Жусіпбек Аймауытов. Акбілек



Pdf көрінісі
бет5/7
Дата25.11.2023
өлшемі1,23 Mb.
#126414
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Жүсіпбек Аймауытов - Ақбілек

ҮШІНШІ БӨЛІМ
ҚАЙҒЫ
Мінекей, Ақбілек үйіне келгелі он бес шақты күн болды: Алғашқы
кездегі Ақбілектің ісі: басына қара салыну, бата қыла келген
қатындарға көрісу, жылау, үһілеу, күрсіну, алдына тосқан құманға
қолын тосып, көз жасын шаю, дастарқандағы дəмді шымқып аузына
салу, түзге барып келу, қайта келіп бір орнынан тапжылмай отыру
болды. Бұрынғыдай емес:
«Жылқы ішінде шұбарым,
Жібектен таққан тұмарың.
Əлпештеген жан апам,
Тарқамай қалды-ау құмарым.
Есіктің алды қазған жар,
Жар жағалай қаз қонар.
Жан апамнан айрылып,
Ішімде қалың қайғым бар...» —
деген тəрізді, жырынды жеңгелері үйреткен құрама-сұрама
жоқтауын, кісі келсе, сұңқылдатып қоя беретін болды. Жеңгелері солай
деп жоқта деген соң, Ақбілек солай болуға тиіс екен деп айта берді.
Əйтпесе ішіндегі қалың қайғысын білдіруге «Жылқы ішіндегі шұбар»,
«Есік алдындағы қазған жар» сияқты сөздердің түк лайығы жоқ,
мəнсіз, жат сөздер мен жүректегі қайғының арасына сөйлеген сайын,
жылаған сайын бірте-бірте көпір салынып, жалғасқан, байланысқан
тəрізденді.


Əуелгі кезде: «Япырау, осы байы өлген, баласы өлген қатындар,
өлісімен, қалай сұңқылдатып жоқтай алады екен?! Не ғып жүрегі
аузына тығылып қалмайды екен?!» деп, ішінен таңырқап жүрді.
Өйткені, Ақбілек əнеугүні Əмір ағасын тосын көргенде, одан кейін
əкесіне, қатындарға, ауылына көріскенде түк айта алмай, екі сөздің
басын ұйқастырып қоса алмай, тығылып қалды ғой. Кейін
жеңгелерінен жоқтау үйреніп алған соң сондағысы өзіне бір түрлі
балалық, топастық, өнерсіздік, ұят сияқты көрінді. Бірақ: «Ол күндегі
менің жай-күйімді жұрт ұғар: мен онда шұғылдан көрістім ғой, аузыма
сөз түскендей болды ма? Бұрын мен дауыс қып көрдім бе?..» — деген
ойлармен өзін-өзі жұбатушы еді.
Ауылына алғаш кеп түскенде, қатындар қолтықтап, сүйрелеп
əкеліп, əкесіне көрістірді. Жабыла кергілесе, апасы тірілетіннен жаман
ауылдың біткен еркек, əйелі көкпарға, тартқан серкедей созғылап,
илеп, жұлқылап, керіп, əбден есеңгіретіп, əлсіретті. Бəрі де: «Қарағым-
ай! Шырағым-ай!.. Көз жақсым-ай!.. Еркежан-ай!.. Шырайлым-ай!..»
деп есіркеді, аяды, өзеуреді, беті-қолын жуғызып, алдына дəм қойып,
«Іше ғой, жей ғой, қарағым!..»— деп, үстіне түсіп, өліп-өшіп күтті,
сыйлады. Ақбілек бəріне де нанды, бəрі де бауырым екен, мені аяйды
екен, əлі де мені жақсы көреді екен деп ойлады. Ауыл күткен сайын,
«Қарағым, шырағым!» деген сайын əнеугі ауылына таянып келе
жатқандағы, өзінен-өзі именген, өзін ит тиген астай көріп жиренген,
дүниенің қайғысын бір өзінің басына орнатқан, өмірге қол серметкен
қалың ой, ауыр сезімдер бірте-бірте алыстап, үстін тот басып,
ұмытылып бара жатқандай болды. «Басыма қара тұманды бекер
орнатқан екем: жұрт маған онша өзгерген, тосырқаған, менен үріккен,
жиренген көрінбейді ғой. Мен əлі де осы ауылдың, осы үйдің ардақты
бір баласы екем ғой...» деп өз үйіне өзі үйренгендей, бауыр басқандай
болды.
Күндерден күн өтті. Үнемі кірген-шыққан танымал кісі,
күңгірлеген біркелкі «Қүлхуалла», «Қүледхүлла», «Олла һүйад-хүу..»
жаттап алған «шұбар», «тұмар», есіктің алды...» дауыс қылған сайын
Ұмсынайдың қашанғы өлген Əбілдасын жоқтауы, өзі кім болса, соған
көріскені, қатындардың айырғаны, — бəрі де жапырақтың сыбдыры,
судың ағыны, түйенің боздағаны тəрізді, Ақбілекті тербетіп, əлдилей,


қалғытып, перде үстіне перде жапқандай, қайғысын бүркей береді.
Бірақ қайғы ұмытылған жоқ, оның үстіне жаңа қайғылар жамалды.
Алғашқыдай емес, бата қылушылар сиреді. Ет пен шəй кеміді.
Онымен бірге ауылдың қатындары да қатынауын сиретуге айналды.
Жалғыз-ақ жақсы көретін Ұрқия жеңгесі жанынан кетпейді. Бəйбіше
өлгеннен кейін осы үйдің шаруасына араласқан сол екен. Əлі де болса
бас-көз болып жүр. Балалардың үсті-басын да сол қарастырып жүр.
«Балалар» дедік пе? Оларды айтпаппыз-ау. Ақбілектің он екі жасар
Қажікен деген бауыры, жеті жасар Сара деген сіңілісі барды. Ақбілек
өзінен бетер сол екеуінің жетімдігіне қабырғасы қайысатын. Қажікен
ойын баласы ғой, көбінесе балалармен ойнап далада жүреді. Монтиған
Саражан Ақбілектің жанынан екі елі айырылмайды; шашы жалбырап
жабысып отырғаны. Сара байғұс-ай! Əйелдер дауыс қып жатқанда,
Қажікен үйге келмейді. Сара Ақбілектің дауысы шықса, көзінің жасын
көреді де, бірге жылайды. Қажікен апасының жоқтығын артық
елемепті. Сара жүдеп кетіпті. Ақбілек біраз есін жиған соң, Сараның
кірін жуғызып, жыртылған көйлегін тепшіп, үзілген түймелерін қадап
берді; білтеленіп биттеп кеткен басын жуып, тарап, оңашада тізесіне
жатқызып, битін қарап отыратын болды.
Əкесі бұрын да үй-ішімен көп сөйлесе бермеуші еді, енді мүлде
тұнжырап кетіпті. Малшыларға: «Түйе келді ме?.. Көк ат суарылды
ма?.. Қой қалай шықты?.. Ана жүгенді үйге апаршы!..» деген тəрізді,
шаруаның бірдеңесін айтады; кейде Қажікенді шақырып алып, атқа
мінгізіп бұзау айдап келуге жібереді. Бірақ келгелі Ақбілекке əкесі сөз
қатқан жоқ. Ақбілекке, əуелі, қарамайды да.
Бұрын көзіне көрінбесе «Ақбілек қайда жүр» деп, сұрап отырушы
еді; «Қарағым, ананы нетші» деп: оны-мұныға жұмсаушы еді; кейде
Ақбілек еркелеп қасына таман келгенде: «Қарағым» деп маңдайынан
иіскеуші еді; «Жел қарысар, беліңді буынсайшы, түймеңді салсайшы»
деп жаны ашып отырушы еді. Енді оның бірде-бірі жоқ, жатырқап
қалған тəрізді. «Апамның қайғысы шығар... Үйде кісі болған соң,
именетін шығар...» деп ойласа да, Ақбілек əкесінің оңашада да бір
ауыз тіл қатпағанына қапа болады. О түгілі əкесі Ақбілекпен оңаша
қалудан қашатын тəрізді. Əкесімен екеуінің арасынан қара мысық


кесіп өткендей бір өткел түскенін Ақбілектің жүрегі сезеді. «Əкесінің
қабағы қашан жадырар екен, қашан жылы қарар екен, қашан тіл қатар
екен?..» деп сарылып, сарғайып күтеді. Əкесінің көзі түсер ме екен
деп, көзінің қырымен жансыз аңдып та отырады. Бір қараса да
қайғысы жеңілетіндей, бақытты болатындай көреді. Сондада əкесі көз
салмайды. Енді Ақбілекке шешесінің өлімінен де мынау жаман батты.
«Жар дегенде жалғыз əкем мені жек көрсе, енді мен кімге сыямын?»
деп қайғырды. Міне ендігі ауыр күрсіндіретін жаңа қайғы осы еді.
Ақбілек бұл қайғысын тірі жанға сездірмей, көп жүрді, көп күтті,
көп дəмеленді. Далаға барса да Сара мен екеуі оңаша қалса да, сіңлісін
бауырына басып, көз жасы бұршақтай домалайды. Неге жылай
беретінін сіңлісі білмейді, көзі жаутаңдап: «Тəте қойшы, тəте қойшы!»
дей береді. Ақбілек көзін сүрткен болады; бауырын уатып басынан
сипаған болады. Аз толас боп тұрады да, жаңбыр тағы тамшылайды.
Ақбілектің бұл дерті ұлғайды. Ұлғая-ұлғая ішіне сыймауға
айналды. Кімге айтар? Кімге шағар? Кім болушы еді? Жасынан бергі
сырласы — Ұрқия жеңгесіне айтпаса.
Ұрқия — Əмірдің қатыны. Əмір — Мамырбайдың немере інісі
(Əмірдің əкесі Тəуірбай Мамырбаймен бірге туысқан ғой). Əмір
өзіндік ораза ашары бар біртоға, момын жігіт. Ұрқия түскелі он жылға
айналып барады, жасы 27-ге келді. Бар айыбы: пұшпағы қанаған жоқ,
əйтпесе жібі түзу əйел. Бəйбіше тірі күнінде Ақбілегін ойынға немесе
бөтен ауылға жібергенде, жалғыз Ұрқияға сеніп, қасына соны қосып
беруші еді. Туған шешесінен соңғы Ақбілектің жақсы көретін жақыны
да, əдеп-өркен үйренген ұстазы да Ұрқия еді. Өз үйінде айналар бала-
шағасы, кəусар шаруасы болмаған соң, Ұрқия, бəйбіше өлгелі,
Мамырбай ақсақалдың туған келініндей боп, үйін ұстап тұра қалып
еді. Осы Ұрқияға бір күні Ақбілек дөң астында отырып, қайғысын
сөйледі. Ұрқия тыңдады да:
— Шырайлым-ау! О кісі апамның өліміне қайғыратын шығар. Сені
неге жек көрсін?..— деді.
Десе де, ақсақалдың баласына салқындағанын Ұрқияның да іші
сезуші еді. Ақбілектің көңілін аулағалы əлгідей дегені болмаса о да


