Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс Жоспар; 1. Көтерілістің себептері, мақсаты және қозғаушы күштері 2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт.азаттық қозғалысының басталуы 3. Қарулы күрестің күшейген кезеңі және оның жеңілуі 4. Көтерілістің жеңілу себептері
1. Көтерілістің себептері, мақсаты және қозғаушы күштері XIX ғасырдың 20 — 30-жылдарында отаршыл өкімет билігі мен қазақ халқының арасындағы қарым-қатынас елеулі түрде шиеленісе түсті. Біріншіден, Кіші жүз бен Орта жүздеі хан билігінің жойылуы сұлтандардың, билердің және батырлардың едәуір бөлігінің наразылығын туғызды. Екіншіден, патша үкіметі қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу үшін жаппай тартып ала бастады. Үшіншіден, бұрын Ресейге ешқандай алым-салық төлеп көрмеген қазақтарға ендігі жерде жасақ, түтін салығы, жол салығы сияқты алым-салық түрлері көбейе түсті, қазақ өз жерін өзі жалға алып, пайдаланатын күй кеше бастады. Төртіншіден, патша үкіметінің әскери отрядтары қазақ ауылдарына шабуыл жасап, күн көрсетпеді. Осының бәрі байырғы жергілікті халықты (номадтарды) қатты күйзеліске ұшыратты, олардың күн көрісін қиындатып жіберді.
Көтерілістің басты мақсаты қазақтардың патша үкіметі тартып алған ежелгі жерлерін өздеріне қайтарып алу, округтерді тарату, отаршылар енгізген алым-салықтарды жою еді.
Көтерілістің қозғаушы күші қатардағы қарапайым көшпелілер, сондай-ақ старшындар мен би, батырлар, тіпті сұлтандар да болды. Көтерісшілердің қалың қолына үш жүзді атақты батырлары жетекшілік етті.
Көтеріліске қатысушылар негізінен қазақ халқы еді. Бірақ олардың арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, тіпті поляктар және басқа халық өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Мәселен, Кенесарының өзінің хатшысы бұрынғы орыс солдаты болды. Наурызбай сұлтанның атқосшысы да Николай Губин есімді орыс еді. Татар Әлім Ягудин Әскери кеңестің мүшесі болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан өзбеқ Сейдаққожа Оспанов басшылық етті". Бұлардың бәрі де Кенесарыға жақсы ұйымдастырылған тәртіпті әскер құруына көмектесті және көтерілісшілерге өздерінің жеке тәжірибелерін үйретті
1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс басталды. Ол Қазақстандағы ірі көтерілістердің бірі еді. Оған үш жүздің қазақтары түгел қатысты. Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін жалғастырып, алға алып барушы ретінде шықты.
Сұлтан Кенесары 1802 жылы дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның бел баласы, Абылай ханның туған немересі еді. Көтерілістің болашақ басшысы Кенесары бала кезінен-ақ ат құлағында ойнады, құралайды көзге атқан мерген болды. Қанжығасы қанды ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ерік-жігері, қажымас қайратымен және жүрек жұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын. XIX ғасырдың орта кезіндегі орыс зерттеушілерінің бірі Л. Майер «Кенесарыға көзсіз ерлік тән еді» деп жазды.
Замандастарының сипаттауына қарағанда, ол ашық жүзді, орта бойлы және жауырыны қақпақтай төртпақ тұлғалы болған. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өзін-өзі аса байсалды ұстай білетін. Әңгімелескен адамының пікіріне әрқашан мұқият назар аударатын. Қонақжай қасиеті ерекше күшті еді. Әкесімен және ағаларымен бірге жүрген кездерінде олардан қолбасылық тәжірибесін едәуір үйреніп алған болатын.
2. . Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт.азаттық қозғалысының басталуы Көтеріліс Кенесарының патш үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.
Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқожа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады.
Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.
Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы 1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді. Патша үкіметі бұл жайсыз хабарды өте өкініш сезімімен естіп-білді. Ендігі жерде Кенесары бастаған көтеріліс ұйымдасқан сипат ала бастады. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган - өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары - жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл күйін де қадағалады. Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды.
3. Қарулы күрестің күшейген кезеңі және оның жеңілуі Таныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойған болатын. Соңғы шайқас қарсаңында өткізілген әскери кеңесте Кенесары ханның серіктері қоршауды бұзып өтіп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бірақ хан ол ұсыныстан біржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзі қашып құтылуды ар санады.
Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары 30-дан астам сұлтанымен және аз ғана сарбазымен күші басым қарсыласымен ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптарының бас қосқан жиынында қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлім жазасына кесу ұйғарылды. Тұтқындағы хан манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады.
Кенесары мен оның інісі Наурызбай Қасымұлы осылай қаза тапты. Ресей зерттеушісі Л.Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітте болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімі серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандарымен бірге тұтқынға алынды және азапты ауыр жазаның салдарынан қаза тапты».
Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрі де патша үкіметінің наградаларымен марапатталды. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы (1812-1871) «Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды.
Әкесі Кенесарының бастаған ісін оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берілген батырлар жалғастырды. Ханның қазасы үшін кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бірнеше рет әскери жорық жасады.
Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі осылайша жеңіліс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдің жақсы қаруланған әрі күшті әзірліктен өткен тұрақты әскеріне қарсы тұра алмады. Оның үстіне, Кенесары бірнеше бағытта — патша үкіметіне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Мұның өзі оның негізгі күштерін едәуір шашыратты. Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбірлік болмады.
Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының патша үкіметіне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бірі болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды.
Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді.
Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Оған патша үкіметі әкімшілігінің өкілдері де құрметтеп қарады, ресейлік ғалымдар Кенесарыны «бүлікшіл сұлтан», «Қырғыз даласының Митридаты» деп атап, оның іс-әрекеттеріне жағымды баға берді.
Кенесары Қасымұлының өмірі мен қызмеі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Қазақтың жүрек жұтқан батыр перзенттерінің бірнеше ұрпағы мен XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері одан үлгі алып өсті. Кенесары Қасымұлының Астана қаласында тамаша ескерткіші, оның есімімен аталатын үлкен көше бар.
Кенесары қазақ халқын бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары көтерілісі табысқа жетпесе де, оның ұлы істері халық есінде мәңгі сақталады.