БАҒДАРЛАМАНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Бұл Бағдарламаның негізгі зерттеушілік идеялары сындарлы оқыту теориясына негізделген (Vygotsky, 1978; Wood, 1998). Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімімен тиімді сіңісе алмайды, сол себепті де механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Бұндай жолмен оқытудан алған, механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кезінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жаттап алынған білім тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде пайдалана алмайды.
Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.
Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады.
Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі. Бұл жағдайда оқушының мәселені (проблеманы, жағдайды, құбылысты т.б.) түсіну деңгейін анықтап, оның түсінігін толықтыруға немесе қайта құруға көмектесу мұғалімнің міндеті болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |