі, анемия өрбиді, малдың күйі кетіп, өнімі азаяды, арықтап, ақыры өледі.