2. Ақын өлеңдеріндегі қайталау түрлері
2.1 Ақын өлеңдерінің поэтикасы
Махамбет Өтемісұлы – көзсіз батырлығының үстіне, аса дарынды тұлға. «Батырдың де батыры бар...Махамбеттің батырлығы бұлардың бірі де емес-, деп жазады З.Қабдолов, «Қаһарман ақынның тағдыр мен тағлымы» мақаласында,- Махамбет-ердің мақсаты – ерекше мақсат. Оның күресі ханмен ғана емес, хан арқылы халықты қан қақсатқан отаршылық бұғауына қарсы халқымыздың азаттығы үшін, біздің бүгінгі күніміз үшін күрес» (Qabdolov, 2007: 379). Махамбет шығармашылығы да ешкімге ұқсамайтын дара құбылыс. Жарақты жауға жасқанбай шабатын серілік дәуірдің соңғы өкілдерінің бірі. Бәлкім сондықтан шығар өлеңдері мен толғаулары, жырлары арнасына сыймай, бейсаналық әрекеттерімен жиі қабаттасады. Махамбет қазақ ауыз әдебиеті мен халық әдебиетінің жаңа дәуірге – кәсіби әдебиетке ұласар тұсында, өлара мезгілде өмір сүріп, Алла сыйлаған таланты мен табиғи қасиеттерінің арқасында құдіретті туындыларды дүниеге әкелді. Шексіз қабілетінің қуаты мен құдіретіне лайық ғажайып туындылар сомдады.. Ол әдебиетпен кәсіби айналысқан жан емес. Замана талабына сай жаңа үлгі енгізейін деп әдейі ойланган жоқ. Алайда бойын буып бұрқанған сезімдерді бейнелеуде, тіл қолданыстарында жана танымдық ұғымдарды еркін қолданды. Заманға сай өмірге еніп жатқан жаңа сөздердің метафоралық мағыналарын байытты. Сол арқылы да ақын халық қазақты таңғалдырды. Махамбеттің жырлары мен толғауларын, әңгіме, шежірелерін білмейтін қазақты кездестіру бұрындары қиын болса, қазір де солай. Ақынның өлең өнерінде көп қолданған тәсілі – жыраулақ поэзия, толғаулық үлгілер. Алайда шығармаларын талдау кезінде толғау мен жыр, өлеңдер өзегіне ене бастаған жаңалықтарды бірден байқайсың.
«Махамбет өлеңдерінде жайдауыт, жалаңқабат, жадағай шумақтар атымен ұшыраспайды… Кей ретте жыр емес, әлдекімге әлдене хақында, әлдеқандай тұспалхат (шифрограмма. – Ә. Кекілбайұлы) жолдап отырғандай әсер етеді.» Осы мәтіндерде интертекстік сипарттар да мол. Біз Махамбеттің өлеңдерінің өміріне, ал, өмірінің өлеңдеріне терең үңіле алсақ қана, толық түсіне аларымыз хақ. Бұл бағытта Махамбет өмірбаяны мен шығармаларын жинауда, жүйелеуде өлшеусіз көп еңбек сіңірген Б.Аманшин еңбектерін ерекше атауға болады. (Amanshin, 2004: 8-16) «Бірақ, ол замандағы қазақ сахарасына ондай сұңғыла тыңдарман мен ғұлама оқырманды ағыл-тегіл ғып кім бере салыпты»- деп Ә.Кекілбайұлы айтқандай ақынның бейсаналық сезімдер жетегіндегі туындыларын бүгінде де тереңдей талдап жатқанымыз шамалы ( Kekilbai, 2006: 8-19).
Махамбетте жастық шақ жырлары болған жоқ деп кім айтар.Әзіл мен қалжың-қағытпалар араласқан сатиралық өлеңдер мен шумақтар ше?! Талантты жастың бойын билеп сезімін лап еткізген тіршілік құбылыстарын өлеңге айналдыру үдерісі ақында болған жоқ деп кім дуласа алады?! Мұны дәлел дерексіз-ақ анық айтуға болады. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда он жасынан бастап өлең шығарған қабілетті жастың қоршаған орта мен заманы туралы алғашқы танымдары табиғи түрде осы жырларда жалғасын тапқан. Мұны бізге ауызша жеткен шығармалар мәтіндерінің астарынан байқауға болады. Өкінішке орай, бізге жеткен бұндай шығармалар түгел емес. Жеткендерін де сақтай алмадық. Айтылған жерде қалды. Ел тарихы мен мәдениет, әдебиетін есте сақтаған есті карияларды Ресей патшасының, Кеңес үкіметінің отарлық саясатын ұстанған ресми идеология қудалады, қамады, қинады, ақыры құртып тынды. Орыстан өзге ұлттарды шоқындыруды мақсат қылып, саяси-әлеуметтік құйтырқылардың сұрқияларын ойлап тауып, әдейі жоспарлаған қаныпезер үкімет пен идеология өзге ұлттардың жайын ойлаған емес.
