ВЕСТНИК КазНПУ имени Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №3(58), 2018 г.
42
құрылымы, өңірдің табиғи климаттық жағдайы, сонымен әлеуметтік-саяси тарихы, этнографиясы, т.б.
жайлы құнды деректер келтіріледі [7].
Ресей империясы қазақ даласына одан әрі ішкерілей еніп, жергілікті халықты өзіне қарату және Орта
Азия хандықтарының шекарасына орыс әскерін жақындату мақсатында Ресей Сырдарияның төменгі
ағысының бойына әскери бекіністер сала бастады. 1847 жылы Райым бекінісі, 1848 жылы Қазалы форты
салынды. Жаңа бекіністердің салынуы орыс әскерлеріне біртіндеп Сырдарияны бойлап жоғары жылжуға
және қоқандықтардың қол астындағы ірі бекіністерінің бірі Ақмешітке жақындай түсті. Мұндай әскери
бекіністер салу арқылы империялық билік қазақ даласын геологиялық-географиялық тұрғыдан да кеңінен
зерттеуге де жағдай жасап, түрлі бағытта экспедициялар ұйымдастырып жіберуге де мүмкіндіктер алды.
Сондай экспедициялардың бірі 1848-1849 жылдары А.Н.Бутаковтың басшылығымен келген экспедиция
болатын. Ол экспедиция Арал теңізін зерттеп, оның картасын жасады [8].
ХІХ ғасырдың алғашқы кезеңінде геологиялық-географиялық мәліметтер саудагерлерден, елшілік
миссиялардан, саяхатшы ғалымдардан, әскери чиновниктерден де жинақталып отырды. Ондай
мәліметтер Қазақстанның әр өңірінен біртіндеп жинақталып отырған еді. ХІХ ғасырдың бірінші
жартысында Ресеймен айырбас сауда қатынасы дамыды. Сауданың негізгі тіректері Орынбор, Троицк,
Петропавловск бекінісі, Омбы, Семей және Орал болды. Ішке нарыққа тауар әкелу сыртқа тауар
шығарудан басым болды. Сыртқа тауар ретінде мал және мал өнімдері шығарылды. Кейіннен біртіндеп
ішкі сауда дами бастады, бірақ ол негізінен айырбас түрінде ғана жүрді. Қазақ даласында ақша-тауар
қатынасының дамуы барысында жаңа әлеуметтік топ кедей-батрақтар пайда бола бастады. Қазақтардың
бір бөлігі Ресеймен шектесетін шеп бойындағы ауқатты тұрғындарға жалданып түрлі жұмыстар істеуге
кірісті. Ал аздаған бөлігі ғана тау-кен өндірістерінде (Баянауыл таскөмір өндіру, Қарқаралы қорғасын,
т.б.) жұмыс істеді.
ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары Қазақстанды геологиялық-географиялық тұрғыдан зерттеумен қатар,
оның қазба байлықтарын игеру де қолға алынады. Бұл бағытта Қазақстанда тау-кен өндірі ісі және кен-
зауыт өнеркәсібі саласы дами бастаған еді. Тау-кен өнеркәсібі Алтай өлкесі мен Орталық Қазақстанда
дамыды. Онда алтын, күміс, мыс, т.б. түсті метелдар мен көмір өндіру ісі тарала бастады. Ондай кен
орындарын империялық билік жеке орыс көпестеріне игеруге беріп қойған еді. Мысалы, архив
деректерінде құрметті азамат, кеңесші деп көрсетілетін көпес Степан Поповтың аты жиі кездеседі. Ол
1834 жылғы Қарқаралы Сыртқы Округінде Құнақ-Қара, Жұмағұл деген жерден күміс, Қарашеке жерінен
мыс, Жылғалаң-Барқыттам деген жерден мыс, Тоң жерінен мыс, Құмадыр мыс, темір рудаларын игере
бастаған [9, 1-4 пп.]. Осы Степан Поповтың балалары Николай және Александр 1851 жылы қараша
айының үшінде Семейлік мещан Василий Барановтың 1834 жылы 21 тамызда Қарқаралы Сыртқы Округі
Қара-Айтымбет болыстығына қарасты Жарлы өзенінің солтүстік ағысының бойындағы Тай деген
жерінен тапқан мыс кен орнын болыс басқарушы Измаилхан Таукин мен Жұман Құдабаев деген
қазақтың және Барнаулдық мещанин Николай Копыловтың куәландырумен сатып алады [9, 5-6 пп.].
Орыс көпестері қазақтардың иелігіндегі пайдалы қазба байлығы бар жерлерді түрлі жолдармен
өздеріне алып, оны қалағанынша игеріп және емін-еркін пайдасын көріп отырған. Келесі бір архив
құжаттарындағы мынадай деректер бар. Тобылдық мещан Саватин Тачимов Баянауыл Сыртқа округінің
биі, порудчик Боштай Тұрғымбаев қарасты Талдыгүл деген жерден көмір кенін табады. Табылған көмір
кен орнын 1938 жылы 14 маусымда Боштай Тұрғымбаевтан бес жүз рубльге сатып алып және алдағы
уақытта оны еркін пайдалану мүмкіндігін алады. Осы жылдың 18 қарашасында жасалған келісім шартта
Саватин Тачимов би Боштай Тұрғымбаевтың куәландыруымен бұл көмір кенін кеңесші, семейлік
құрметті азамат Степан Поповқа береді [10, 1-12 пп.].
Қарқаралы Сыртқы Округінің приказчигі, тобылдық мещан Саватин Тачимов 1934 жылдың 5
мамырында Шыңғыс тауының маңындағы Шаған немесе Қуқамшы деп аталатын өзен бойының Бала-
Ауым деген жерінен темір кен орындарын, сонымен қатар Биік-Қара жотасының маңындағы Шүмей
деген жерден мыс кенін ашады.
1840 жылы 13 маусымда Қарқаралы Сыртқы Округінің бұрынғы қызметкері, сыналаушы (пробирщик)
Иван Штейн Қарақаралының маңындағы Қара-Берке деген жотадан кен орнын ашады, оны Округтің
приказщигі, Том мещаны Иван Решетников тіркеген. Кен орнының табылғаны жөнінде ол Степан
Поповқа сенімхат береді, ол өз кезегінде оны игеруге кіріседі [11, 3 п.].
Степан Попов 1842 жылы қаңтар айының 4-інде Сыртқы Округке қарасты Қамбар болыстығының
болысы Жаныбек Қошқаровпен және оның бір топ адамдарының қатысуымен өзара келісім жасап,
құрамында алтын және басқа қазба байлықтар кездесетін кен орындарын өзіне және кейін оның
ұрпақтарына игеруге болатындай құқық алады [12, 4 п.].
|