төмен қарап шөпті ширата берді. Онысы өз ойын айтарын да,
айтпасын да білмей ойланғаны ғой.
Ұрқияның ойланғанын Ақбілек те сезді:
— Мен байқаймын ғой. Менен бойын қашықтата береді. Мені
көрмеген кісі секілденеді. Неге сезбейсің? Сен де сезген шығарсың?
Кеше Сара екеуміз оңаша отырғанда, үйге басын сұға түсіп, бізді көрді
де, шығып кетті. Іле-шала сен де келдің. Сен сезсең де, маған
айтпайсың ғой! Мені ренжір деп, аяйсың ғой. Сенің оныңды мен,
білмеймін бе?.. Апамнан соңғы бар сырласатын кісім сен едің. Сен де
ішіңе бүкпе сақтайтын болдың ба?— деп Ақбілек қамығып жылап
жіберді.
Ақбілек жылаған соң, Ұрқия да жылады. Жылап отырып:
— Бауырым-ау! Сенен не бетіммен бүкпе сақтайын! Білген нəрсем
болса, сенен жасырып... ойбой-ой! Енді қайтейін!.. О не дегенің,
қалқам!.. Үлкен кісілердің не ойлайтынын кім біледі?.. Саған айта
алмай жүрген бір сөзім бар екені шын, оны жасырмаймын. Қалқам —
иə-ау! Жұрттың неге таңырқайтынын білмеймін. Осы үйге кім келсе
де, бар ғой, бəрінің көзі сенде болады (бір тамсанып қояды). Саған
жұрттың таңырқап қарағанына ішімнен мен күйіп-пісіп отырмын...
сондағы ойлары не екен десейші?.. Дəуде болса ішім айтады:
орыстардан кейін қандай боп қалды екен? Өзгерді ме екен? Жоқ
бұрынғы қалпында ма екен? Орыстар оған не көрсетті екен?.. деп
қарайды-ау деймін. Əйтпесе таңырқайтын несі бар?..
«Жұрттың ойы» десе де: Ұрқияның өз ойы да осы еді. «Орыстар
апарған соң не істеді екен?» деген сұрау өз аузына да келіп қайтып
тұрушы еді. Бірақ өзі мынадай сорлы боп отырған «Шырайлымнан»
қалай беті шімірікпей аузы барып сұрасын?
Əлгі сөзді естігеннен Ақбілек жасын тыйып, көзі мөлдіреп, қиялға
түскендей, алдында тұрған жез шəугімге қарап бедірейе қалды.
Қарашаттағы құйын соққандай астан-кестен күндер заматта көз
алдынан шапқан аттай бұлдырап өтті.


Ақбілектің бедірейе қалғанын көрген соң, Ұрқия ойын бөлейін деп:
— Сені аман-есен келеді деген тірі жан болған жоқ. Өзіміз күдер
үзіп қойдық... Орыс шіркін өлтіріп тастады той деп ойладық: үлкен
апамды көзіміз көрді ғой. Құдай сақтайын десе, қайда сақтамайды?
Шыбын жаның қалған соң не керек,— деді.
Ұрқияның «ернінің емеурінінен» оның ойын Ақбілек те біле
қойды. Орыстардың не ғып жібергенін бұ да естігісі келеді екен деп
ойлады. Ұрқия сездірмесе де, ай-жай болған соң, Ақбілек сырын өзі де
айтпақшы еді. Бірақ «Мақтанған кісіше несіне айтам? О бір жақсы
нəрсе болса екен...» деп, ішіне сақтап жүруші еді. Енді айтатын орын
келді ғой деп, жеңгесіне бастан-аяқ көрген оқиғасын сөйледі. Жеңгесі
тамсанып, тыңдай берді. Қара мұрттың атып тастай жаздаған жерін,
қасқыр қамаған жерін айтқан кезде: «Ойпырымай, ойпырым-ай!» деп
үрейленіп, əңгіме біткен соң:
— Қалқам-а-ай! Қалқам-а-ай! Көрмегенді көрген екенсің ғой!..
Əйтеуір көп орыстың талқысынан аман болғаныңды айтсайшы!— деп,
таңдайын қағып, басын шайқады.
Бұл сырды тірі жанға шығармасқа, Ақбілек жеңгесінен уəде алды.
Содан кейін екеуі бұрынғыдай қалтқысыз дос боп кетті. Оңаша болса:
жеңгесі Қарашат жайынан оны-мұны сұрап қояды. Ақбілек дүние
көрген кісі боп, кейде Қарамұрттың қылықтарын асыңқырап айтатын
да болды. Өткен күндер бір түрлі жиренішті болса да, айта-айта
жиренішті жақтары ұмытылып, сұлу жақтары көбейіп, ертегі
тəрізденіп кетті. Сырын айтқаны Ақбілекке де тəуір болды: бір сыпыра
қапырығы сейілген іспеттенді.
Алайда «Əкем неге түзу қарамайды?» деген жұмбақты Ақбілек
шеше алмады. Ол жұмбақтың шешуін Ұрқияның іші сезсе де,
Ақбілекті аяп, айтпады, Ақбілек бұл тұрмысқа да жүре-жүре
көндіккендей болып, анасының орнына үй шаруасын басқаруға кірісті.
Жарылып өлсін бе, қайтсін?..
Мамырбай ақсақал неліктен баласына салқындады екен? Не
ойлағаны бар екен? Əңгіменің бетін солай қарай бұрайық.


Сыртына шығармай, тоң айбатпен жүретіні болмаса, Мамырбай
ақсақал тегінде балажан кісі еді.
Кім баласын сүймейді?
«Сен туғанда Нұрайлым,
Төбел бие сойдырдым
Төрт қырлап ошақ ойдырдым...
Қара кеске бөлеттім
Ал қара кес батад» — деп,
Бала кеске бөлеттім.
Апыннан шүмек ойдырдым,
Күмістен түбек қойдырттым...
деп Би Едіге — Ер Едіге айтқандай, кім баласын үлде мен бүлдеге
орайын демейді? Кім баласының арыстандай айбатты, жолбарыстай
қайратты, Аплотондай ақылды, Жиреншедей нақылды болғанын
сақалының ағында, өлерінің шағында үйде ырыс, түзде epic болғанын
тілемейді? Мамырбай ақсақал да баласының жақсы болғанын бір
кісідей тілеуші еді. Тілегені емей немене: заманындағы құрбы-
құрдасынан кейін қалмасын, өнер үйренсін, адам болсын, жатқа
жалындырмасын... деп, Төлегенін он екі жасында қалаға оқуға беріп
еді. Алты-жеті жыл оқып, міне адам болды. «Жат жұрттық бала ғой;
бізбен қанша жолдастығы бар? Оң жақта аз күн тайраңдап, дəурен
сүрсін!» деген бəйбішенің тілін екі қылмай, Ақбілегін маңдайға
шерткен жан емес еді; оның тана-моншағына, сəн-салтанатына дүние
аяған жоқ еді. «Жыламайтын, теңі ғой» деп, бəйбіше ұнатқан соң,
Ақбілегін Бекболатқа тəуелді қып еді. Ана екі баланы қойшы: əлі жас
қой.
Бала қамын жесе де, ақсақал баладан «Қол жалағам жоқ» деп
ойлаушы еді. Неге десең, оқып өзі адам болғаны не керек, қалада