Ақын өз кезіндегі қазақ өлең-жырлар, толғау дастандарының бесігінде өскен. Қараөлеңдердің кереметі мен жыраулық өнер туындыларын, қазақ эпостарын, «Қырымның 40 батыры» тәрізді жыраулық энциклопедины жақсы білген (Sarai, 1997: 91). Махамбет қазақ өлеңніне жаңалық енгізейін деп ойламаса да, толғау, жыр өлеңдер айту үстінде оларға әлдене енгізу үдерісін бастан кешті. Ретіне, сезім толқындарына орай шығармаларын әр орындауда жаңалықтар қосып отыруы сөзсіз. Керуен жолбасшысы ретінде Хиуа, Қоқан, Бұхара бағыттарындаға айларға созылған ұзақ жолдарда эпостық жырлар мен аңыз, әңгімелерді сапарластарына айтқан, олардан да сан түрлі хикая, әңгімелер тыңдаған. Жолаушы ақын-жырау, шежіреші-әңгімешідермен кездесулерде естіген қызық әңгімелер мен айтушылардың бояулы, астарлы сөздері, қолданыстары ақын жадында сақталған
Шандоздан тағы бір үзінді: « Қақақулап шақырмай, қанды көбік түкірмей, алғыншы алған арудың ақша бетін солдырмай, ата менен ананы қайғыменен қатырмай, әлпешті ұлың жат болмай, Шайған жалғыз матаның сатқанда суы ат болмай, бұзбай құлын пісірмей, мұз үстіне от жақпай, қапыда қалған қасқырмын,ақ жүректен найза түретпей, найзаны күнге қуратпай, қарсыласқан дұшпанның қабырғасын бір-біріндеп күйретпей, әлі де болса қорқа алман, адасып қалған үйректей» (Shandoz, 2004 :42). Әбіш Кекілбайұлың осы жырларды талдау арқылы оқырмандарға аңғартпақ болып отырғаны – ұлы ақынның көңіл бөлінбей келе жатқан басты, әрі ғажап тақырыптың бірі оның жырларының поэтикасы. Осы тақырыпқа соңғы жылдарда біраз мақала, зерттеулер көріне бастады. Солардың арасында ғылым кандидаты Оңайгүл Тұржанның «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы « атты зерттеуін атауға болды. «Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің де ең ұлы мәні – бір-кем дүниенің олқысын толтыру еді. Ал ондай олқылықтың орнын толтыру деген сөз – тек қана ханға қарсы шығу емес еді. Исатай мен Махамбет жоғарыда айтып өткеніміздей бір қоғамнан бір қоғам тудыру әрекетін жасағандар және тек басқа бір қоғам емес, жаңарған қоғам туғызуды армандады... Махамбеттің кұрескер жырларының ішінде осы бір күрделі әлеуметтік психологиялық маңызды мәселе орын алады» (Turzhan, 2007: 182). Махамбет әлемнің тәуелсіздік, бостандық жолындағы күрес өрнектерін ұлы ақындардың ізденістерімен салыстыруға да болар еді. А. Мицкевич, А. Байрон, А. Пушкин, М. Лермонтов шығармаларындағы бостандық сүйгіш ақындық рухтар табиғатында типологиялық сәйкестіктер жеткілікті. Ақын поэзиясы арқылы қазақ әдебиетінде көріне бастаған жаңа түр мен бостандық, тәуелсіздік идеясының дара бейнелері ешкімге еліктемей, елпілдемей азаттық жолындағы күрес шындағын суреттеуден туындаған. Өз келбетіңді, салт-санаңды, дәстүрің мен даралығыңды құрметтеу, қастерлеу, сақтай білу, ұлы табиғат жалғастығының басты заңы деген қағиданы сақтау деген сөз.Махамбет өз елінің болашағынан үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады. «... Махамбеттің поэзиясы – шідер мен шынжырға көнбей кеткен жігерлі жеке күрескерліктің,сонымен қатар жалпыбұқаралық сипаттағы азаттық арпалысының рухты поэзиясы» – деп жазады Амантай Шәріп (Shaerip, 2000: 101). Ә. Кекілбайұлы Махамбет поэзиясының бүгінгі басты бағыттары туралы «Шандозда» былай жазады: «Бұл ойларды орыс отарында болған жылдарда, әрине, айта да, жаза да алмадық «Х. Досмұхамедұлы құрасырған «Аламан» жинағындағы