5.1.4 Кеннің және қоршаған жыныстардың мықтылығы мен тұрақтылығы
Кеннің және бүйір жыныстарының қаттылығы профессор М. М. Протодьяконов бекемдік шкаласымен бағаланады. Кендердің және жыныстардың бұрғылануына баға беру үшін, қазіргі кезде бұрғылау жылдамдығына байланысты жасалынған шкала қолданылады. Кенорындарындары кендері мен жыныстары көбіне қаттылығымен ерекшеленеді. Сондықтан, осындай жұмыстар жарылыс күшімен жүргізілетіндіктен, оларға қаттылығы жағынан дұрыс баға беру өте жауапты іс болып саналады.
Осыған қоса жыныстар мен кендерге тұрақтылығы бағытында баға беріледі. Бұл түсінік пайдалы қазбалар мен жыныстардың тек қаттылығын ғана емес, сонымен қатар олардың жарықшақтығын, қабаттастығын, бөлшенгіштігін, суланғыштығын көрсетеді. Төбедегі кен жыныстарының қазымкеңістігінде уақытқа тәуелді құламай тұруын тұрақтылық дейді. Тау-кен жыныстары тұрақтылығы бойынша бес топқа бөлінеді:
1. Өте тұрақсыз жыныстар. Бұл жағдайда қазбалардың бүйір жыныстарын тіреусіз ашуға болмайды. Сондықтан қазбалар төбесін алдын ала тіреу қажеттігі туындайды.
2. Тұрақсыз жыныстар. Қазба төбелері мен бүйірлерін ықшамдап ашқан сәттің өзінде құлап жататын жыныстарды айтады.
3. Орташа тұрақты жыныстар. Тіреусіз, ұзақ мерзім ішінде құламай тұратын жыныстарды жатқызады.
4. Тұрақты жыныстар. Тіреусіз, көлемді ашуға мүмкіншілік беретін жыныстарды айтады.
5. Өте тұрақты жыныстар. Тіреусіз, өте кең деңгейде ашуға мүмкіншілік беретін жыныстар.
Қазбалардағы тіреу жұмыстары жыныстар тұрақтылығына байланысты жүргізіледі. Кейде жыныстар құлампаздығын пайдалы жағынан да қолдана білу керек.
Кендерді жарылыс күшімен уатқанда, құлатып тиегенде, люктер ауызында тығындалып қалмау үшін кен кесектерінің шамасы аса үлкен болмауы керек. Люктердің тиегіш тесіктері кесектер көлемінен 4 - 5 есе үлкен болуы керек, бұл талап орындалмаса, олар екінші рет ұсатылады.
5.1.5 Кеннің кесектілігі
Опырылған кендер кесектілігіне, оның гранулометрикалық құрамы және құрам шамасының өзара байланыстылық қатынастары жатады. Өндіріс жағдайында кен кесектілігіне өте үлкен талап қойылады, олардың құрамында қанша ұсақ кен болуы алдын-ала белгіленеді. Мысалы, кен ішінде ұсақ бөліктер көбейген сайын, оларды домнада балқыту нашарлайды. Кеннің ұсақталуы, оларды тасымалдау кезінде, металл жоғалымын арттырады. Екіншіден, кендердің аса үлкен кесектілігі өндіріс процестерін күрделіндіреді де өнімді азайтады. Кеніштерде кездесетін кесектілік мөлшері 200 - 900 миллиметрден 1 метрге дейін өзгереді. Кендерді екінші рет ұсату жұмысын қысқарту мақсатында кесектілік шамасын көтеруге бағытталған тұжырым бар. Алынып жатқан кендердің қажетті кесектілігін реттеу тиімділігін арттыру, жарылыс параметрлерін өзгерту арқылы іске асады. Жарылыспен опыру кезінде кесектілік шамасына әсер ететін факторлар келесідей:
1. Кендер мен жыныстардың физика-механикалық қасиеттері, жыныстар сілемінде кездесетін бұзылыстар және жарықшақтар.
2. Кен алу әдістері. Кендер мен жыныстарды ұсату ұзын зарядтармен (теспелер, төтелдер арқылы) жүргізілсе тиімді де, ал жалпақ (миналы) зарядтармен жүргізу тиімсіз. Өйткені, жыныс пен кен зарядқа тақау орналасатын тұстарында өте қатты ұсақталып, шаңдануы мүмкін, ал одан алыстаған сайын кесектеніп құлауы байқалады.
3. Қима ауданы мен уатылатын сілемді ашатын бөліктің аумағы. Қима ауданы өскен сайын ашылатын беттің аумағы көбейеді және үлкен кесектер шығуына жол ашылады.
4. Жарылғыш заттар көлеміне және сілемде жарылғыш заттардың біркелкі орналасуы.
5. Жарылғыш заттардың ұсақталғыштығы, зарядтарды ату кезектігі және жарылыс жұмыстарының сапасы.
5.1-суретте кендерді жерасты ұсату қондырғысы көрсетілген.
5.1-сурет. Кендерді жерасты ұсататын қондырғының жалпы көрінісі
Суретке сәйкес 4 тонналық вагоншалармен оқпан алабына жеткізілген кен айналма төңкергішпен (1) шанапқа (бункерге) (2) құйылады, одан әрі қарай түсіргішпен (3) жақты ұсатқышқа (5), одан ұсатылған кен тағы шанапқа (6) түсіріледі. Осы шанапқа, конвейер (4) арқылы, түсіргіштен (3) түскен ұсақ кендер де жиналады. Кенді скипқа (9) тиеу, өлшемді түсіргіштен (7) өтіп, науа (8) арқылы іске асады. Кездейсоқ асып түсетін кендерді ұстап қалатын қондырғы (10) орнатылған. Ұсатқыш қондырғы жинақтау сөресімен (11) және осы жұмыстарды жүргізетін арнайы орындармен қамтамасыз етілген.
5.2-суретте ұсату қондырғысының келесі бір түрі көрсетілген. Қондырғы тесіктері 900х1200 мм жақты ұсатқыштан (4) тұрады. Ұсатқыш үстінде пластинкалы түсіргіш (3), оған науаша (2) арқылы аудармалы вагоншалармен (1) кендер түсіріліп тұрады. Шанап арқылы ұсатылған кендер, аумағы 100 м3, скипке тиеледі.
5.2-сурет. Жерасты кен ұсатқышы
Жерасты ұсатқыштары жұмыс істегенде өте көп шаң бөлініп шығады және олар тек ұсатқыш камераларында ғана жиналып қоймайды, сонымен қатар шақты ауасын да ластайды. Сондықтан, кейбір шақтыларда қосымша шаң ұстағыш қондырғылары орнатылады (5.3-сурет).
5.3-сурет. Жерасты кен ұсатқышы шаңын ұстайтын қондырғы
10-тонналық вагоншалар скипті оқпан алабарында қабылдап, қабылдау бункеріне (1) жүктерін түсіреді. Жүк одан әрі қарай пластинкалы түсіргіш (2) арқылы құлама елекке жеткізіледі, одан шыққан кен ұсақтары бункерге (3) тиеледі, ал ірі кесектер тесіктері 900х1200 мм жақты ұсатқыштарға жіберіледі.
Желдеткіш (9) пен филтір (10) арнайы камерада (8) орнатылған. Шаңдалған ауа құбыры (6) арқылы сорылады. Кен бункері мен пластинкалы түсіргіш қаптамалармен (5, 7) жабылған. Филтірде жиналған шаңдар жекелендірілген камерада (11) вагоншаларға түсіріледі. Осындай шаң сорғыш құбырлары арқылы сағатына 8600 м3 ауа өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |