Ей, туғандар, қол ұстасып алға барайық, Басқа милләттердің халін көріп қарайық. Мәдениет майданынан орын алайық, Жығыла-сүріне алға қарай табан басайық, енді [46:8] десе, С.Дөнентаев: Жабысайық өнерге, Ынтықпай қарап өлерге... Ізденбесек өзіміз, Білімінен білгендер Бөліп бізге берер ме?[47:38]- дейді.
Сондай-ақ татар ақыны өз кезінде татар милләтшілерінің екі жүзді, алдауыштығын, қоян жүрек қорқақтығын, олардың олардың үлкен іске олақ екендігін айтып:
Милләтшілер елді алдап, қылмыңдайды, Деген болып «жазылдың», жылмыңдайды, Алданба! Алады олар бар малыңды, Басыңа ясин оқып мылжыңдайды[46:110]-
десе, Сәбит қазақ ұлтшылдары жөнінде:
Аһ ұрып, «жұртым» дейсің, «елім» дейсің, Қалғанын елдің артта өлім дейсің... Қабағың қатып, бір күн ашса қарның, Бас салып, сол милләтті өзің жейсің[47:87]
деп жазады.
С. Дөнентаев өлеңдері көбінесе саяси-әлеуметтік тақырыптарға жазылған азаматтық лирика болып келеді. Сондай-ақ, онда сықақ, мысқыл, әзіл-әжуалар мен мысалдар да баршылық. Бұл жөнінде ол қазақ ақыны Абай, татар ақыны Ғ.Тоқай, солар арқылы орыстың атақты сатиригі Салтыков-Щедриннен үлгі-өнеге алған. Оның «Ауырған арыстан», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», т.б. Ғ.Тоқай әсерімен жазылған. Ал «Ібілістің шайтанға айтқанын» Ғ.Тоқайдан аударған. Сәбит мысалдарының көлемі шағын, тілі көркем, мағынасы терең, көңілге қонымды, сезімге әсерлі болып келеді. Мысал жазуда да Сәбит орыс ақыны И.А.Крылов, қазақ ақыны А.Құнанбаев, татар ақыны Ғ.Тоқай шығармашылығын өзіне үлгі еткен.
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтың қоғамдық, мәдени және әдеби өмірінде Спандияр Көбеев (1878-1956) есімі елеулі орын алады. Спандияр өз заманының озық ойлы, едәуір білімді адамы болған. Ол Петропавлдағы орыс-қазақ мектебінде қызмет істеп жүрген кезінде И.А. Крыловтың мысалдарын аударып, баспаға ұсынады.Онысы 1910 жылдың өзінде-ақ «Үлгілі тәржіме»деген атпен Қазан қаласында , өз алдына жеке кітап болып басылып шығады. «Тәржіме» қазақ тілінде «аударма» деген мағынаны білдіреді. Сонда «Үлгілі тәржіме»- «үлгілі аударма» деген сөз.
Мұнан кейін Спандияр өзінің құрметті ұстаздары Ы.Алтынсариннің, орыс педагогы К.Д.Ушинскийдің үлгілері бойынша өзі оқытып жүрген балаларға арнап оқу кітабын жасауға кіріседі.Осының нәтижесі 1912 жылы Қазан қаласында С.Көбеевтің екінші кітабы – «Үлгілі бала» жарық көреді.Біз жоғарыда Спандиярдың бұл кітабы Ы.Алтынсарин мен К.Д.Ушинский оқулықтарының үлгісінде жазылған дедік. Алайда, бұл кітапты жазуға татардың ағартушы- ғалымы Қаюм Насыри жазған оқулықтардың да, әсіресе оның «Қырық бақша» атты кітабының елеулі әсері болғанын да айта кеткіміз келеді.Өйткені, Қ.Насыридің кітабы сияқты Спандиядың «Үлгілі баласы» да үлкен педагогикалық шеберлікпен жасалған.Мұндағы әрбір әңгіме мен ертегі, өлеңдер мен мысал оқушыларға өмірдің барлық саласынан түсінік береді, осы арқылы оларды өнер- білімге, мәдениетке, адамгершілікке шақырады, еңбекке іскерлікке, төзімді, қажырлы болуға, қайырымдылыққа, әділеттікке үйеретеді.
Алғашқы екі кітабы жарыққа шығып, жаңа шығарма жазуға рухтанған С.Көбеев 1911 жылдан бастап өзінің әйгілі «Қалың мал» романын жазады. «Қалың мал» - қазақ тіліндегі тұңғыш романдарының бірі. Бұл роман 1913 жылы Қазан қаласында басылып шықты.
Сөйтіп ХХ ғасырдың бас кезінде татар қоғамында пайда болған бұл ағартушылық, демократиялық идлеялар қазақ әдебиетіне елеулі әсерін тигізді. Қазақ ақын-жазушылары сол кездің көкейкесті мәселелерін: халықтың хал-жағдайын жырлады, қазақ халқының саясат, шаруашылық, мәдениет жөнінен кенже,тіпті мешеу қалғанын сөз етті, еңбекшілердің, әйелдердің аянышты ауыр халін суреттеді. Оларға бостандық берілуін, теңдік тиюін аңсады. Жалпы қазақ халқын өнер-білімге, оқуға үндеді, әділеттік, шындық, ақиқат жаршысы болды. Халықты әлеуеттік теңдік алуға, азаттық өмірге шақырды.