Қаймақ – басқа сүт қышқылды өнімдер ішінде калориялығы жоғары өнім. Қаймақта сүтке қарағанда А және Е дәрумендері 7-10 есе көп. Қаймақ пастерленген кілегейді сүт қышқылды стрептококкалар негізінде жасалған ашытқымен ашыту арқылы алады.
Қаймақта (%): су – 54,2-82,7; ақуыз – 2,4-2,8; май-10-40; көмірсу – 2,6-3,2; минералды заттар – 0,4-0,5; А, Е, В1, В2, РР, С дәрумендері бар 100 г қаймақтың энергетикалық құндылығы 116-382 ккал құрайды.
Майлылығына байланысты қаймақ келесі түрлерге ажыратылады: Майлылығы 10% емдәмдік қаймақ пастерленген гомогенденген кілегейден алынады және С, В дәрумендерімен байытылған. Сұрыпқа бөлмейді. Майлылығы 20 және 25% қаймақ майлы өнімдерді жеуге болмайтын тұтынушыларға арналған.
Кәдімгі қаймақ сұрыпы өндіріледі. І сұрыпты қаймақта әлсіз білінетін жем, ағаш ыдыс дәмдерінің болуыжәне қарашадан көкек айларына дейін сәл қышқылтым татуы рұқсат етіледі. Қаймақ консистенциясы біртекті, түсі – сарғыш реңді ақ.
Майлылығы 36% қаймақ. Сұрыпқа бөлінбейді, тек балғын нормаланған пастерленген кілегейден өндіріледі. Екі әдіспен өндіріледі: балғын кілегейді жетілдіру және ашыған кілегейді жетілдіру. Дайын қаймақ таза сүт қышқылды дәм мен иіске ие. Әлсіз білінетін ыдыс (ағаш) дәмінің болуы рұқсат етіледі. Консистенциясы – біртекті, қою, түсі – крем реңді ақ түсті.
Майлылығы 40% әуесқойлық қаймақ өте майлы кілегей мен сүтті-ақуыз негізден өндіріледі. Ол тығыз консистенциясымен ерекшеленеді, бұл оны қағаз қораптарға буып-түюге мүмкіндік береді. Сұрыпқа бөлінбейді.
Сонымен қатар толтырғыштармен қаймақ өндіріледі: Асханалық (15% май), Шаруа қаймағы (18% май), Үй қаймағы (23% май), Десертті (20 және 25% май, жеміс-жидекті, кофе және шоколад толтырғыштарымен), Ацидофильді (20% май, ацидофильді таяқша микроағзаларын қолданған), Ерекше (10 және 20% май, сүт майы мен қорытылған май негізінде өндірілген).
Қаймақ сапасына қойылатын талаптар. Қаймақтың дәмі мен иісі таза сүт қышқылды, пастерленген өнімге тән болу керек. Барлық қаймақ түріне сәл ашқылтым дәм мен қорытылған май дәмінің болуы рұқсат етіледі. Консистенциясы біртекті, шекті қою, жылтыр бетті болу керек. Майлылығы 20 және 25% қаймақ жеткіліксіз қою, сәл тұтқыр, майлылығы 20% қаймақта ауа көпіршіктерінің болуы рұқсат етіледі. 40% майлылықты қаймақ консистенциясы тығыз, жайылмайтын болу керек. І сұрыпты қаймақ үшін жеткіліксіз қою, сәл түйіршікті, сәл созылғыш консистенция рұқсат етіледі. Әуесқойлық қаймақтан басқа барлық қаймақта әлсіз білінетін жем дәмінің болуы рұқсат етіледі. Түсі крем реңді ақ түсті. Әуесқойлық және жоғары сұрыпты қаймақтан басқа қаймақта әлсіз білінетін ыдыс, ащылық, онша білінбейтін қорытылған май татымы рұқсат етіледі. Стандарт бойынша қышқылдылығы, майлылығы, ақуызды толтырғыштары бар қаймақта құрғақ зат мөлшері нормаланады. Патогенді микроағзалардың болуы рұқсат етілмейді.
Қаймақты буып-түю және сақтау. Қаймақты 50 кг дейін ағаш бөшкелерге, 30-35 кг-нан металл ыдыстарға, 10 кг-нан алюминий бидондарға құяды. Флягалар мен бидондарды резина немесе пергамент төселген қақпақтармен жауып пломбалайды. Қаймақты майда ыдысқа – шыны банкілерге, парафинді және полимерлі стакандарға, полимерлі пакеттерге 50-500 г-нан өлшеп салады. 40% майлылықты қаймақты брикет түрінде шығарылады. Емдәмдік қаймақ 100, 200, 300 г-нан стақандарға құяды.