Өкпе тамырларындағы қанның ағысы Өкпеге қан тамырлардың үлкен және кіші шеңберлерінен келеді. Кіші шеңбер капиллярлары өкпе көпіршіктерінде тарамданып қалың тор құрады. Бұл капиллярларға оң қарыншадан басталатын өкпе артериялары көмір қышқылды газға бай веналық қан әкеледі, ал өкпе капиллярларынан шығатын оттегіне қаныққан артериялық қан 4 өкпе веналары арқылы сол жүрекшеге барып құйылады. Өкпеде газдардың алмасуына қажет көптеген жағдай бар. Оның бірі өкпедегі ауа мен капиллярлардағы қанды бөліп тұратын мембраналардың (альвеолалық эпителий мен капиллярлар эндотелиі) қалыңдығы 0,4 мкм. Мұндай жұқа мембрана газдардың диффузиясына онша кедергі жасамайды. Екінші бір көңіл аударатын жағдай екі өкпенің көпіршіктерін жазып жіберсе, оның ауданы 140 м2-дей орын алады. Осындай аудан арқылы капиллярдағы эритроциттер өкпедегі ауамен түйіседі. Үшінші жағдай - кіші шеңберден минутына 3-5 литрдей қан өтеді. Оның эритроциттері капиллярлардан 5 секунд арасында өтсе, 0,7 секундтай газдар алмасады. Өкпе капиллярларында қандағы СО2 өкпеге, ал өкпеден қанға О2 өтеді. Газдардың алмасуы кіші шеңбердің қантамырларындағы қан ағысының жылдамдығына байланысты. Қантамырларының үлкен шеңберінен қан өкпеге бронх артерияларынан келеді. Бұл тамырлардың капиллярларында өкпе мен қан арасында заттар алмасады. Бронх артериялары арқылы окпеге минутына қантамырларының кіші шеңберінен өтетін қан мөлшерінің 1-2%-тейі ғана келеді. Өкпенің қантамырларын жүлдыз тораптан шығатын симпатикалық жүйкелер, адреналин тарылтады, ал ацетилхолин тамырларды кеңейтеді.