ТЕРМИНОЛОГИЯНЫ ДАМЫТУҒА АРНАЙЫ ТЕТІК КЕРЕК «Қазақ терминологиясын дамыту үшін не істеу керек?» Біздің пайымымызша, ол үшін төмендегідей ұстанымдар ескерілгені жөн: термин – ғылыми нысан, бірақ жалпыға ортақ тұтыным сипаты бар лексикалық бірлік; термин дамыту мәселесі мемлекеттің араласу міндеті болып табылатын мемлекеттік тілді дамыту саласы, бірақ термин қалыптастыру – тілді қолдану үдерісіндегі қоғамның ортақ міндеті.
Аталмыш ұстанымдарды ескерсек, терминологияны дамыту құрылымы төмендегіше түрде өзінен өзі туындайды.
Біріншіден, қазақ терминологиясын дамыту тұжырымдамасы мен сәйкес нормативтік акт қажет.
Екіншіден, белгілі бір ғылыми кеңес, технологиялық ұжым немесе мемлекеттік мекеме мүдделі бола тұрып, нақты терминді қазақшалауға немесе неологемдік сұраныс жасайтындай алгоритм орнығуы керек.
Үшіншіден, белгілі бір терминді қазақшалауға немесе неологемдік ұсыныс жасауға сәйкес түрде салалық ғылыми кеңес, кафедра, технологиялық ұжым немесе мемлекеттік мекеменің, тіпті, жеке дара сарапшының қақы болуы тиіс.
Төртіншіден, мемлекеттік тараптан терминологияны дамытуға бағытталған, жаңа терминдер мен неологемдерді зерделейтін ғылыми терминологиялық зертхана болғаны жөн.
Бесіншіден, сұранысқа сәйкес түскен ұсыныстардың талқысы жариялық сипатта жүруі керек, ол үшін арнайы электрондық сөзжария (сайт, портал) лайықты құрал болар еді.
Алтыншыдан, Терминологиялық зертхана мен ғылыми кеңестердің талқысынан өтіп, сұрыпталған ақырғы терминдік бірліктер сәйкес министрлік (Білім және ғылым) құзырымен сынақтық мерзімге қолданысқа ұсынылғаны жөн.
Жетіншіден, сынақтық мерзімнен өткен терминдер үкіметтік терминологиялық комиссия қаулысымен бекуі тиіс. Осылайша құрылған терминологиялық ғылыми мемлекеттік көпшілік құрылым жалпы тіл тұтынушылары мойындайтын және баянды да дәйекті термин саласын дамытып қана қоймай, бұл саладағы ұшқарылық пен тоқырауды жояды деген сенім бар
Қошке Кемеңгерұлы АТАУ ТУРАЛЫ
Қазақ тілінде «ц» деген дыбыс жоқ. Бұл дыбысты ел қазағы бұрыннан бері «шы» не «с» деп айтады. «тс» демейді. (Шеркеу – церков, серік – цирк)
Қазақша: қоғам, қауым деген сөздeр, екеуі араб сөзі болған мен қазақтың қол тұумасы болып кеткен. Бұл екі атаудың латыннан араб тіліне аударылған аударылмағанын арабшылар айта берер. Аурыпа елдерінің жалпақ тілінің кедей екенін, не оқымыстылар өрескел латыншыл болып кеткенін бұжолы тексермей ақ, менің ойымша қазақ тіліне ежелден бергі бауыр басып сіңіп кеткен атауларды сыртқа теуіп тастамай: «каммунизм»-ды «қауымшылық», «сотсиализм»-ды «қоғамшылық» деу керек.