Қорқыт ата. Атақты жыраулардың бірі Қорқыт ата болды. Қорқыт ата – ІХ ғасырда Сырдария бойында өмір сүрген тарихи тұлға ақын және композитор. Қобызды ойлап тапқан, жырау, жыршылар мен күйшілердің атасы, абыз, бақсы.
Қорқыт ата туралы аңыздар өте көп, бірақ олардың барлығында Қорқыттың ислам дініндегі «Тағдыр» (жазмыш) қағидасына қарсы шыққандығы туралы айтылады. Ол адам өмірінің алдын ала белгіленетіндігіне көне алмай, өлімнен құтылу үшін күресуге бел буады.
Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер оғыз тармағындағы түркі халықтарының
барлығында – қазақ, түркмен, әзербайжан, түрік, сондай-ақ қарақалпақ, башқұрт және т.б. кездеседі.
Бұлардың барлығына дерлік ортақ «Оғыз-нама» халық эпосы бар. Кемеңгер ойшыл әрі халық ақылшысы Қорқыт оғыз эпосында сонымен қатар
оғыз батырларының ерліктері туралы жырлайтын жыршы ретінде де көрініс тапқан. Ол оғыз циклындағы көптеген жырларда хан мен оның
баһадүрлерінің кеңесшісі немесе көмекшісі болып суреттеледі.
Қорқыт туралы аңызда оның жас күнінде-ақ адам өмірінің келтелігіне көндіге алмай, өлімнен құтылуға тырысқандығы жөнінде айтылады. Өз ойынан азап шеккен әрі мәңгілік өмірді аңсаған Қорқытқа барлық жерден өлім кейпі елес береді: ормандағы шіріп құлаған ағаш оған өз өлімінен
сыр шерте отырып, Қорқыттың да өлім алдындағы шарасыздығын әйгілейді; күннің көзіне күйген селеу де соны айтады; тіпті алып таулар да күйрейтін күні алыс еместігінен хабар беріп, Қорқыт өмірінің ақыры да сондай болатындығын қайталайды. Осының барлығын көзімен көріп, жалғыздықтан
қиналған Қорқыт шырғай ағашынан ең алғашқы қобызды ойып шығарады да,
оған қылдан ішек тартып, азапқа толы ой-сезімін төге жөнеледі. Оның жан
тебіренісіне толы әуендер мен сарындар күллі әлемнің құлағына жетіп, баршасы қыл қобыз үнінің ғажайып әсеріне бөленеді.
Содан бері Қорқыт әуендері мен оның қолынан шыққан қобыз жер бетін кезіп кетеді де, Қорқыт есімі қыл қобыз үні арқылы адамдардың жүрегінде мәңгілікке орын алады. Өзі жасаған қобыздың көмегімен Қорқыт өлімді аластаған. Халық Қорқытты мәңгілік өмірдің жыршысы, абыз, бақсы және ұлы күйші ретінде аса құрметтейді.
Аңыздардың бірінде Қорқыттың ерекше дүниеге келуі туралы айтылады.
Қорқытқа жүкті болған анасы құланның етіне жерік болады. Ол жыл сайын
толғатқанмен, баласы құрсағында үш жыл тоғыз күн бойы жүріпті. Қорқыттың анасын толғақ қысқан кезде көкте найзағай жарқылдап, күн күркіреп, дауыл көтеріледі. Жер бетін көзге түртсе көргісіз тұман басып, адамдардың бойын үрей билейді. Қорқытқа туа сала тіл бітеді. Ұлы қазақ оқымыстысы Ш.Уәлихановтың ойынша, Қорқыт тұңғыш бақсы (шаман) ғана емес, сонымен қоса ол ең алғашқы жырау. Қазақ аңыздарының бірінде былай делінеді: «...бағзы замандарда, адамдар ән сала білмеген кезде жер бетінде ән қалықтап ұшып жүреді екен. Ол қай халықтың үстінен неғұрлым төмен құлдилап ұшса, сол халық соғұрлым көбірек ән әуендері мен саздарына ие болған. Қазақ даласына жеткенде ән тіпті жер бауырлап ұшқандықтан, қазақтар әлемдегі ең үздік әнші халық болып табылады». Ал осы өнердің негізін қалаған Қорқыт болыпты.
Қорқыт болашақты болжай білген. Академик В.В. Бартольдтың айтуынша, Қорқыт ата-анасы баласын аямас, баласы ата-анасын құрмет тұтпас, әке тұрып ұл сөйлеген заман келетінін болжап, сол кезге дейін өмір сүруден сақтанған. Қорқыт жырларында қазақтардың мейлінше көне дүниетанымдық бағдары, әлем туралы пайымдары, өмірге деген махаббатқа, табиғат-анамен тамырластыққа негізделген сана болмысы көрініс табады. Тұңғыш ысқы аспабы – қобызды жасап шығарған дарынды музыкант, суырып-салма ақын, хандар мен қолбасшы-батырлардың данагөй кеңесшісі, сәуегей-бақсы Қорқыт, шын мәнінде, өмір азабы мен зұлымдыққа қарсы өз өнерін қару ете отырып, қарапайым халықтың қамқоршысы болған еді.