Тарихнама
Көктерек, Қарағашты, Жыландыата әулиелері басқа республиканың территориясында болғандықтан
мүлдем зерттелмеген. Негізгі деректер 2018 ж Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының экспедициясы Өзбекстанға арнайы барып, зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ел аузынан
жинады. Көне наным-сенімдер туралы ауызша деректер Ш. Уәлиханов, Л.Я. Штернберг, Т.П. Снесарев,
С.С. Сейфуллин, Б. Қанарбаева т.б. зерттеушілердің еңбектерімен салыстырыла зерттелді.
Методология
Алдымен киелі жерлер туралы аңыз-ертегілер, әфсаналар, ел аузындағы ауызша тарихы мұқият жазып
алынды. Ескерткіштің өзі, маңындағы жерлер, қоршаған орта фотоға түсірілді. Ауызша тарихтың
мәліметтері бұрын-соңды осыған ұқсас әулие-әнбиелер туралы жазба, деректермен, арнайы
зерттеулермен шендестіріле зерттелді.
Негізгі бөлім
Ташкент қаласынан 60 км Сүрен ата деген тау аңғарындағы халық көп баратын киелі жердің бірі -
Көктерек әулиенің қабірі. Арнайы іссапармен барған бағытымыз бойынша ат басын сол бір киелі жерге
де тіреген едік.
Көктерек әулие қабірі - тал, терек, бұта-қараған көп өскен ит тұмсығы өтпейтін сайдың ішіндегі
алаңқайға орналасыпты. Машиналарды тау етегінде қалдырып, тағы екі-үш машина тұр екен, соқпақ
жолмен жүріп отырып әулиеге жеттік. Автокөлік жүретін жол салуға болады екен, бірақ халық арнайы
жол салдырмапты. Алаңқайдың ортасында екі үлкен кәрі терек тұр, ақпарат берушілердің айтуынша,
жасы 100 жылдан асады. Ата-бабаларымыздың көне нанымына сенетін болсақ, «қабірінің басынан ағаш
өсіп шықса, ол адам қасиетті болып саналады екен» (Р. Мустафина, 1992). Алаңқайға қарай кіреберісте
Ақмама деген елге қадірлі, қасиетті адамның қабірі, үстіне төртбұрышты күмбез орнатылыпты. Екі кәрі
теректің айналасында мал соятын, ас әзірлейтін, зиярат етушілер дем алатын орындықтар, тапшандар,
сәкілер орналасқан. Әулиенің шырақшысы Пернегүл Бабатаеваның атасы мен әкесі – Нәзір – Бабатай
екеуі де шырақшы болған, енді баласы Иманәлі шырақшы болуға дайындалып жүр. Пернегүлдің айтуы
бойынша әулие ағашты алуға болмайды, егер де біреу-міреу ағашты кесіп, сындырып алса, ол адамның
жолы болмайды, бақытсыз болады. Соғыс жылдары колхоздың бастығы бірнеше жұмысшы әкеп,
жұмысшылар ағашты кесуге бата алмай тұрғанда: - Ағашты кесіңдер,- деп әмір беріпті. Жұмысшы
балтасын терекке ұрғанда, ағаштан қан шығыпты,- дейді, кейін бастық айықпас дертке жолығыпты. Бұдан
біз көнеден келе жатқан әулие ағаштарға табыну ғұрпын байқаймыз (Б. Қанарбаева, 2004). Осыдан
ертедегі ата-бабаларымыздың ағаштың да адам тәрізді жаны бар, кескен кезде бойынан қан ағады деген
сеніміне көз жеткіземіз.
Көктерек әулиеден әрірек жылғаны өрлеп тауға шығарда бұлақ бар, бұлақтың басында бұтақтары
арса-арса, қиқы-шойқы кәрі терек өсіп тұр, бұтақтарына ақ байлапты. Бұл жерге әркім не тілесе содан бір
зат қалдырады екен. Ақша-тиындардан бастап, әртүрлі әшекейлер, бұраушы (отвертка) машинаның рулі
т.с.с. заттар толып жатыр. Машинаның рулі, бұрағыш неге тұр десек, машина сатып алғандар бұл жерге
келіп, «көлігіміз ұзаққа шыдасын, жүрісті болсын»,-деп тастап кетеді екен. Біз өз тарапымыздан әулиеге
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №3(58), 2018 ж.
225
ақ байлауға, болмаса тиын-тебен садақа қалдырумен қатар мәшиненің бөлшектерін қалдыруға жол
бермеңдер,-деп түсіндерген болдық. Себебі оның түпкі негізі – адам ағаштан жаралған деген мифтік
сенімнен шыққан, оның мәнісі алғашқы дәуір адамдарының ағашты паналап, жемісімен күн көруінен
басталған (П. Ефименко, 1953). Ертеде адам өлгенмен де оның жаны (аруағы) өмір ағашымен бірігіп өмір
сүріп жатыр деген ұғым болған, сондықтан әулие ағаштардың басына түнеген, мал сойып құрбандық
шалған, бойларындағы кеселдерден құтылу үшін түрлі тілектер тілеген (Б. Қанарбаева, 2004). Ол кейін де
жалғасып отырған, бірақ әуелгі сенім уақыт өте көнереді. С. Сейфуллиннің пікірінше: «Ислам діні
тараған соң, ескі діннің нанымы екінші түрге айналған»(С. Сейфуллин, 1964). Енді о дүниеде де осындай
ағаштың саясында жатсын деген түсінікпен қайтыс болған адамдардың басына ағаш егетін болған. XVIII
ғасырдың бірінші жартысында Әбілқайыр ханның қабірінің басына да ағаш еккен екен. Кейін ол адамдар
басына барып түнейтін киелі орындарға, ауыл-аймаққа жас келін келіп түскенде сол төңіректегі әулие
ағаштардың басына ертіп апарып, бұлаққа теңге тастатып, ағаштарға ақ шүберек байлататын дәстүр
қалыптасады. Сөйтіп, ата-бабаң осы жерден су ішкен, толғатқанда сені демеп отырады деп келіннің күпті
көңілін орнықтырған (Б. Қанарбаева, 2004).
Жоғары Шыршық ауданы Бесбала ауылында ежелгі әрі киелі бір әулие жерленген зират жер бар екен.
Бұл зираттың пайда болу тарихына, ол туралы аңызға құлақ бұрып, назар аударатын болсақ, Еңке қаңлы
жұрты енді жаңа қонысқа қонған кез екен. Жаңа ауыл атанып, елді осы шөбі шүйгін жерге ертіп келген,
жаңа туын тігіп, ел атанғанда, бес ержігіт бала елге басшылық етіп жұртты артынан ертіп алып келеді.
Сөйтіп елдің, ауылдың аты «Бесбала» атанып кеткен деседі. Енді сол Бесбала ауылындағы Қарағаш
әулиеге тоқталар болсақ, қазір ауылдағы мазардың ортасында бір төбешік дөңкейіп көрініп тұрады. Ауыл
тұрғындарының айтуынша, бұл төбешікке бес бала жерленген деген сөзді естідік. Ежелде Бесбала елі
жайласқан ауылдың жанынан жасы сексенге таяп қалған әулие – кеселдерді дауалайтын, сырқаты бар
аурулардың дауасын табатын киелі Танта баба тұлпарына отырып, Меккеге аттанып бара жатып, ауыл
жағасындағы үлкен қарағаштың түбіне шаршап барып, демалайын деп отырып сол жерде жан береді.
Ауылдың тұрғындары Танта бабаны сол жердегі бес ағайынды жатқан жердің жанына жерлейді. Содан
бері осы алты адам жатқан ел киелі әулие атанады. Ауылдағы көреген шалдардың айтуынша, «Ежелде
ауылдың алып батырлары, көкпаршылары, көкпарға аттанар кезінде әулиеге барып сыйынып келеді екен,
әулиенің киелілігі соншалық, көкпаршылар әулиеге бір шақырым қалғанда аттарынан түсіп, жаяу әулиеге
кіріп келеді екен. Бұл әулиеге алыс-алыстардан адамдар зиярат етуге келеді, талай сырқаттанған ауру
адамдар сырқатына дауа тауып, түзеліп кеткенін есітіп, тағы да бұл киелі жерге келетін адамдардың саны
жылдан-жылға асып келуде. Қазіргі әулиенің көрінісі, төбешікте әулиелердің мейіті жанында екі қарағаш
жайқалып өсіп тұр. Сыйынуға не зиратқа келген адамдар сол қарағаш ағашының бұтақтарына ниет етіп,
қызыл, ақ шүберек орап, төбешіктің түбіне шам жағып, үш рет сыпырғымен сыпырып айналып шығады.
Ақ ниетпен келген адамның әрине ниеті қабыл болады екен.
Табиғаты ерекше әсем, жер жанаты, сулы-нулы Бостандық ауданында және бұл ауданда ғана емес
Шыршықтың бойында, жалпы Ташкент атырабында – ағаштың культі ерекше. Бұл елде терек үшке
бөлінеді,- деді Нұрбай Тұрсынбаев: 1. Мырза терек. 2. Бақа терек. 3. Көк терек. Елде мынадай қызық
әңгіме бар: «Суға ағып бара жатқан ағаш ұстасы, жағада тұрған адамнан көмек сұрайды. – Сен кімсің?-
десе, мен ағаш ұстасы – Пәленмін,- дейді. Жағада тұрған: Үйімнің төбесін жауып бер,- дейді. Суға ағып
бара жатқан: Ағашың неден? – Ағашым бақа теректен. – Онда мен үйіңді жаба алмаймын,- деп суға ағып
кете барыпты». Сөйтсе құрылысқа ең жақсысы мырза терек, «бақа теректен балтаң сынады»,- деп бекер
айтылмаса керек.
Көктерек, Қарағашты әулиелерге байланысты барлық әңгімелерді біз тәптіштеп жазып отырған
себебіміз: әрбір әулиенің басына барғанда ауызша деректерді молынан алуға тырыстық. Өкінішке орай,
кейбір әулиелі жерлердің киелі тарихы (сакральная история) жұтаң, мүлде жоқ, ертеде болғаны есте
сақталмаған болып шықты.
Жалпы «әулие» талдар мен «әулие» ағаштарға табыну ғұрпының негізінде көне космогониялық
сенімдер жатыр, себебі біз жердің жемісін жеп, ырыздығымызды айырамыз. Есесіне ол біздің тәнімізді
қойнына жасырады, денемізді азық етеді. Көне түркі пайымдауынша: «Түбінде бәрімізді осы топырақ
жер, қорек қылар. Тек жанымыз ғана Көк Тәңіріне ұшып кетпек»,- деген қисынмен Жер атанған (Т.
Жұртбаев, 1994).
Көне космогониялық сенім бойынша әлем ағашы Жер мен көкті байланыстыратын дәнекер. Қазақтың
ұраны – Алаш болса, керегесі – ағаш. Ағаштан жасалатын киіз үйді – аспан әлемінің кішірейтілген
бейнесі деп пайымдауға болады. Ағаштарды әулие дейтініміздің сыры – шаңырақтың қасиеттілігінде.
Халқымыздың космогониялық ұғымындағы ағаштардың әлемге тіреу екендігі туралы сенімдері киіз
|