үзіндіде келтірілген «аузы түкті кәпірді шетінен сүйреп жеп едік» деген тіркес кейінгі құрастырылған жинақтарда «ерегескен дұшпанды шетінен сүйреп жеп едік» болып өзгертіліпті. Сондай-ақ көптеген жолдардың орындары ауыстырылыпты. Шамасы, кеңес жылдарындағы идеологоиялық ұйтқымалық Махамбет мәтіндеріне де өз салдарын аз тигізбесе керек. Ереуілші ақынның бірде бір толғауында «патша», «орыс», «кәпір» деген сөздердің атымен кездеспеуі таңғаларлық жағдай. Соған қарағанда, дауылпаз ақын жырлары әлгіндей «тентектіктерден» «мұқият» адалана түскен түрі бар. Ақын жырларының әлеуметтік зілін әріге асырмай, Жасқұс пен Жәңгілдің маңымен шектеуге тырысу әнтек байқалады. Сонда Махамбет бар ерлігі мен өрлігі тек Жәңгір хан, Баймағанбет сұлтан, Қарауы қожа хакім, Балқы билерді сілейте балағаттаумен тынған ауыл арасының көп тентек телісінің бірі болады да шығады. Бұл ақынға да, тарихи шындыққа да үлкен қиянат.» (Shandoz, 2004: 339)
Тарихшылардың айтуы бойынша Исатай – Махамбет көтерілісінің негізгі себебі, хан Жәңгірдің заманында қазақ елінің тұрмыстіршілігі орта ғасырлық феодалдық билік, салтсанамен байланысты болды. Сондықтан, замана дамуының жаңа түр, типтеріне ілесе алмай нашарлауында. Бұл кеңес үкіметі ресми идеологиясы баяғыдан қақсап келе жатқан «әләулалардың», бірі, әрі «тек қана біздің айтқанымыз дұрыс» деген отаршыл Ресейдің астамшыл пікірі. Ә. Кекілбайұлы Исатай-Махамбет көтерілісі туралы: «Патша идеологтары Исатай-Махамбет қозғалысының «діндер соғысына» айналмауын қалай құнттаса, ұлт-азаттық қозғалысына айналмауын да солай құнттады. Сондық- тан олардың бір тобы оны үйреншікті «феодалдар соғысы» ауқымына қарай ойыстыруға тырысты.
Бұл топтың басында әйгілі батыр Исатай Тайманұлы мен аса талантты ақын Махамбет Өтемісұлы тұрды. Екеуі де көшпелі қоғамда үлкен беделге ие әскери және руханияттық күштердің көрнекті өкілдері еді.Бұл топ жұртты шынайы елжан-дылығымен баурады.. Солардың алдыңғы шебінде ақын Махамбеттің тұрары сөзсіз... ең даусыз дәлел – жауынгер ақынның жалынды толғаулары еді. Ұлттық поэзиямыздың ең қастерлі, ең асыл інжу-маржандары болып табылатын Махамбет жырларының шағын топтамасынан күллі халықты қайратына мінгізген қаһарлы күрестің түп-төркіні, өрістеу жолы, кезеңділігі мен жүйелілігі, ішкі рухани эволюциясы бар болмысымен бой көрсетеді» (Shandoz, 2004: 331).. Махамбет өлеңдерін қазақ ауыз әдебиеті және тарихи әдебиет, әлем әдебиеті шығармаларының көркемдігімен салыстыра зерттегенде сөзді ойната қолдануда дәстүрлі әдебиет үлгілерінен көп алғанын байқауға болады. болады.Мұны жан-жақты терең талдаулар арқылы көрсетіп келеміз. ISSN 1563-0323 Eurasian Journal of Philology: Science and Education. №2 (174). 2019 33 Бисенғали З.-Ғ.Қ. Абай шығармашылығының басты арнасы ретінде қара басының болмаса қазағының басындағы жайларды жырлағанын емес, бүкіл адамзат өміріне тән қиындықтар мен қуаныштарды, қайшылықтар мен талғаныстарды бейнеленін атаймыз.
Ақын поэзиясындағы сөздердің метафоралық, символдық, аллегориялық, ирониялық, т.б. қолданыстары мен ерекшеліктері зерттеушілер еңбектектерінде жан-жақты талданады. Соларға сүйенетін теориялық түйіндеулер қаламгер ой-толғамдарының тереңдігін жеткізді. Қазақ әдебиеті мен әдеби тілін дамытудағы Абай ізденістері мен еңбегінің даралығы, ұлылығын Қазақ елінің мақтанышына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |