Ұлы зиялылар.
1917 жылдың 2 сәуірінде Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының төрағалығымен басталған Торғай облыстық қазақ сиезі Алаш қозғалысының «Алаш» партиясына, Алашорда үкіметіне ұласар кезеңінің ең алғашқы айтулы оқиғасы болды. Сиездің ұйымдастырылуы мен өткізілуінің басында Ахаңмен бірге Алпысбай Қалменов, Уәлитхан Танашев, Сейдәзім Қадырбаев, Омар Алмасов, Шафқат Бекмұхамедов сияқты ұлт зиялылары тұрды. Бұл сиез «Қазақ» газетінде «қазақтың тұңғыш сиезі» ретінде бағаланды. Торғай сиезінен кейінгі Жетісу, Орал, Ақмола, Семей облыстық сиездері Алаш қозғалысының қазақтың барша даласын қамтығандығын байқатты. Жетісу облыстық сиезінде Ы.Жайнақов, Ғ.Ордабаев, А.Құдайбергенов, А.Шегіров, Н.Жақыпбаев, Ғ.Үдербаевтардың, Орал облыстық сиезінде Б.Қаратаев, Е.Әлібеков, Д.Күсепқалиев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедұлы, Е.Жетпіспаевтардың, Ақмола облыстық сиезінде Е.Итбаев, А.Тұрлыбаев, М.Дулатов, М.Саматов, А.Сейітов, М.Жұмабаев, Е.Тоқбайұлылардың, Семей облыстық сиезінде Ж.Ақпаев, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, М.Боштаев, Б.Сәрсенбаев, Ә.Ермеков, Ы.Оразалин, М.Малдыбаев, Ш.Ақпановтардың белсенділігі байқалды. Облыстық қазақ сиездері мен қазақ комитеттері қазақ зиялыларын одан сайын ұйыстыра бастады. Осы өңірлік саяси шаралар ел ішінен қайраткерлерді шығарды. Сөйтіп, Алаш мұраты үшін ерен істерге дайын сандаған азаматтар – күрескерлер, қайраткерлер деңгейіне көтерілді.
Бұл сиездердің қай-қайсысы да ұлттың қордаланған мәселелерін күн тәртібіне қоя отырып, оны шешудің жолдары мен амалдарын белгіледі. Облыстық сиездерде қауымдасқан зиялылар жалпықазақ сиезін ашудың алғышарттарын жасады. Мұндай сиез көп кешікпей шілде айында Орынбор қаласында өтті. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Әлмұхамед Көтібаров, Міржақып Дулатов, Асылбек Сейітов және тағы да басқа Алаш қайраткерлерінің басшылығымен һәм ұйымдастыруымен өткен осы Бірінші жалпықазақ сиезінде қазақ қоғамы үшін іргелі 14 мәселе қаралды. Оның ішінде қазақ автономиясы туралы, қазақ саяси партиясы туралы, дін туралы және тағы да басқа ұлт тағдырының зор мәселелері болды. Бұл сиез ең алдымен қазақ зиялыларының бас қосып, түсініп, ортақ мүдде жолында аянбай қызмет істей алатындығын дәлелдеді. Сонау хандық заманның ең дәуірлеген кезеңдерінен бері барша қазақтың игі жақсылары бас қосқан ұлық жиын бола отырып, сьез ұлттық тәуелсіздік мәселесін көтеруімен де тарихи маңызға ие болды. Сиезде «Алаш» партиясының құрылуы да оның зор тарихи мәнін айғақтады. Бірінші жалпықазақ сиезі Алаш қозғалысына үдемелі қарқын дарытты, осы сиезден кейін бүкіл қазақ даласы азаттық пен теңдік рухына бөленді, желтоқсанда өтетін Екінші жалпықазақ сиезіне дейін барлық өңірлерде дерлік «Алаш» партиясының комитеттері ашылды. Алаш автономиясын жариялаған, Алашорда үкіметін сайлаған Екінші жалпықазақ сиезі ұлттық мемлекет қажетті атрибуттарын жасады. Осы тарихи сиезде Алаш автономиясы жарияланды, оны басқаратын Ұлт Кеңесі, яғни Алашорда үкіметі жасақталды.
Алашорданың төрағасы болып баламалы негізде Ә.Бөкейхан сайланды. Осы сиезден соң қозғалыс жаңа қарқынға ие болды. Алашорда үкіметінің іс қимылдары қазақ халқының саяси жағынан да, білім-ілім жағынан да, мәдени-әдеби жағынан да өзін-өзін басқара алатын әлеуетті ұлт екендігін байқатты. Ел баскарудың, ғылыми мектеп қалыптастырудың, әскер жасақтаудың, шаруашылық жүргізудің, өнер игерудің үлгілерін көрсетті. Қозғалыс тұсында қазақ зиялыларының бірнеше толқыны қалыптасты. 1920 жылдың 5 наурызында Әскери-революциялық комитет Алашорданы таратуға арнайы шешім қабылдағанға дейін Алаш қозғалысы ұлт-азаттық қозғалыс ретінде біртұтас, мақсатты саяси, әлеуметтік, мәдени үдеріс болды. Қазақ мемлекетін құру сәтсіздікке ұшырағанымен, Алаш қозғалысының азаттық идеялары, мәдени, ғылыми басқа да дәстүрлері кеңестік жылдардың өзінде қазақ қоғамында өмір сүріп жатты. Осы ұлттық тарихымыздағы ең ірі, ең ұзақ ұлт-азаттық қозғалыс мұраттары тәуелсіздік жылдарында қайтадан жаңғырды.
Достарыңызбен бөлісу: |