2.2. Бейбарыс әскери қолбасшының көрші елдермен қарым-қатынасы Бейбарыс сұлтан өзіне қарсы шыққан мәмлүк әмірлеріне кешірімділік жасаған болса, басқа қарсы келгендерді, әсіресе, Мысыр мен Шамдағы билікті атадан қалған мұра санаған аюбидтер әулетіне аяусыз күрес жүргізді. Шам мен Ирактың солтүстік биліктерінде Салакуддин Аюбидің тұқымдары әлі де болса билікте болатын. Олардың Хама, Химс, Маусия, Жазира әміршілері Бейбарыстың билігін мойындап, алдына келіп иелік жарлықтарын алып кетеді. Алайда, Бейбарыстың иеліктерінің мәмлүктерге қарсы жасырын да ашық жаулық әрекеттерін тыймады. 1262 жылы Бейбарыс оған қарсы шешуші қимылдарды жоспарлайды. Әскерімен Мысырдан Шамға жолда асықпай аң аулап бара жатады. Сол кезде сескеніп отырған әмірдің шешесі Ғаза маңында Сұлтанның алдына келеді. Оны жылы қабылдаған сұлтанға ол баласының кешірім сұрау ниетін айтады. Кешірім сұрауға келген оны Бейбарыс тұтқынға алады. Сөйтіп, қалаға келгенде қанды соғысты қаламаған қала тұрғындары өз еріктерімен қала кілтін сұлтанға тапсырады, өздерінің адалдықтарын білдіріп, ант береді. Сонымен, мәмлүк әскери күші мен халифат орталығы ретінде діни заңдылыққа негізделген билігі бар Бейбарыс Шам мен Мысырдағы мәмлүк билігіне қарсы тұрар бірден-бір күш- аюбидтердің қарсылығын біржола жояды.