Бейбарыс сұлтан көзі тірісінде: “Мені қайтыс болған жерде жерлеңдер, үстіме талай заманға жететін белгі қойыңдар” деп айтып отырады екен. Осы өсиетіне сәйкес сұлтан жанұясы Бейбарысты қайтыс болған жерінде – Дамаск қаласында жерлеуге шешім қабылдайды да, сұлтанның Шам елдеріндегі наибы әмір Айтегінге лайықты орын іздеуге әмір береді.
Тарихшы ибн Шаддад Бейбарыс сұлтанға тұрғызылған мазар туралы жазып қалдырған. Дамаскідегі үлкен мешіт қасындағы аюби патшалар зиратында 48 мың дирхемге жер сатылып алынады. Әмірлер Беркеханмен ақылдасып, сұлтанның басына мазар ғана емес, мәмлүк дәстүрі бойынша медресе соғуға шешім қабылдайды. Бұл медреседе ислам дінінің басты мәзһабтарының екеуі – шафиғия және ханафия оқытылатын болады. Ішіне сұлтанның сүйегін жерлейтін зәулім күмбез соғылады. Медресе-мазар жұмысына қатысушы құрылысшы “ақысын алмай ұйқыға кетпеуі” қатаң қадағаланды.
Мазар құрылысы аяқталғанда әмір Санжар сұлтанды мазар ішіне жерлейді. Ибн Шаддад “Мәмлүктер түнде сұлтан сүйегін мойындарына салып, көтеріп апарып мазарға жерледі. Бұл раджаб айының бесі, жұмы күні болатын: Осы жылдың найзағай ойнаған түні еді”- деп көрсетеді.
Қыпшақ даласының перзенті тағдырдың күшімен Мысыр жеріне мәмлүк болып келіп, атағы шартарапқа кеткен сұлтанның сүйегі, қыпшақтың тағы бір данасы әл-Фараби жатқан Дамаск қаласында қалады.
Достарыңызбен бөлісу: |