“КЕҢістік” концепті немесе



бет4/5
Дата29.12.2023
өлшемі77,5 Kb.
#144640
1   2   3   4   5
Байланысты:
Кеңістік-ст. Салкынбай

Қанша қызық көрсе де пенде тоймас – деп бүкіл адам баласының тіршілігін бір­ақ ауыз сөзбен қамтып, оның қызығын нақтылап, философиялық тұжырым жасайды. Уақыттың бұлайша қабылдануы шындық болмысты бағалаудың бір көркемдік жолы, автор бейнесінің уақыт келешегін өзіндік қабылдауы. Тумақ, өлмек, қартаймақ синтагмаларының ­мақ, ­мек қимыл есімімен келуі арқылы автор сөз мағынасындағы лексикалық семаны семантикалық басқы өріске шығарып, етістік тұлғаларындағы шақтық семаны шеткей өрісте қалдырады. Сөйтіп грамматикалық тұлғалар арқылы берілетін шақтың (келер шақ, осы шақ, өткен шақ) орнын автор үшін маңызды деп танылған лексикалық бірліктердің мағынасы мен мәні басады.
Дүниенің мәнін түсіндіру үшін, уақыт категориясын алға тартып, осылайша белгілі бір композициялық тәсіл қолдану арқылы уақыт дергейінде болатын құбылыс екенін де мойындатады. Мұндай кеңістік пен уақыттың байланысы арқылы өмірдің мәнін түсіндіру әрекеттің сенімділігі мен болашақтың шешімін танытады:
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Байқасақ, бұл – көркемдік шешім, әрі болмыстық заңдылықта қабылданған кесім. Уақыт категориясы көркем мәтінде екі жақты көрініс тапқан: уақыт – баяндау; уақыт – оқиға. Белгілі бір кеңістікте (дүниеде) белгілі уақыт аралығында оқиға болады, ол оқиға уақыт бойында кеңістікте баяндалады. Өлеңде қатысып отырған нақты кейіпкер болмағанмен, етістік тұлғаларының қолданысы негізінде ой өзінің кейіпкерін де, оқушысын та тауып отырады. Жіктік жалғауының екінші жағын (қамдан, сақтан, қағып бақ, ойласаңшы), жіктеу есімдігін (сен), тәуелдік жалғауын (жүргің, дауың, сөзің) қолдану арқылы автор айтар ойын тыңдаушыға нақты арнап, анық жеткізеді. Яғни автордың сыр сөзі “тисе терекке, тимесе бұтаққа” болып, белгісіз үшінші жаққа арналмайды, нақты “саған” бағытталады:
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
Өмір –қу, дүние – алдамшы” дегеніңмен?
Баяндаушы­автор өткен білімшілердің сөзін тыңдай отырып, соған ұйып, ақыры ойлану үстінде жаңаша байламға келеді. Осы баяндау арқылы автрлық тұжырымды байлам байқатпай, аяңдап келіп, қазіргі санаға бағытталады. Қазіргі санаға әсер етуді көздейді. “Бейнет көрме, біреуге бейнет берме” – деп әлмисақтан келе жатқан халықтық таныммен астасатын тағылым ұсынады. Оқиға суреті өткеннен оралып, көз алдымызға осы сәтті орнатады, уақыт бір мезет сіздің көз алдыңызда тоқтағандай. Бәрі сенің қолыңда, дейді автор. Сіз сенесіз.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.
Болатын нәрсеге ұмтылып, болмайтынға қанағат қылу – қиын іс пе? Кеңістік пен уақыт аралығында күрделі, бірақ көзге көрінбейтін байланыс орнайды. Автор өткен мен бүгінді байланыстырып, ондағы әртүрлі танымдық тағылымды Сіздің қолыңызға шындықтың кілтіндей ұстатады. Көркемдік кеңістік автор қиялының тереңдігінен өзгеріске түсіп отырады да, орын мен уақытты ауыстыру арқылы шағын мәнді әрекеттен ауқымды, ірі танымдық мәселелерді алып шығады.
Өмір емес, алдаған өзіңді­өзің,
Пәленшекем айтты деп қалма, сеніп, – деп өз ойыңның биік болуын көздейді.
Сөйтіп, кеңістік концептінің көркем бейнелілігі арқылы ақынның дүние болмысын тану моделін, үлгісін танимыз.
Ақынның “Әлемді түгел мен көріп” атты тамаша өлеңі бар. Кеңістікті сезіну тұрғысынан бұл өлең жалпы мен жекенің арасындағы қатынасты көрсетуде ерекше үлгіні танытады. Авторлық бейненің жан дүниесі, ішкі сезімі, арманы, түпкі мақсаты мына тіршіліктің қаракөлеңке тұстарын бағалауы арқылы көрініс тауып, рухани алыс пен жақынның таңдауын өз оқырманының ойлауына тастайды.
Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,
Зияным жанға тимесе, – бұл осы мәтіндегі айтылар ойдың бастапқы да, кейінгі де басты тұжырымдамасы (концепциясы). Бұдан әрі ақын қазіргі шын өмірге жанасады, оның бет пердесін ашып, кейіпкерді өзімен бірге ала жүреді. Күйбең тіршіліктің құлына айналған пенделіктің қарабайыр тірлігі көз алдыңыздан бірте­бірте өте бастайды. Автор бейнесі заман шындығының жанына келіп, “залымы момынды жеңген”, “партия болып таласып” итше ырылдасқан, бір­бірімен ауыз жаласып, дүние жинағандардың “жынды” дүниесінің нағыз өзімен танысады, таныстырады. Өмірін түзеттім деп бұзып жүрген, иманын қиянатқа жеңгізіп, арамнан дүние жиып, жалғанды шынға балап, аласаны биік санап жүргендердің жанынан жанаса өтеді, бірақ өзі білінбейді, көрінгісі келмейді ...
Көркем мәтінде кеңістік ұғымы ерекше өзгеріске түседі де, болмыстағы әртүрлі әрекетке авторлық бейне сырттай қатыссыз бақылау жасайды. Бұл әрекеттердің өту үлгісі мен моделі ­са, ­се шартты рай тұлғасы арқылы таңбаланады. Шартты рай тұлғасының функционалдық қызметі артып, бірнеше мағыналық парадигмада көрінеді. Лебіз мақсатына сай модальділік мән орнығып, әртүрлі жағдаят анықталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет