2.3. Бейбарыстың ғылым, өнер және дін саласында қалдырған ізі
Қыпшақ сұлтандары тұсында, әсіресе Бағдат халифаты күйреген соң, христиандардың Андалусиядағы мұсылман иеліктерін бірте-бірте жаулап алуы жан-жақтан ғалымдар мен білім талап етушілердің Каирге жиналуы Мысырды мұсылман әлеміндегі мәдениет һәм ғылым мен өнер орталығына айналдырады. Бейбарыс билігі кезінде ислам ілімін тарату мақсатында көптеген медреселер соғылып, әл-Әзһар мешітінің қайта қалпына келтірілуі дүние жүзіндегі алғашқы оқу орындарының бірі саналатын осы университетке мұсылман әлемінің бұрыш-бұрышынан білім талап етушілердің ағылып келе бастауына жол ашады.
Мемлекет басшылары қыпшақтар болғандықтан сұлтан сарайының маңындағылар қыпшақ тілінде жазып, қыпшақ тілінде сөйлеген. Қыпшақ тілі мәмлүк мемлекетінің түркілерді біріктіруші үстем тіл болған. Осы тілде іс қағаздары, ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Сарай маңыдағылар үшін ғана емес, білім һәм дін өкілдері де қыпшақ тілін меңгеруге ұмтылды. Осының нәтижесінде қыпшақ тіліне қатысты неше түрлі сөздіктер, анықтамалық басқа еңбектер дүниеге келді. Бір қызығы, қыпшақ тіліне деген қызығушылық қыпшақтар билік басына келмей тұрып пайда болған еді.
Қыпшақ сұлтандары мен әмірлері де ғылым мен білімнен құралақан емес болатын. Олар сол кездегі қабылданған иерархиялық сатының “қылыш иелері” сатысында тұрғандарына қарамастан біршама мәмлүктер тарих ғылымына ден қойып, біршама шығармалар қалдырды. Мәмлүктердің арнайы әскери тәрбие алғандарына қарамастан ғылым мен білімге деген ынталарының басым түскендіктері қызық фактор. Мәмлүктерді тәрбиелеу ісінде көбіне әскери пәндерге баса көңіл бөлінгенімен, дін пәні оқытылатын. Мәмлүктердің көбі араб тілінде сөйлей білмейтұғын. Солай болғанымен, мәмлүктердің арасынан хатшылық пен тарихты зерттеумен айналысқан бір топ ғалымдар шыққан. Олардың көрнектілері Ибн Тәңірберді, Ибн Ийас, Ибн Айбек, Байбарыс ад-Дауадар және т.б.
Мұсылман мәдениетінде хұсни хат-каллиграфия өнері ерекше орын алды. Баспаханалар жоқ заманда қасиетті кітап, хадистер мен басқа да кітаптарды көшіріп жазушы шеберлер ерекше құрметке бөленді. Араб тілі тараған парсы, Орталық Азиядағы елдерде жазудың жаңа түрлері пайда болды. Мәмлүк билігіне қатысты алғанда қыпшақтар “мамлуки” деген жазу түрін дүниеге келтірді. Түркі интеллекті бөгде мәдениетті өзінің елегінен өткізіп көп жағдайда оны сапалық жаңа билікке көтеріп отырды.
Бейбарыс заманындағы Мысырдағы медреселердің көптігін тарихшылар атап көрсетеді. Себебі Бейбарыс өзінің ерекше тақуалығымен дараланған сұлтан екендігі белгілі.
Медресе көп жағдайда сұлтан немесе әмірлер қайтыс болған соң жергілікті кесененің құрамдас бір бөлігі болған. Сұлтандар тек Бейбарыс қана Каир қаласында атақты Бейбарыс медресесін тұрғызғанда өзін бұл жерге жерлемеуге өсиет айтқан. Оның өзінде де Бейбарыс қайтыс болғанда өсиеті бойынша Дамаск қаласында жерленгенде оның үстіне медресе тұрғызылған.
Сұлтан Бейбарыстың ғұламаларға ерекше қамқорлық жасағаны белгілі. Тарихшы Ибн Тәңірберді сұлтан Бейбарыс туралы “өнер мен ғылым шеберлерін өз жанына тартатын. Тарих пен тарихшыларға ерекше көңіл бөлетін. “Тарихты тыңдау - ұлы ғибрат” – дейтін – деп көрсетеді [11].
Мәмлүк сұлтандары мен әмірлерінің мешіт, медресе, күмбез салуға ерекше көңіл бөлгендігінен мәмлүк дәуірі ислам сәулет өнеріндегі алтын ғасыр саналады. Каир қаласындағы Бейбарыс мешіті, медресесі, сұлтан Қалауынның мешіт-медресесі, Қалауынұлы Мұхаммадтың мешіт-медресесі қыпшақ кезеңінің сәулет өнерінің жарқын үлгілері болып табылады. Қыпшақ дәуірінің ескерткіштері орасан зор көлемдерімен һәм салтанаттылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ сұлтандар көп-қабатты сарайлар, көпірлер, әскери мақсаттағы ғимараттар салуға мән берген. Бейбарыс сұлтан заманында діни ғимараттар салуға көңіл бөлінді. Әр медресенің қасында мұғалімдер мен шәкірттерге арналған кітапханалар болған. Кітапханада діни тақырыптармен қатар ғылымның әр түрлі салаларындағы кітаптар сақталған. Бір қызығы, кітаптарды пайдалану арқылы болған. Медреселер жоғарғы оқу орындары, мектептер, орта білім беру орындары саналған. Бірақ мектептерде тек жетім немесе нашар отбасылардан шыққан балалар оқитын. Сұлтан Бейбарыс заманында осындай мектептердегі жетім балаларға күнделікті тамақ, жылына екі рет киім беріліп тұратын.
Мәмлүк дәуірі кезінде металлдан бұйым жасау темір өңдеу өнері ерекше дамыды. Мыс жапырақтарымен мешіттердің, сарайлардың ағаш есіктері қапталып, сыртына өрнектер салынатын. Одан балауыз шам қондырғылары, кітап салатын сандықшалар, люстра, сия-сауыт, қару-жарақ, т.б. дүниелер жасалынды. Сол дәуірде жасалынған қару-жарақ, құрал-сайман, ыдыс-аяқтарға иелерінің тамғалары* не аты-жөндерін жазатын әдет болған. Бейбарыс дәуірінде Алеппо қаласы шыны бұйымдармен аты шығады. Шыны ыдыстардағы аю-өрнектер темір ыдыстардағы секілді болады.
Бір ғажабы мәмлүк дәуірінде сурет салу ерекше дамиды. Өнер зерттеушілері мәмлүк сурет салу мектебі дәстүрлі парсы сурет салу мен арабтардың бет пішіндеріндегі айырмашылық саналы түрде анық көрсетілген.
Достарыңызбен бөлісу: |