Жүрексіздер ғасыры
Махаббат өледі. Өмірдің ең үлкен трагедиясы –
адамдардың өлуі емес, сүюді тоқтату.
С.Моэм
Сегіз миллиард жүрек, әртүрлі сезім, сансыз махаббат, миллиондаған эмоция - адамның адам екендігін он сегіз мың ғаламның алдында дәлелдейтін, құдай мөрін басқан төлқұжаты. Ал адам ешқашан жүрексіз, тасжүрек, сезім мен махаббаттан ада болуы мүмкін емес. Пенде тек өзінің сонау жүрегінің түбіндегі шын бет-бейнесін тұмшалайды. Өзін тасжүрек қылып көрсетеді. Қоғамға қатігез көзқараспен қарауға тырысады да жүреді. Жүрексіздік - дерт те, ауру да, не сүтпен келген қасиетте емес, ол жай ғана жасандылық.
Кейде адам махаббаттан көңілі қалып жатады. Сатқындық яки түсінбеушіліктің салдарынан сезімге серттескендер, біржолата бөлек жол салып, махаббатқа өштене қарайды. Жүрегін мінезіне құл қылады да, тасжүректің рөлін сомдай бастайды. Ғашықтық сондай түсініксіз құбылыс. Кейде құлай сүйгендердің өздері болмашыға дауласып, түймедейге бола ат құйрығын кесісіп, сол сезімдерінің дертінен күйзеліп, азабын шегіп жүреді. Өйткені жүрек - бала, махаббат - пәк. Ал осынау өмірінде сол пәк махаббатынан жапа шеккендер, сол бала жүрегін тар қапасқа қамап, мінезіне көндігіп, өзінің өмірін өзгерткісі келеді. Бірақ жүрек өзгермейтінін ұқпайды. Сондықтан да тасжүректіктен жалғанның бақытын сезіне алмайтынын түсінбек керек. Бұл сөзіме Толстойдың мына сөзі тайға таңба басқандай, анық дәлел бола алатын-ды: ”Махаббатсыз өмір сүрген жеңілірек, бірақ онсыз мәні жоқ.”
Ешқашан жүректі миға, сезімді санаға жықтырмауымыз қажет. Ақылдың қолы жетпейтін жерде, сезімнің отыратынын ұмытпаған жөн болар. Сезім мен махаббат қана қараңғылықтан алып шығатын жол бағдарың. Махаббат - өмір сүруге құштарлық. - деп Горький айтқандай, өмірге жаңа серпіліс беретін ол - махаббат. Бейсаналықта сезім бар. Сезім - махаббаттың пірі. Ал махаббат - екінші рет дүниеге келу. Жаңа дүние есігін ашқандай ғаламға деген көзқарасың-ақ бола бастайды. Себебі анау түбіңдегі қартаймайтын бала жүрегің, қайта оянады. Осы жерде мынандай бір өлең шумақтары ойға оралады:
Жас күніңдей қуан, күлші, күлімде!
Келер сонда “бақыт” дейтін бес қаріп.
Бала көңіл бар екенін түбіңде,
Тұру керек арасында еске алып.
Бұл жүрексіздер ғасыры емес, бұл жасандылықтың ғасыры. Махаббатқа жасалған қастандықтың яки жүрекке жасалған қиянаттың ғасыры. Адам өзінің сезімге пәк екенінін, жүрегінің таудан аққан бұлақтай таза, шың басындағы қардай аппақ екенін өзі біледі. Жәй ғана оны мойындаудан бас тартады. Замана запыран құспауы үшін, адам қалпыңды сақтайтын жалғыз ғана таңдау - жүректі тыңдау.
Достарыңызбен бөлісу: |