1970-1980жж Қазақстанның мәдениеті. Ғылым,әдебиет, өнер саласындағы жетістіктер мен қайшылықтар
Өзге елдермен мәдени және экономикалық қатынастар күшейе түсті. Алдыңғы бесжылдықтарда Қазақстан кәсіпорындары өндіретін тауарларды сыртқа шығару ұлғая түсті. Алайда Қазақстаннан шетке шығарылатын өнімдер тізімі технологиялық жаңалықтардан емес, негізінен шикізаттық қуат көздерінен, мәселен, түсті металдардан, хром кені мен темір балқытпаларынан, жұқа болат тақталарынан, мұнайдан, т.б. тұратын еді. Қазақстан металл кесетін станоктарды, жол құрылысы жабдықтарын, электровоздарды, жиһазды, киімді, тағам өнімдерін, электр тауарларын, т.б. сырттан тасыды. Қазақстанның шетелдермен мәдениет саласындағы байланысы қарқынды дамыды. Қазақстандық жүздеген маман әлемнің көптеген елдерінде – Иракта, Египетте, Үндістанда, Монғол Халық Республикасында, Финляндияда, Ауғанстанда жұмыс істеді. Ғылыми байланыстар да сирек құбылыс болған жоқ. Қазақ КСР Ғылым академиясы шетелдердің ғылыми мекемелерімен бірлесе отырып, 31 проблема мен жеке тақырыптарды зерттеуге қатынасты. Химия ғылымдары институтының қызметкерлері өздерінің чехословакиялық және болғарлық әріптестерімен берік қатынастар орнатты. АҚШ, Франция, Италия ғалымдарымен байланыс жүзеге асырылды. Қазақстанда кеңес-сирия достығының күндері, Францияның КСРО-дағы күндері өткізілді. Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптары оркестірінің әртістері, КСРО халық әртістері Е.Серкебаев пен Б.Төлегеновалар Францияның музыка сүйер қауымын өздерінің қайталанбастай тамаша әуез өнерімен тәнті етті. Қазақ операсы мен балетінің, көркемсурет пен графикасының, қолданбалы өнерінің шеберлері Еуропа, Азия, Африка елдерінде өнер көрсетті. Алайда сыртқы саясат саласындағы қарыспа шешімдер, біліктілік жағынан төмен және шала ойластырылған идеология мемлекетаралық қатынастарды қалыптастыру жолында көптеген тастүйін кедергілердің бой көрсетуіне себепші болды. Екі әлеуметтік-саяси жүйе арасындағы текетірестіктің өрши түсуіне шынайы дүниені айқын тануға бөгеті мол «дұшпан бейнесі» дейтін түсінік май тамызды. «Саяси күрестің күшеюі» туралы жолнұсқа (тезис) орнына «идеологиялық күрестің күшеюі» дейтін екінші бір жолнұсқа келді. Осының салдарынан екінші жақ та әскери күшін еселей өсіріп, қарулануға жұмсалатын қаржы көлемін үсті-үстіне ұлғайта түсті. Әскери шығындардың негізгі ауыр салмағы екі аса ірі мемлекетке – АҚШ пен КСРО-ға түсті. Бұл шығындар ең алдымен осы екі мемлекеттің азаматтарын тұралатар жүкке айналды. Ұлы мемлекеттік тәкаппарлық жанталаса қарулануды күшейтуге, ядролық мүлік қоймасын жаңарта жасақтауға сүйреді. Қазақ халқының ұлы перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов дүниеге келіп, өсіп-өнген жерлерде, яғни Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының түйіскен тұсында орналасқан Семей ядролық полигоны Қазақстан жерін молынан қамтыды. Ядролық заряд мұнда алғаш рет 1949 жылғы тамыздың 29-ында сыннан өткізілді. Ғалымдардың пікірі бойынша, әрбір эксперементтік қондырғы мен оны жер астында сынақтан өткізу құны орта есеппен 30 миллион сомға тең. Әскерлер ұзақ жылдар бойы жұмған аузын ашпай, кейіннен полигонның жергіліктің халықтың денсаулығына бәлендей зияны жоқ деп мәлімдесе де полигон айналадағы табиғатқа, адамдардың денсаулық жағдайына аса қатерлі еді. Дәрігерлер мен фельдшерлерге рактан, лейкоздан және ионданушы радиацияға байланысты туындаған басқа да аурулардан қайтыс болғандарға дәл диагноз қоюға тыйым салынды.