жатып хат жазғаны, болмашы істен жан тартқаны не керек — Төлеген
«қақайып орыс болып кетті. Жаз бір-екі ай елде тұра ма, тұрмай ма, он
ай көзі көрмейді. Онысы да оқа емес қой, Төлеген айттырып қойған
əжептəуір қалыңдығын қоя беріп, малын босқа шығын қылды. Оған да
артық қынжылмас еді. Бірақ суық хабар естиді: Ресей жақтан қаңғып
келген, атасын, жетесін білмейтін бір ноғайдың қызын алғалы жүр
деседі. Мамырбай ақсақал «Ноғай» десе, аза бойы қаза тұрушы еді;
өйткені баяғыда Нəсірден деген бір бақалшы ноғай Құла атының
ақшасын жеп кеткен ғой. Ақсақалдың Төлегенге, əсіресе, ренжігені:
кешегі бəйбішеден өлідей, Ақбілектен тірідей айырылып, басына қара
түн туып, жалғыздық көргенде сол шіркіннің бір көрініп кетуге
жарамағаны еді. Келмейді деген кімнің ойында бар? Ағайын да, ауыл
да күтті. Қолынан еш нəрсе келмесе де, қаран суалып отырған əкесін
жұбатып кетсейші. О жаман туған, шіркін!
Төлегені түз баласы болғаны, көзше тоғанақ боп, өзін күтетін,
сыйлайтын қарағы — Ақбілек еді. Ажары да, мінезі де қолайына
жағушы еді. Қақ-соқпен ісі жоқ, əдеп-өркенді, салмақты боп өсіп еді.
«Құдай бұйрығынан» құтыла алмай, атастырып қойғаны болмаса,
Ақбілегін қолынан шығаруға қимаушы еді. Ең болмағанда төрт-бес
жылға дейін бермеспін деп, құдасынан мал алуға да асықпаушы еді.
Сөйткен Ақбілегі мұндай күйге ұшырады...
Алғашқы кезде ақсақал Ақбілекті өлгенге санап жүрді. Бірақ
«Өлді» десе де өлімге іші қимады. Кеше ғана күлкісі бұлбұлдай
сайрап, сүйріктей боп өсіп келе жатқан көзінің құрты, алданышы,
қуанышы емес пе? Бəйбішенің орны бір үңірейіп қалса, Ақбілектің
орны одан да бетер үңірейіп, үйі мүлде қуарып, адыра қалған моладай
көрінді. Анау екі жас бала бұралқы күшіктей сенделіп, кірлеп, биттеп-
құрттап, жүдеу басқа айналып бара жатқанын көргенде Ақбілекті тіпті
керексіді. О болса, апасының opнына балалардың үсті-басын
қарастырар еді, үйді үңірейтпес, қуартпас еді: қашан бір қатын алып
үйлігін түзеткенше, шаруаға да бас-көз болар еді. Туған-туысқанға не
сенім бар? Бөрінің көздегені — өз пайдасы.
Бірақ Ақбілек «Барсакелмеске» кетті. Жай кеткен жоқ, сүйекке
таңба салып, масқара боп кетті... «Пəленшенің қызы сондай бопты...»


деген атақ мəңгі жайылар ма? Əкесін бүйтіп қор қып кеткенше,
алланың ақ өлімінен кетсе, не арманы бар еді. Ақбілегін жақсы
көргені, аяғаны, қызғанғаны, өкінгені, жиренгені, қорланғаны бəрі
араласып, ақсақалдың жүрегіне зіл қара тастай бір бітеу жара пайда
болған еді? Əнеугі «Ақтар ұсталыпты» деген хабарды естігенде,
ақсақал қорлықты да, намысты да ұмытып, аталық мейірімі жеңіп:
«Ақбілек қайда екен?» деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де
байқамай қап еді. Сол қызудың үстінде кісі аттандырып, сұрау
салғызып еді.
Енді, Ақбілек табылып, үйіне келген соң, оның сорлы болған түрін
көрген соң, оның масқаралығын ойлаған соң, ақсақалдың намысы
қайта қозғалды. Бұрынғы нəрестедей бала, ақ қағаздай таза көріп
жүретін Ақбілегі енді күйе жаққан қағаз, бала емес қатын боп қалды.
Ақсақал баласын құдай қосқан күйеуінен де қызғанатын іші тар кісі
еді, баласы кірсіз, таза болғанын қалаушы еді. Енді Ақбілек баласы
емес, бөтен əйел іспетті. Кімнен қалған əйел десейші! Қазақ, қазақ
болса бір сəрі ғой. Ол о ма? Келген-кеткен кісінің көзі Ақбілекте
болатынын алдымен əкесі сезеді. Бəрі де:
«Мамырбайдың орыс талқылаған қызын қара!» деп, ақсақалды
көзге шұқыған тəрізденді. Енді Ақбілегі əкесіне масыл болды. Бала
ұстаған емес, жұртқа тамашалауға маймыл ұстап отырған кісі
тəрізденді. Ақбілектің қырсығынан ақсақал масқара боп абыройынан,
адамдығынан айырылғандай болды. Міне ақсақалдың баласына түзу
қарай алмай, қашқақтап жүргені сол еді. Қызғаныш, жиреніш, өкініш,
аяныш, ыза, қорлық — бəрі ұласып, оның тірі қалып, көзге күйік
болғанына бармағын шайнап, зығырланар еді. Бірақ өз қолын өзі
кессін бе? Өз ішіне өзі пышақ ұрып, жарылып өлсін бе? У жеген
қасқырдай іші алау-жалау боп өртеніп, шықпаған сүлдесін сүйретіп
жүр еді.
Кейде ақсақал оңаша отырып, терең ойға батар еді: «О бақырда не
жазық бар?» деп баласын бір ауық аяр еді. «Оны да құса қылмайын,
түс жылытайын» деп бір ойысып келсе де, оның басынан өткен
күндері есіне түскенде, Ақбілек кеудесінен итеріп тұрғандай бірдеңе
оның маңына жолатпаушы еді. Бір ауық «тезірек құтылсам қайтер


