«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды,
қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады.
Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал
әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет
болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық
мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде
оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің
жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу
мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік
дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым
сақтағанымыз жөн», – деді Қазақстан Республикасының
Президенті.
Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің
өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте
заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген
көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ
халқының негізінде бірігуі арқылы XV-ғасырдың орта шенінде
құрылды. Қазақ хандығының құрылуына 1457-жылдан кейін
Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне
қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-
Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс
аударуы мұрындық болды.