ВЕСТНИК КазНПУ имени Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №3(58), 2018 г.
226
үйдің ортасына ағаш діңгек қоюына ықпал еткен. Киіз үйдің шаңырағы аспанды, керегелерінің
жұмыртқадай дөңгеленіп келуі Жер-Ананы бейнелеген. Шығыс Қазақстан өңірінде босана алмай
қиналған әйелді киіз үйдің діңгегін құшақтатып айналдырады, ал балалар діңгекті айналатын болса
ұрсып, жазалайды екен (Б. Қанарбаева, 2004). Қазақтардың заттық әлеміндегі құралдар, нәрселер және
т.б. нысаналар семиотикалық дәрежеге ие болады да, сакральды мәні арқылы әдет-ғұрыптар мен салт-
дәстүрлердің жүйесіне кіреді (А. Керімбаев, 2007). Қазақта «Бақан аттаған байымайды, балта басқан
жарымайды» деген мақал бар. Бақан әлем ағашының доминанты орнында көшпенділердің хан сайлау
(мемлекеттік салтанат) дәстүрінен бастап, отбасылық, жауынгерлік, мал ғұрпында да феномендік қызмет
атқарған. Ертеде отбасының ырыс-берекесі, құты бақанда тұрақтайды деген наным болған. Сондықтан
отбасылық және шаруашылыққа (әсіресе төрт түлікке) байланысты ғұрыптың шешуші сәттері бақанмен
атқарылады (А. Айтмұқашева, 2007).
Демек, қарағай текті жасыл ағаштар ертеде жолбақанның рөлін атқарған. Жолбақан (йол) – Көк пен
Жерді жалғаушы жол әрі Көк күмбезіне «тірелуші» ағаш, Наурыз кезіндегі ғаламдық кіндік нышаны (М.
Аджи, 1959). Әлем ағашы рәмізі ретінде найза немесе көптеген «бұтақ» шаншылып қойылған бағана
жүреді (В. Брагинский, 1988). Аңыздарда – бұл бағана (әлемдік ағаш) құрбандық жасау жолының мәнін
білдіреді. Құрбандық (құлпытас) бағана да, қорғаушы ағаш адам да (инау) құдайға құлшылық етуде
арадағы дәнекер болып табылады, сондықтан құлпытас пен инау иерархиялық жағынан өте жуық. Осы
тұрғыдан алғанда, құлпытастың батыс жақ қырында Алла мен Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарға арналған
құран сөздері және тайпа таңбасының міндетті түрде болуыныі өзі, С.Е. Әжіғалидің тұжырымы бойынша,
сол тайпа қайтыс болған ағайынымен бағана арқылы жаратушы тәңіріне құлшылығын исламдық
рәсіммен білдіргендігінің айғағы. Осыған орай қазақ құлпытасы мен ру таңбасы арасында (ат байлайтын
бағана /абақ, сірге/ - рудың, ошақтың рәмізі ретінде) семантикалық параллелизм байқалады (С.Е. Әжіғали,
2004). Сондықтан да шығар, ру-тайпа атрибуттарына таңба, ұран, жалау, құспен бірге ағаш та қатар
жатқызылады (М. Карамендина, 2008 ).
Әлем ағашы шамандардың дінінде де пайдаланылған. «Бақсы ағаш басына өрмелеп шығып Тәңірмен
тілдесе алады екен» дегенді С. Сейфуллин де айтқан (С. Сейфуллин, 1964). Қазақ фольклорисі Е.
Тұрсыновтың пікірінше: «Шамандық дін бойынша тірілер дүниесін өлілер дүниесімен және жоғарғы
әлеммен байланыстыратын екі жол бар. Бірі – әлем ағашы. Екінші жол – «бақсылар өзені» (Е. Тұрсынов,
2001). Бақсылардың өзені туралы ұғым «өлілер өзені» туралы түсінікпен және бақсылар ағашы туралы
ұғыммен байланысып жатыр. Сондықтан шаман-бақсылар көрермендердің көз алдында қара күш
иелерімен күресемін деп ағаш басына өрмелеген (Ә. Ақышев, 1954).
Шамандыққа дейінгі наным-сенім бойынша өлілер өзені – әулие талдардың басындағы ағып жатқан
бұлақ (Түркі фольклоры, 2001). Олай болса әулие ағаштардың басына барып сыйынған жандар, оның
бұтағына шүберек байлау арқылы, өз тілектері мен талаптарын о дүниедегі ата-бабаларына жолдайды,
сол арқылы өлілердің рухы мен тірілердің жаны о дүниеде табысады деп ойлаған. Көшпелі халықтың
мифологиясында осынау қасиетті Әлем Ағашын көбіне-көп ақиқат өмірдегі бәйтеректермен
байланыстырады. Мұндағы бәй, бай – алыптықты, құт-берекені білдіреді. Қазақтардың арша деп
жүргендері кәдімгі жаңа жылда құрылатын жасыл шыршасы (Б. Қанарбаева, 2004).
Жалпы, қазақ байтерек деп үлкен ормандардың ішінде ерекше үлкен бұтақтары мейлінше молынан
жайылған, тамырлары топырақтан шығып, адырайып-адырайып көрініп жататын көп жасаған ағаштарды
айтады. Осындай ағаштарды көргенде «Е, мынау орманның байтерегі екен ғой, ағаш атаулының бәрі осы
байтеректен тараған екен ғой» деп уәж айтады, сондықтан байтерек деген атау жеке дара өсіп тұрған
ағаштарға айтыла бермейді (Н. Мыңжани, 2017).
Аңыз бойынша Төле бидің бәйтерегі, шынары, ат байлайтын арша ағашы болған екен. Ел арасында
арша қасына пәле-жалаларды, қара күш иелерін жібермейді деген сенім бар. Жас нәресте ауырып
қалғанда оны арша салған суға шомылдырады, медицинада оның микроб өлтіретін қасиеті анықталған.
Шарбақ ГЭС-тің жанындағы алып шынар ағашты кезінде біз 1990 ж. Төле бидің шынар ағашы туралы
аңызбен байланыстырып дәлелдегенбіз (А. Тоқтабай, 2003), оның бер жағында Төленің осы әулиелі орта
ағашы - шынар ағашын әзір тани алмайсың, ағашты қоршай «Чинар» деп аталатын ресторан кешені
түскен.
Түркі тілдес халықтарда «Ертеден де ерте заманда, түйенің құйрығы жер сызғанда, ешкінің мүйізі көк
тірегенде» деп келетін аңыз ертегілері бар. Мифологиялық ұғымдардағы нәрсенің тегін белгілеуді тура
мағынасында қабылдамай, оны символдық (рәміздік) меңзеу деп қана түсініп, оның астарындағы сырлы
мағынасына үңілуді қажет етеді (А. Мейірманов, 2014). Мал шаруашылығымен ертеден айналысқан қазақ
халқы төрт түлік малдың жаратылыс тегін төрт стихиямен байланыстырады (М. Карамендина, 2006).
|