Шетелдік тәжірибелерге келетін болсақ,мысалы, Жапон елінде қазіргі уақытта профилактикалық бағыттағы әртүрлі қоғамдық қозғалыстардың тармақталған желілері жұмыс істейді. Олардың ішінде ең белгілісі – Қылмысты ескерту ассоциациясы. Барлық жерлерде полицияның мектептермен және өнеркәсіп корпорацияларымен байланысы жөніндегі комитеттер жұмыс істейді. Осындай алдын алу шараларының нәтижесінде Жапонияда «түрмеде отырғандар» көрсеткіші 100 тұрғынға 50 тұтқыннан, бұл әлемдегі ең төмен көрсеткіш екендігі белгілі.
Тағы бір атап өтетін жай, жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шеңберінде мектеп және жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалардың маңызы қызығушылық тудыруда.
Мысалы, Батыс Еуропаның барлық оқу орындарында, бастауыш мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейін, полицейлердің қатысуымен қолданбалы виктимология бойынша дәрістер өткізіледі, оның нәтижелері бойынша ниет білдірушілер өзін-өзі қорғау тәсілдерін игеру және экстремалдық жағдайларда оңтайлы мінез-құлық дағдыларын үйрену мақсатында арнайы тренингтерден өтуге мүмкіншілік алады [4] . Осындай бағдарламалар әртүрлі санаттағы оқушылардың әлеуметке қарсы мінез-құлқының тәуекел факторлары санын төмендетуге бағытталған. Бұл бағдарламаларда, ең бастысы, оқушылар, ата-аналар мен жергілікті органдар арасында өзара тығыз байланысты орнату. Сонымен қатар онда оқу орны қабырғасында оқушылардың теріс мінез-құлқын (оның ішінде алкогольді, марихуананы тұтыну, темекі шегу) барынша төмендету және оқу қызметіне назар аудару көзделеді.
Жоғарыда айтылғандай, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауының себептеріне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның, прокурорлық қадағалау, полиция, сот-тергеу органдарының қызметін жетілдіру шаралары көзделіп, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алудың тиімділігін арттыру үшін барлық құқық қорғау, мемлекетік басқару органдарының, балалар мен жасөспірімдер мәселелерімен айналысатын жастар және қоғамдық ұйымдардың өзара ықпалдасуын, қызметтерін үйлестіру жөнінде кешенді шараларды әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Балалар мен жасөспірімдердің заң сыйлаушылық мінез-құлқын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ІІМ-нің бастамасымен жедел-профилактикалық іс-шаралар және ақциялар өткізуді ұлғайту және әртүрлі ұлт жастарының арасында болып жатқан және әлеуметтік қақтығыстардың катализаторы болуы мүмкін криминалдық оқиғаларды алдын алуды және қатаң қадағалауды жұмылдыруы қажет.