Операциядан кейінгі логопедиялық жұмыстың ерекшеліктері Уранопластика операциясынан кейін логопед сабақтарға алынатын ринолалисы бар балалар құрамы біркелкі емес. Ол операцияға дейінгі логопедиялық сабақтардағы дайындық , операция нәтижелеріне, сапасына байланысты. Операция нәтижелері әр түрлі болуы мүмкін. Жақсы дегенде уранопластикадан кейін жұмсақ таңдай толық қалпына келеді, яғни ол ұзын және қозғалғыш болады, сондықтан көтерілгенде жұтқыншақтың артқы қабырғасымен (Пассаван валигімен) түйіседі. Көп жағдайларда жұмсақ таңдай уранопластикадан кейін де, қысқа болып, жұтқыншақтың артқы қабырғасымен түйіспейді, соның нәтижесінде таңдай жұтқыншақ қақпағы толық жабылмайды. Кейбір жағдайларда операциядан кейін таңдайға терең жаралар (таңдайдың жетілмеген жерлері) қалады да, қайталап операция жасауға тура келеді.
Сабақтарға төмендегідей науқастар қабылданады:
а) операцияға дейін логопедиялық дайындықтан өтпеген;
ә) операцияға дейін біраз дайындықтан өтіп, сөйлеу тілі жақсарған;
б) басқа әдістемелер бойынша операцияға дейінгі логопедиялық сабақтар толық курсын өткен;
в) басқа әдістемелер бойынша операцияға дейін логопедиялық көмек көрсетілген.
Уранопластикадан кейін логопедиялық сабақтарға қатысу уақыты да, әр түрлі болуы мүмкін. Барлық осы факторлар ескерілгенде уранопластикадан кейінгі логопедиялық жұмыстың нақты жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Ең бірінші – операцияның нәтижелілігінің мәні. Біздің ойымызша жаңадан жасалған таңдай хирургті, науқасты да қанағаттандырса, қайталап операция жасау қажеті жоқ. Логопедиялық жұмыстың мүмкіндіктері шамалы ақаулықтардың орнын толықтыруға және қайталап операция жасамай-ақ баланы дұрыс сөйлеуге үйретуге мүмкіндік туғызады. Хирургиялық араласу нәтижесінде баланың дұрыс сөйлеуді меңгеруіне мүмкіндігі мол болады. Логопед баланың жаңа анатомиялық жағдайда сөйлеп үйренуіне көмектесуі керек. Барлық науқастарға (операцияға дейінгі дайындықтан өткен, өтпегеніне байланысты емес) уранопластикадан кейін логопедиялық сабақтар қажет. Себебі, операциядан кейін таңдай бұлшық еттер анатомиясы өзгеріп, сөйлеу тілінің сапасы операцияға дейін толық түзелген күннің өзінде қате көрінісін табуы мүмкін. Сабақтардың мөлшері, ұзақтығы мұндай жағдайларда оларды өткізу әдістемесі, қағидасы бірдей болғанымен өзгеріп тұрады. Операцияға дейінгі сабақтар ұсынылған әдістеме бойынша жүргізілсе, баланың операциядан кейін дұрыс сөйлеу мүмкіндігі толық туындайды. Ал, кейде жаңа жағдайларда дұрыс сөйлеуді меңгеруіне 5-6 сабақ жеткілікті болады. Ол үшін баланың дәптері бойынша барлық дауысты, дауыссыз дыбыстар артикуляциясы қайталанып; диафрагмальді тыныс алу және ауызбен дем шығаруды үнемі қадағалап отырып, күнделікті сөйлеуінде таза сөйлеу дағдысы бекітіледі. Басында сөйлеудің темпі бәсеңсиді; кейіннен біртіндеп қалыптасып, баланың назары сөйлеудің анықтылығына, мәнерлілігіне бағытталады. Басында баланың сөйлеуін үнемі логопед, кейін ата-аналар немесе мектепте және үйде баламен араласатын адамдар қадағалайды. Уақытында логопед балаға кеңес беріп отырады.
Сонымен, уранопластикадан кейінгі логопедиялық жұмыс операцияның жасалғанына және операциядан кейінгі жұмысты ескеру бойынша құрылады. Жұмыс әдістері науқастың сөйлеу тілі ерекшеліктеріне байланысты және психикалық статусын ескеріп қолданылады.