еді...» деп ойлар еді. Бірақ қалай құтылар? Бекболат жуырда ала қояр
ма?.. Жəне үйі болса иесіз тұр. Əуелі өзі бір шүйке бас тауып алып,
оның қамын содан кейін ойлаған дұрыс қой. Соңғы кезде ақсақалдың
ойлап-ойлап, тапқан түйіні осы еді.
Бірақ, ақсақалға енді қатын ала қою да оңай жұмыс емес: жасы жер
ортасынан асып, міне елудің бесеуіне шықты. Енді қартайғанда мал
шығарып, біреудің жас қызын алып, баулып: адам қыла алар ма? Ол
алғаны қандай адам боп жолығар? Бала-шағаны ол көтере алар ма?
Кəрі кісіге қанағат қып отырар ма? Ұяты бар біреу кез келсе — құба-
құп. Жеңіл-саяқ біреу килігіп, бозбаламен жыртыңдағанын көрсе, одан
өлгені артық қой. Соны ойлайды да. «Бесік көргеннен» ойды қуады:
«Есік көргенді» салмақтайды. Қайтып келген қатын тегінде жеңіл
ойлы, ұятсыз болады деп жаратпайды. Байы өлген қатынның не
баласы, не əмеңгері болмай тұрмайды. Сыбай-салтаң, ар-ұяты бар,
шаруаға ұқыпты əйел қайдан табылар екен? Ой тəңірім-ай! Дүниеде
қартайғанда қатының өлмесін! Одан үлкен қырсық болар деймісің?
Бабы табыла ма? Пəле-дағы! Сол пəле Мамырбай ақсақалдың басына
орнаған еді.
Мамырбай ақсақал артық бай болған да кісі емес, жоқшылық зарын
да тартқан кісі емес. Өзі өз болғалы жаз саумалы мен бір тоқтысын,
қыс бір табақ етін қонағына беріп, əңгімелесіп, күліп-ойнап отырып
жегенді — өмірдің бір қызығы деп білген кісі еді.
Ауылнай ортасына да, болыс ішіне де содырынан қадірі басым,
салмақты, тартымды табанды кісі еді. Ертеде бірер сайлауда би болып,
кейінгі уақытта оны тастап қалаған адамын қарақшы қып, қойып
жүруші еді. Əйтсе де ағайын арасының сөзі ақсақалдың алдынан
тараушы еді: жалаң сөз қуып кетпей, бір жағынан шаруасын да қарап,
аттан түспеуші еді. Бата қылған, «Қайырлы болсын» айтқан
ағайынның аяғы сиреген соң, үйге ие табылған соң, ақсақал бір беткей
шаруа жұмысына кірісті. Қыс болса, түсіп қалды, қарашаның қары
жауды. Алымсағы, берімсегі, соғымы, қаласы, даласы дегендей орда
шарқы үйдің жабдығы аз ба?
Ақсақал сөйтіп шаруасына айналып жүргенде, бір күні үйіне бір
жолдасымен Əлдекей деген тұрғыласы келіп қонды. «Іпсекем үйінің


қамшы жағы тілек, мінер жағы солақ, со жақ танауының шегі бар, тебе
таңбалы жалпақ торы биесі, Ысқақ үйінің мінер жақ алдынан ойық, ақ
айыл, ақ жал, бөдес сары биесі» жоғалып, соған сұрау салып жүр екен.
Əлдекей жолыққан кісіге осыны саулатып жүріп, замандасына «сəлем
беріп, бата қыла кетейін» деп түскен екен. Қоналқаның кезіне кеп
қалды ма, кім білсін — əйтеуір Əлдекеңнің айтысы солай.
«Əлдекей түсіп жатыр» дегенде, ақсақал: «Осы да қаңғи береді
екен!» деген. Өйткені, Əлдекей жоқ қуып, дау сауып, ел кезе беретін,
өзі кедей болса да, еті тірі кісі еді. Ақсақалдың əлгідей дегені болмаса,
Əлдекейден пəлендей жиренген жоқ. Өйткені əрі замандас, əрі
əңгімелесіп, көңіл көтергісі де келді. Сондай біреу болмаса, өзінен
именетін ауыл-отан кісілерімен көсіліп сөйлесе ала ма? Үнемі ауыл-
үйдің адамы кісіні жабыландырып, тынысыңды, өрісіңді тарылтып,
қатынбасшы, үй күшік қып жібереді ғой.
Əлдекей «Əліп — лəмға» «Қүл хуалданы» үш еселеп қосып, құран
оқып, амандасып болған соң, өткендегі бір ханның қайғылы боп басын
көтермей жатқанда, бір бидің көңіл айтып, басын көтерткенін
мысалдап, замандасына баптап көңіл айтты. «Қайғы келсе қарсы тұр,
құлай берме!..» деген Абай сөзінен де бір ауызды айтып жіберді. Бұл
Əлдекей ескіше бірталай сауаты бар, ескі сөзді көп білетін, «Мың бір
түн», «Қырық уəзір», «Тотының тоқсан тарауы», «Алты бармақ»,
«Қыссасүл анбияларды» жатқа соғатын, шежіре кісі еді. Жасында
Байшуақтан бір жаман жығылғаны болмаса, балуан, домбырашы,
əнші, насыбайшы, сықылдаған бозбала болған, қалжыңға да ұста кісі
еді. Бұл күнде насыбайы, қалжыңы, ескі сөзі. «Ондай қыл, мұндай
қыл» деген ойыны болмаса, өзге өнерінен жұрдай боп, дау қуып, ет
аңдыған, екі күрек тісінен айырылған, саптамасының қонышы
салпылдаңқырап кеткен сұқымдау шал еді.
Отырысымен-ақ, Əлдекей əңгімені шерте бастады. «Арун
Рашиттен» қозғады. Əз Жəнібек те, Жиренше шешен де, Лұқман
Əкімде кіріп кетті. Сол елдегі пəлен жақсы, түген билердің сөздері де
еске алынды. Қалайда, Əлдекей отағасының сөзі желге кеткен жоқ,
көкірегін қапырық басып жүрген біздің ақсақал əңгімені тыңдаған
сайын, ауыл-отыннан қиялы алыстап, басқа бір дүниеге кіргендей, бұ


