Қортынды: Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы қазақ халқының қарсылығы
Бірінші орыс революциясынан кейін қазақ халқы патша үкіметі жүргізіп отырған отаршылдық саясатқа қарсы күресті күшейте түсті. Алым-салықтар төлеуден және міндетті борыштарды атқарудан ашықтан-ашық бас тартты. Отаршылдардың сенімді тірегі — әскер құрамаларына шабуыл жасау да жиілей түсті. Қазақтар мен келімсек орыс шаруалары арасындағы шиеленісті оқиғалар орын алды. Отаршыл өкімет билігінің органдары тарапынан ұлтаралық араздықты ұшықтыра түсу әрекеттері жиілеп кетті. Мәселен, 1914 жылғы 9 қазанда Жетісу облысының әскери губернаторы уезд бастықтарын жинап алып, оларға қоныс аударушы шаруалар қатарынан сенімді қарулы отрядтар құруды міндеттеді. Олар ел арасында шолғыншылық қызмет атқаруға тиісті болды. Жалпы жағдай шиеленісе қалған кезде олар өлкедегі мұсылман халқына қарсы соғысуға міндетті еді. Әскерилендірілген қарулы шаруалар қазақ ауылдарына шабуыл жасаумен айналысты. Олардың малдарын айдап әкетті. Ал ертерек келіп орналасып қалған шаруалардың көпшілігі ондай озбырлықты ашықтан-ашық айыптады. Өйткені өлкеде бұрыннан тұратын шаруалар жергілікті қазақтармен едәуір достасып, аралас-құралас байланыс орнатып та үлгерген еді. Олар бір-бірінің тілдерін, әдет- ғұрыптарын және салт-саналарын жап-жақсы біліп қалған болатын.
Пайдаланылған әдебиет:
Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык- гуманитарлык бағытындағы
11-сыныбына арналған оқулық
М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б.
Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 304 бет,суретті. ISBN 9965-36-106-1