Мәмлүк мемлекетінің экономикасы. Сұлтан Бейбарыс тұсында мемлекет экономикасы, әсіресе сауда, егін шаруашылығы және қолөнер саласында белсенді дамып отырды. Бұл Бейбарысқа сыртқы жаулардан қорғануға, мәмлүк әскерін нығайтуға мүмкіндік берді.
Каирде кең құрылыс жұмыстарын жүргізіп, оның басқалардан салтанатты болуына көңіл бөлді. Халқы Ніл бойын жағалай орналасқан Бейбарыс мемлекетінің экономикасының негізгі саласы – егін шаруашылығы болған. Сұлтан салдырған ирригациялық құрылыстар түсімнің мол болуына септігін тигізеді. Бейбарыс заманында Каирдың іші бау-бақшаға толы болатын.
Бейбарыс аса көңіл бөлген салалардың бірі соғыс құрал жабдықтарын дайындайтын қолөнер өндірісі болды. Мысырдың тоғыз жолдың торабында тұрғанын пайдаланып, сауданы жандандырды. Сицилия, Генуя, Венеция, Севилья, Арагон, Византия императорымен Бейбарыс көреген саясатының арқасында сауда келісімдеріне қол жеткізді. Сұлтан Бейбарыс кезінде мемлекеттің негізгі қаржы көздері мыналар болды: 1. Харадж – бұл салық негізінен егілген егіннен алынып отырған. Ол ақшалай не дақылдай беріліп отырған. Салық егін егілген жерлердің өнімділігіне қарай өсіп немесе кеміп отырған. 2. Зекет – мал зекеті мал шаруашылығымен айналысқан араб және түркмен тайпаларынан алынатын болған. Саудагерлер мен көпестерден жүз дирхемнен бес дирхем зекет алынған. 3. Джизия – Каир қаласында тұратын өзге дін өкілдерінің он мен жиырма бес дирхем арасында төлеген ақысы. Ал қаладан тыс жерлерде тұратындар мұның бір бөлігін ғана төлеген. 4. Шетелдік саудагерлерге арнайы салық салынатын болған. Олар өз тауарларының оннан бірін мемлекет пайдасына беріп отырған. 5 Мемлекеттің Александрия, Думият, т.б. теңіз порттары арқылы өтетін сауда жолдарында сыртқы саудадан кедендік салық алынатын болған. 6. Мемлекет жерінде орналасқан кендерден шығарылған темір және қазба байлықтарды өндіруді арнайы уәкілдер бақылап, дайын өнімдерді сұлтан қазынасына құятын болған. 7. Иесіз қалған мұра. Сұлтанның арнайы қараушылары мұрагері жоқ жылжымайтын мүліктерді тіркеп, уақыттардың кірістерін қаржы үйіне түсуін қадағалап отырған.
Осы істердің өзі мемлекет экономикасын көтеріп, оны жан-жақты дамытуда негіз болған үлкен шаралар болатын.
Жасақ ісі мәмлүктер тұсында, әсіресе сұлтан Бейбарыс кезінде аюбидтердің әскери жүйесімен салыстырғанда түбірімен өзгерді деп көрсетеді тарихшылар. Бейбарыс өз заманының ең қуатты әскерін құра білді. Мәмлүк әскері кресшілер мен Хулагу әскерлерімен шайқастарда ұйымдастыру, қару-жарақ және тәртіп жағынан олардан әлдеқайда биік тұрғандарын талай мәрте дәлелдеді.
Бейбарыс өз заманының талаптарына сай келетін жасақ құруға ерекше назар аударды. Ол рекрут, яғни өз әскерін толықтыру мақсатында құл базарларына түскен түркі ер балаларын сатып алуды кеңінен жолға қойды.
Мәмлүк әскерінің бас қолбасшысы – сұлтан. Әскери дайындықтар немесе жорыққа шығуға дайындық үлкен алаңға сұлтанның “жалыш” деп аталатын үлкен туын қадап, дауылпаздар соғылып, әскер сапқа тұрады. Сұлтан қолында кішкентай, қазақы айбалта секілді айбалта ұстап алаңға шығады, әскер сұлтан алдында мың, тұлып (200-400 салт атты), одан кіші бөліктер болып бөлек-бөлек өтеді. Жалпы әскерді мәмлүктер түмен деп атаған. мәмлүк әскеріне музыканттар тобы ілесіп жүретін.
Жасақ мәселесімен Каир қаласының қамалында орналасқан Диуан ал-Джейш деп аталатын мекеме айналысқан, әскер ісімен әскерилер емес, мәдени адамдар айналысқан. Белгілі бір әмірдің қол астындағы мәмлүк келесі бір әмірге өз еркімен кете алмайтын. Жасы жеткен әмірлер мен мәмлүктер мемлекет есебінен сұлтанның арнайы жарлығының негізінде жер иелегін емес, қазіргі зейнетақы секілді ақшалай көмек алып отырған. Олар өздерінің қалаған жерлерінде тұратын болған. Мәмлүктер ішкі жарғы бойынша әрқашан жинақы, таза жүрулері үшін киім-кешек алуға ақша бөлінетін болған.
Мәмлүк әскерін мәмлүк офицерлері – онбасы, жүзбасы, мыңбасы және атабек басқаратын болған. Офицерлік шендер міндетті түрде әскери дәрежелері бірте-бірте өсу арқылы ғана қол жететін. Әмірлікке жеткен мәмлүк ол туралы жарлықты сұлтан қолынан алып, адалдығы туралы ант беретін. Әмірлер өз қарамағындағы мәмлүктердің әскери дайындығына толық жауап береді.
Достарыңызбен бөлісу: |