Б. ДӘРІЛІК ТҮРЛЕРДІҢ ЖАЗЫЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІ 1. Қатты дәрілік түрлер Қатты дәрілік түрлерге: таблеткалар, драже, ұнтақтар, гранулалар, капсулалар, пилюлдер жатады.
Таблеткалар – Tabuletta (Таблетка-Nom.sing.Tabuletta, Acc.sing.Tabulettam, Acc.pl.Tabulettas, Abl.pl. in tabulettis) Таблеткалар деп дәрілік зат пен қосымша заттарды нығыздау тәсілімен алынатын, ішке, сыртқа (алдын ала еріткеннен кейін) қолданылатын мөлшерленген қатты дәрілік түр.
Таблеткалар ыңғайлы дәрілік түр болып табылады: олар ұзақ мерзім сақталып, препараттардың жағымсыз дәмін жасыратын портативті қасиеті бар. Таблеткаларды фармацевтикалық өндірістерде арнайы машиналардың көмегімен дайындайды. Қосымша зат ретінде қант, крахмал, натрий гидрокарбонаты, натрий хлориді, какао, желатин ерітіндісі, су, спирт және т.б. қолданылады. Ұзақ мерзім сақталған таблеткаларды қабылдау алдында олардың ерігіштігін тексеру қажет.
Таблеткалардағы дәрілік заттарға рецепт жазғанда жазылымның екі түрін қолдануға болады.
Мысалы: 0,00025 дигоксиннің (Digoxinum) 12 таблеткасына рецепт жазыңыз. Күніне 1 таблеткадан 2 рет белгілеу үшін.
1- ші нұсқа Rp.: дәрілік заттың аты және оның бір реттік мөлшері таблеткалардың саны- D.t.d. N… in tabulettis. (Осындай мөлшерде таблеткаларды ... номерімен босат)
S. сигнатурасы көрсетіледі.
Rp.: Digoxini 0,00025
D.t.d. N.12 in tabulettis
S. 1 таблеткадан күніне 2 рет
2-ші нұсқа Rp.: дәрілік түрдің атауы табыс септігінің жекеше түрінде (Tabulettam Acc.sing.) сөзімен басталып, дәрілік заттың аты және оның бір реттік мөлшері жазылады.
D.t.d.N…(Осындай мөлшерлерді ... номерімен бер)
S. сигнатурасы
2-ші нұсқа Rp.: Tabulettam Digoxini 0,00025
D.t.d. N.12
S.1 таблеткадан күніне 2 рет
Немесе Rp.: Tab.Digoxini 0,00025 N.12
D.S. 1 табл күніне 2 рет
Құрамында 2 немесе одан да көп дәрілік заттары бар таблеткаларға жоғарыдағы көрсетілген нұсқауларды қолдану бойынша рецепт жазылады.
Рецепт үлгісі Мөлшері 0,25 амидопирин (Amidopyrinum) және бутадионнан (Butadionum) тұратын 20 таблеткаға жазыңыз. Күніне 1 таблеткадан 3 рет қабылдау үшін.
Rp.: Amidopyrini
Butadioni āā 0,25
Da tales doses N.20 in tabulettis
Signa. Күніне 1 таблеткадан 3 рет қабылдау үшін.
Құрамына бірнеше дәрілік заттар кіретін кейбір таблеткалар арнайы коммерциялық атаумен шығарылады. Мысалы: «Аэрон» таблеткалары, «Пенталгин» таблеткалары (Tabulettae “Aeronum”, Tabulettae “Pentalginum”).
Rp.: алдымен дәрілік түрдің атауы табыс септігінің көпше түрінде
Tabulettas (Acc. pl.), таблеткалардың аты атау септігінде жазылып,
олардың саны көрсетіледі.
Rp.: Tabulettas “Nicoverinum” N.20
D.S. 1 табл-н күніне 2 рет
Домалақ- Драже – Dragee (Драже- Acc.sing. Dragee) Драже (домалақ)– дәрілік және қосымша заттарды қант түйіршіктерінде бірнеше қайталап қабаттау жолымен алынатын, ішке қолдануға арналған мөлшерленген қатты дәрілік түр. Дражені өндірістік әдіспен дайындайды. Қосымша заттар ретінде қант, крахмал, бидай ұны, какао, шоколад, тағамдық, лактар, бояғыштар және т.б. қолданылады. Драже массасы 1,0-нан артық болмауы қажет.
Дражелерге рецепт тек бір түрде жазылады.
Rp.: дәрілік түрдің атауы табыс септігінің жекеше түрінде (Dragee – Acc. sing.), содан кейін дәрілік заттың аты мен оның бір реттік мөлшері
D.t.d. N… S. сигнатурасы
Rp.: Dragee Diazolini 0,05
D.t.d. N.20
S.1 домалақтан күніне 2 рет астан соң
Ұнтақтар –Pulferes (Ұнтақ - Nom.sing. Pulvis, Gen.sing.Pulveris) Ұнтақтар-сусымалы қасиеті бар, ішке және сыртқа қолдануға арналған қатты дәрілік түр. Ұнтақтар бірнеше түрге бөлінеді.
1) жай ұнтақтар (бір ғана заттан тұратын) –pulveres simplices;
2) күрделі ұнтақтар (2 немесе одан көп ингредиенттерден тұратын)-pulveres composite;
3) мөлшерлерге бөлінген ұнтақтар –pulveres divisi;
4) мөлшерлерге бөлінбеген ұнтақтар –pulveres indivisi.
Сыртқа қолданылатын ұнтақтар мөлшерге бөлінбеген түрінде жазылады. Оларды өте майда ұнтақтар түрінде (pulveres subtilissimi) жарақаттарға және шырышты қабатқа себу үшін қолданады. Бұл ұнтақтар 5,0-нан 100,0-ға дейінгі мөлшерде жазылады және рецепте дәрілік препараттың аты, жалпы мөлшері, майдалану дәрежесі көрсетіледі.