Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар: Жазу үрдісі мен оқудың психофизиологиялық құрылысы.
Дислексияның этиологиясы.
Дислексияның жіктелімі.
Дисграфияның негізгі белгілерін атаңыздар.
Дисграфияның жіктелімі.
Дисграфияның симптоматикасы.
Жазбаша сөйлеу тілінің бұзылуын түзету жұмысының негізгі бағыттары.
Ұсынылған әдебиеттер
1.Логопедия негіздері. 2017. Дүйсенбаев А.Қ., Балтымова М.Р
2.Логопедия. 2014. Өмірбекова Қ.Қ.
3.Дамуында түрлі ауыткулары бар балалардың сөйлеу тілі дамуының ерекшеліктері. 2014. Ибатова Г.Б.
4.Қазақстан Республикасында балаларға білім беру мекемелерінің әр түрлерінде логопедиялық жұмыстың ұйымдастырылуы және мазмұны. 2014. ИбатоваГ.Б., Оразаева Г.С.
5.Дамуында түрлі ауыткулары бар балалардың сөйлеу тілі дамуының ерекшеліктері. 2014. Ибатова Г.Б., Коржова Г.М.
6.Логопедиялық практиканы жүргізудің әдістемелік нұсқауы. 2014. Қ.Қ. Өмірбекова
Лекция 24. Жалпы сөйлеу тілінің дамымауы 1. Жалпы сөйлеу тілінің дамымауы сипаттама
2. Мектеп жасына дейінгі ЖСТД балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы.
3. ЖСТД балаларды тексеру
Жалпы сөйлеу тілінің дамымауы – есту қабілеті мен зияты әдеттегідей дамыған балалардың дыбыстық, мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілі жүйесінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуынан болатын әртүрлі күрделі тіл кемістіктері.
Жалпы сөйлеу тілінің дамымауын (ЖСТД) Ресейлік дефектология ғылыми зерттеу институтының Р. Е. Левина бастаған ғалым қызметкерлер (Н. А. Никашина, Г. А. Каше, Л. Ф. Спирова, Г. И. Жаренкова және т.б.) 50-60 жылдары мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тіл кемістіктерін жан-жақты зерттеулердің қорытындысының нәтижесінде ғылыми тұрғыдан негіздеді. Жалпы сөйлеу тілінің дамымауы алалия, афазия, ринолалия, дизартрия сияқты күрделі сөйлеу патологияларының түрлерінде байқалуы мүмкін.
Дыбыстарды айтуының бұзылуы, фонематикалық есту қабілетінің дамымауы, сөздік қоры мен грамматикалық сөйлем құрылымының артта қалуы жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың барлығына тән кемшілік.
Сөйлеу тілінің дамымауы әртүрлі деңгейде кездеседі. Алғашында Р. Е. Левина жалпы сөйлеу тілі дамымауын үш деңгейге бөледі. Кейіннен Т. Б. Филичева 4-деңгейді сипаттап қосады.
Жалпы сөйлеу тілі дамымауының бірінші деңгейінде тілдің мүлде қалыптаспауы байқалады. Ондайларды мылқау балалар дейді. Бұл деңгейдегі балалардың кісімен тілдескенде анық байқалатын тіл кемістіктері мынандай болып келеді: былдырлап сөйлейді, жеке дыбыстарға еліктейді, жекелеген зат есімдік сөздермен, күнделікті тұрмыста айтылып жүрген етістік сөздерді пайдаланады, сөйлемді былдырлап мүлде түсініксіз етіп үзіп-үзіп айтады, сөйлемде дыбыстар анық айтылмайды, әрі тұрақсыз, құбылмалы келеді. Олар айтайын деген ойын қолдарын ербеңдету арқылы ым-ишара қолданып, ымдап түсіндіруге тырысады. Сөйлеу тілінің бұндай кемістіктері зияты бұзылған балаларда да болуы мүмкін. Бірақ та сөйлеу тілі дамымаған есі дұрыс балаларды ақылына қарап-ақ сөйлеу тілі дамыған (олигофрен) зияты бұзылған балалардан оңай ажыратуға болады. Біріншіден, сөйлегенде пайдаланатын сөздік қорына қарағанда енжар сөздік қорының артықшылығы. Жалпы сөйлеу тілі дамымаған есі дұрыс балалардың зияты бұзылған балалардан өзгешелігі, ойларын тындаушысына жеткізу үшін дене мүшелерінің қимылын және мәнерлі ымды пайдаланады. Оларға өзінің сөйлеу тілінің кемшілігіне сын көзімен қарап, оны қалайда түзетуге тырысуы тән.