жалғанның опасызын білгендей, көңілі жадырайын деді. Жадырағаны
ғой:
— Уай, əлгі қойшыны шақыршы!.. Мына кісіге бір тоқты əкеп
сойсын... Кəрі саулықтың еті бар еді, оған тісі өтпес,— деді.
О кезде Əлдекей қаз мойын қара шақшасын жаман қоныштан
суырып, бас бармағын сұқ қолымен қаусырмалап тырнағына
насыбайын нəшіне келтіре сілке бастады. Манадан бергі тіл мен жақты
безеп отырғандағы қаразы да — бір тіске жұмсақ еді. Енді қара
шақшаны қалай құтыртып сермесең де жарасты. Қақ, шіркінді қақ.
— Сен осы үйден бір күл жағып, насыбай уқалап алшы!— деп
балалау жолдасына əмір қылды. Бағлан сойғызған соң, Əлдекейден
əмірі күшті кім бар? Əлдекейдің серпетін де жөні бар: мылтығы бар
мілитсе, агент немесе болыс болмаса, елдің кім көрінгенге мал соя
беруі сиреуге айналған, баяғыдай мол дəулет жоқ: шығын көп. Жəне
соғым соймаған бір жаман мезгіл ғой. Кешегі қонып шыққан үйі «Бір
сірі» жегізіп, Əлдекей түйіліп өліп қала жаздап, жолшыбай боқтап
келген ғой.
Əлдекей отағасы жеңінің аузын қоңыр тібенмен ұштаған сұр
күпісін желбегейленіп, қызыл елтірі тымағының мінер жақ құлағын
айқыш-ұйқыштай жымырып, шалқайып отырып, шəйді да жақсы ішті.
«Əйел баласы бір аяулы бала екен! Əттең, орыс сөйтіп тастағаны
болмаса!» деп ішінен ойлап қояды. Өйткені əкесі тоқты сойғызған соң,
бұ бір сый кісі екен деп, Ақбілек қара шəй салғызып еді. Шəйға қанып,
құрыс-тырысы жазылып алған соң, Əлдекей қайдағы жоқ күлдіргі
қулық тауып алып, бəйбішесі өлгелі езу, тартпаған ақсақалды күлдірді:
тоқтының етін ақтап жеу керек қой. Қашан ет піскенше Əлдекейдің
аузында дамыл болған жоқ. Бір сөздің кезегінде:
— Балаларды жүдетпей, бір шүйке бас алуыңыз екен,— деп басып
өтті.
Ақсақал Ақбілек жаққа көзінің қырын бір салып:


— Ой, Əлдекей-ай! Енді қартайғанда қатын алып не мəз боламыз?
— деді. Онысы: арғы жағын қатын алуға бел байлап қойса да, өзі
іздеген болмай, жұрт ұйғарып əпергенді қалағаны еді. Жəне бала-
шағаның көзінше «Қатын алам» деп қалай айтсын?
— Е, о не дегеніңіз? Əлі тұғырдан түсетін кезіңіз болған жоқ қой.
Екі күрек тісім жоқ, мен де Салиманы құшақтап жатырмын. Қатын
алмаған соң, ретіңіз келмейді ғой,— деген тəрізді бір талай
«Наштақат» айтты. Сүйтіп отырып: — Сізге лайықты кім бар екен?..
Ə... Қыз алуға сіздің əптіңіз келмейді ғой. Қыз енді ұстатпайды.
Шаруаға ұқыпты, байы өлген, тоқал қатын болса əй, сізге сол мəш
келер еді — деп, елдегі тоқал қатындарды бір-бірлеп екшей бастады.
Ақсақалдың өз ойына мұныкі дөп келді.
Ертеңінде шайдан кейін ақсақал қораның бұрышында Əлдекей
екеуі отырып бір қыдыру сөйлесті. Не сөйлескенін қайдам?
Əлдекейдің аты ерттеулі тұр еді: есік алдында тұрған Əмірлерге
ақсақал:
— Уай, мына кісіні аттандыршы! — деді.
Əлдекей, келіп кеткеннен былай не ғажап екені белгісіз ақсақалдың
Ақбілекке бұрынғы қарасы өзгерді. Баласын жылы тартып:
«Қарағым, ананы үйтсейші, мынаны бүйтсейші!» деп, шаруаның,
балалардың жайын сөйлеуге айналды. Ақбілек тірілді: əкесін жаңа
тауып алғандай болды. Содан кейін ішкен асы бойына тарап, ажары
кіре бастады.
* * *
Əйнектің тарам-тарам қырауы табандығына тырс-тырс тамады.
Іркінді суда тоңазыған шыбындар жүзеді. Күзгі күн төрдегі сары
жайнамазға аппақ сəулесін төгеді. Əйнек алдында бастары тиісе
жаздап шүңкілдесіп екі жас əйел іс тігеді. Келіншек көк суыртпақты
ерніне тістеп, сусылдата суырып жіп ширатады. Сұлу қыз кішкене көк
камзолды тізесіне салып, омырауына ойған тана, күміс қадайды.


Олардың артында, бұрышта қара шашы жалбырап маңдайына түскен,
томпиған бала бақайын жыбырлатып, ақ қайшымен қуыршағына
көйлек пішеді. Сұлу қыз артына бұрылып «Келші, қалқам!» дейді.
Қалқасы алдына кеп селтиіп тұра қалады. Əпкесі жаңа бітірген көк
камзолын кигізіп, шашбауын төмен басып, омырауынан сипайды.
Жаңа камзолына бала мəз. Тігіп кигізгенге, əпкесі мəз. Екеуі де жымың
қағады. Жаңа камзол киген бала қуанғаннан ыршып түсіп, əпкесінің
мойнын құшады. «Қалқам, енді былғамай ки!» деп əпкесі бетінен
сүйеді. Қандай жарасып тұр! Жалғыз-ақ келіншектің ажары келмейді:
ауыр күрсінеді.
Бұл күрсінген Ұрқия еді. Жаңа камзол киген кішкене Сараның гүл-
гүл жайнаған ажарын көргенде, ішкі дерті тағы бір қозғалып, еді. Ой,
дүние-ай! Тым болмаса, жасаған осындай бір жалбыр шашты қимады
ғой! Дүниеде баладан қызық, баладан тəтті не бар дейсің! Қуарған қу
бас өмір — бейне бір жапырақсыз ағаш. Онда не көрік, не дəн бар?
Баласы болса, Ұрқия да осындай камзол тігіп кигізбес пе еді? О да
тана-моншаққа омырауын саусылдатпас па еді? Балапанын бауырына
басып, еміреніп, еркелетіп, жеп қойғандай құшырлана сүймес пе еді?
Көңілдің бар кірбіңі демде жойылып, мауқы басылмас па еді. Ой, бала
шіркін-ай! Неден мұндай ыстық болады екен!
Бала десе Ұрқия ішкен асын жерге қояды. Балалы қатындарды
көргенде, іші жарылып кете жаздайды. «Осылардың да арманы бар ма
екен?» деп ойлайды. Кедейлік, жоқшылық, аштық, дерт, қайғы — бəрі
де бір баланың қасында түк емес тəрізді. Қандай ғана қатын аузы
барып, баласын қарғайды екен, жылатады, ұрады екен? Сараның
сəнденгенін көргенде, баласыздық Ұрқияға тағы қатты батты. Баланы
өмірі мұндай тілеп көрмегендей болды. Балаға аңсап, шөлдеп, үш жүз
алпыс екі тамыры түгел кеуіп, суалып бара жатқандай, емешесі
құрыды. Неше күн шөлде жүрген адам да мұндай шөлдемес.
Ұрқия күйеуім қатын алады-ау мені шетке қағады-ау деп
қорықпайды: Күйеуіне сенімді ғой. Қайта «Тоқал ал!» дегенді
зарыққан кезде, өзі айтып жүретін ғой. Десе де кім біледі, жасаған иіп,
бойына бала бітіп қала ма деп, екеуі де дəмеленетін. Ұрқия жатса да,
тұрса да, құдайдан бала сұрайды, бақсы-балгерге қаратқан, қажы-


молдаға үшкірткен, əулие тасқа əлем байлап түнеген, құдайы садақаны
да талай берген, мойнына бұршақ салып тілеген. Сонда да əлі бала
жоқ.
— «Еркежан, бері келші! Сен маған бала болсаң қайтеді?— деп
Ұрқия Сараны алдына алып, қысып-қысып сүйді.
— Боласың ба?— деп, Ақбілек жымиды.
Сара «Шын айтып отыр ма?» дегендей əпкесіне қарады.
— Ой, жасаған-ай! Біз де бала сүйетін күн болар ма екен!.. деп,
тағы бір уһлеп қойды.
— Басың жас, құдайдың қазынасы кең ғой. Сүйерсің.
— Қайдан білейін... айтқаның келсін-ау!.. Шырайлым-ау, саған
жорытайыншы. Бүгін мен бір түс көрдім... түсімде біздің ауыл көшкен
екен дейім. Сені мен екеуміз көштен адасып қалған екеміз дейім. Бір
асудан ассақ, алдымыз екі таудың қуысындай, бір құдайдың уысындай
құлама құз екен дейім. Құздың үстінде қалықтап жүрген бір қара
бүркіт, бір мезетте бізге таман төніп келді де, сені көтеріп алып кетті.
Ойбай-ай! Өлтіреді-ау! деп, қайтерімді білмей, безектеп тұрмын.
Бүркіттің бауырында көйлегің желпілдеп, тура күншығысқа қарай
кетіп барасың. Алыстаған сайын қара бүркіт ақ бауыр торғайдай боп
көрінеді. Бүркіт сорғалап, темен құлдилайды. Енді жейді-ау, енді
жейді-ау,— деп, тастан тасқа секіріп, жүгіріп келем... Қарасам — сен
бір ақ үрпік балапан бопсың. Бүркіт жоқ. Жартастың басында көзің
бақырайып отырсың... Қайдан келгенін білмеймін, ар жағынан əнеугі
өзің айтқан Іскендір дуана шыға келді... Балапанды қолына қондырып
əкеле жатыр. «Дуана-ау! Балапаныңды маған берші!» деп едім, дуана
ұстата берді. Балапанды бір қолтығыма қысып келе жатырмын... көзіне
қараймын... аумаған сенің көзің... Балапан дегенім сен екенсің... таң-
тамашамын... Шырайлым-ау! Бұ қалай түс? Сен жорышы!
— Ойпырым-ай! Тамаша түс екен!.. Мен қалай жориын?... Құдай-
ай! Мен тағы бірдеңеге ұшырайтын болармын ба? — деп, Ақбілек көзі
бажырая қалды.


