2.4. Індеттік ерекшеліктері. Туберкулезге 50-ден астам үй және жабайы хайуандар, 20-дан астам құстар шалдығады, олардың ішіндегі ең сезімталдары: теңіз тышқаны, маймыл, ірі қара және тауық. Бұларға жуық шошқа, марал, түйе, ал терісі құнды аңдардан - күзен тұрады. Сирек ауыратын жануарларға ешкі (табиғи жолмен жұққанда сирек, қолдан жұққанда жиі ауырады), ит, құстардан - қаз, өте сирек ауыратындарға қой, жылқы және мысық жатады. Туберкулезге адам аса бейім келеді.
Инфекция қоздырушысының бастауы - туберкулезбен ауырған жануарлар. Олар микобактерияларды нәжіспен, қақырықпен, сүтпен, сирегірек жағдайда шәуетпен бөліп шығарады. Ауру малдың бөлінділері сыртқы ортаны, қораны, ауланы, жайылымды, суатты ластайды. Сондықтан қоздырушының берілу факторларына жем, су, төсеніш, көң, т.б жатады.
Аурудың жұғуына малдың тығыз орналасуы қолайлы жағдай туғызады,сондықтан инфекция жануарларға қорада ұстаған кезде жұғады. Жайылымда аурудың таралуы сирек байқалады, сөйтсе де егер жаз салқын және жауынды болса, туберкулез жайылымдағы малға да жаппай жұғады.
Микобактериялар сау малдың денесіне ас қорыту жолы және тыныс жүйесі арқылы енеді. Бұзауға негізі сүтпенен алиментарлық жолмен, ал ересек малға сонымен қатар аэрогендік жолмен жұғады. Шошқа мен құсқа негізінен алиментарлық жолмен жұғады. Тауықтың жұмыртқасы арқылы одан шыққан балапанға трансоворияльдық жолмен де беріледі.
Аурудың тарауына ықпал жасайтын факторларға бағып күту жағдайлары жатады. Етті сиырлар жайылымда ұсталғанда өте аз ауырады. Егер оларды қорада байлап ұстаса ауруға төзімділігі күрт төмендеп, туберкулезге бейімділігі артады. Қорада ұстау өзінен өзі туберкулездің себебі болып табылмайды, егер қолдағы малды ретті түрде серуенге шығарып, жайып тұрса, онда мал жайылымдағыдай ауруға төзімді келеді.
Туберкулезге бейімділіктің тұқым қуалайтындығы жоққа шығарылып келеді, дегенімен Бестужев тұқымы төзімді, керісінше қара ала сиырлар бейімірек.
Әдетте туберкулез табындағы малға баяу тарайды да, жаппай жұғу үшін бірнеше ай уақыт өтеді. Оның себебі жасырын кезеңнің ұзақтығы және ауырған малдың барлығы бірдей микроб бөлмейді.