Олай жорыды, бұлай жорыды, екеуі де жори алмады, қорықты.
Ақырында «түс — түлкінің боғы да» десіп, бірін-бірі жұбатты.
Сара байғазы сұрай ауыл қыдырып кетті. Ақбілек пен Ұрқия
шəугім алып, түзге жөнелді.
Күнгейдің қырбық қары кебірленіп өкшеге жабысады. Жел-кем.
Қоңыр салқын. Ақ киімді алып таулар ауылдың үстіне төніп тұр. Ақ
шымылдықтың бетіндегі қара шыбындай анау беткейде қой жайылып
жатыр. Тау басындағы бүркіттей боп қойшы көрінеді. Сырттағы терең
сайда аттардың жоны қылтылдайды. Бауырдан артына таяғын
көлденең ұстап, талтаңдап біреу келеді.
Ұрқия мен Ақбілек шапандарын бүркеніп, күнгей жақ төмпейден
асып барады.
—...Сондағы басбағып келгені осы төмпей ғой! — деді Ақбілек
төмпейге шыға беріп.
— Осы төмпей,— деді Ұрқия жан-жағына қарап.
— Оқтың қиюындай, ей жасаған-ай, деймін-ау, тап со күні сап ете
түсуі қалай!
— Апырым-ай десейші...
Осындай əңгімелерді сөйлескелі төрт-бес күн болды. Əкесінің
қабағы түзелгеннен бері, Ақбілек күйеуін есіне ала бастап еді.
Бекболаттың жараланғанын, қалада жатып емдетіп жазылғанын
əнеугүні Ұрқия естірткен ғой. Бірақ ол кезде Ақбілек етжей-тегжейін
сұрағандай болған жоқ, жатса, тұрса, əкесінің өзгеруіне уайымдады
ғой. Енді көңілі бір жайлы болды. Келімді-кетімді кісі азайды. Оңаша
үйде Ұрқиямен отыруы көбейді. Ұрқиядан бүгетін сыры бар ма?
Күйеуін сөз қылғанды сүйетінін сезіп, оңаша болса, Ұрқия да
əңгіменің бетін солай бұра беруші еді. Бекболаттың көңілі бұрынғыдай
ма екен, жоқ, өзгерді ме екен? Екеуінің шеше алмай жүрген жұмбағы
сол еді. Сол жақтан келген бір жігітке — білші — деп тапсырып


жіберіп еді. О жігіт қатынамағалы бірсыпыра боп барады. Түзге шықса
екеуі төңірекке көз салады: Кісі қара көрінер ме екен... дейді ғой.
Соңғы күндерде, не екенін қайдам, Ақбілек күйеуін көп ойлайтын
күйге ұшырады. Бұрын бозбалаға да онша телміре қарамаушы еді.
Еркекті аға, өзін қарындас деп санаушы еді. Күйеуінен өзге
бозбаламен, берісі: əзілдесуге, əрісі: орамал тастасып, бетінен сүюге
болады, бірақ қойнына жатқызуға болмайды деп ойлаушы еді. Енді
еркек көрсе, қойынға жатқаны, құшақтағаны қандай екен деп
ойлайтын болды. Киімшең еркекті жалаңаш түрінде көзіне елестеткісі
келді. Ол ойынан өзі ұялып, безейін десе де, безе алмады. «Япырым-ау,
мұным қалай? Ұят-ау? Шынымен бұзылып кеткенім бе?! Қатын
болғаным ба?!» деп таңданар еді. Əйел біткеннің бəрі осылай ойлай ма
екен? Жалғыз мен бе екем? деген сұрау келсе де, Ұрқиядан сұрауға
батылы бармаушы еді. Кім біледі, Ұрқия да бұзылған екен деп ойлар
деп, сақтанушы еді. Өйткені Ұрқияның көзінде əлі бала ғой; кеше ғана
қолында өсті ғой.
Күндерден күн асқан сайын, Ақбілектің күйеуін көксеуі толғақша
жиілене берді. Күйеуін ойламаса отыра алмайды. Ойлау тұрсын —
тілейді; тілеу тұрсын — ынтық болады. Үй оңаша болса, Ақбілек
керіліп-созылып, шалқасынан жатып, көзін жұмып, қиялына күйеуін
əкеледі. Күйеуін құшақтаса, сүйсе... сонда құмары тарқайтын тəрізді.
Енді Ұрқияны көрсе:
— Ана жақтан хабар жоқ па? Жасаған-ау, неге кешігіп жатыр?—
деп, серт байласқаннан жаман Бекболаттың келуін күтті.
— Хабар жоқ... кім біледі, о жақтағы елдің не деп жатқанын,— деп,
Ұрқия күдік сөйлесе де, Ақбілек ол ишараға түсінбей:
— Неге хабар бермейді екен?.. Неге кісіні əуре қылады екен?..
Қыздың күні де бар болсын!— деп, өз ойын сөйлей береді...
Бір күні апақ-сапақта Ұрқия келді. Шам жағудан гөрі ерте, алайда
үй жарық та емес. Ақбілек бұрыштағы кішкене кілемнің үстінде
жастық шынтақтап, жантайып жалғыз жатыр еді.


— Шырайлым-ау! Бейуақта неғып жатырсың; Шам жағатын уақ
болды ғой,— деп еді, Ақбілек енжарлана есінеп, еркелі, назды майда
үнін созып:
— Жа-ғы-лар,— деді.
— Шам қайда еді? Мен жағайын...
— Жеңеше, несіне асығасың, ерте ғой,— деп, Ақбілек еңсесін
бұраңдатты.
«Жақпағаныңды көремін!» дегендей, Ұрқия қасына таянып, қолын
созып:
— Мына қолымда не бар? Тапшы,— деді.
— Қолыңда ма? Құрт.
— Жоқ.
— Қант.
— Жоқ.
— Күміс.
— Жоқ.
— Енді не? Түрі қандай?
— Ақ.
— Ақ... Ақ... жұмсақ па, қатты ма?
— Онысын айтпаймын... Əйтеуір өзі тəтті нəрсе.
— Өзі — ақ, өзі — тəтті. Қант — тағы.
— Қант емес, бірақ не керек нəрсе.


— О немене, жеңеше?
— Бұл сондай қымбат нəрсе. Өмірдің бір қызығы осында.
— Ойпырым-ай! Бұ немене екен?! Мүдуар қылмай, айтшы,
жеңеше!
— Əуелі сенің бағың осында...
— Ой, алақай-ай! Хат екен ғой!
— Таптың, таптың... бермейін деп ем,— деп Ұрқия қалжыңдап,
тұмарша бүктелген кішкене қағазды алақанына басты.
Манадан бері шам жақпай, енжарланып жатқан Ақбілек дереу атып
тұрып, шам жағып, жерге қойды да, қағазды жеп қоятындай қадала
қалды.
Хаттағы сөз мынау:
«


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет