Кіріспе Тақырыптың өзектілігі. Халықтардың мәдени байланыс проблемасы - заманымыздың маңызды, өзекті мәселерінің бірі. Оның үшін де халықтар арасындағы мәдениет пен әдебиет байланыстарын зерттеу бұл байланыстардың негізгі түрлері мен жолдарын анықтау, олардың заңдылықтарын ашу және оларға ғылыми және практикалық мәні бар іс саналып, әдебиеттану ғылымының маңызды бөлімінің біріне айналып отыр.
Кейінгі кездерде қазақ әдебиетінің украин, беларус, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ әдебиеттерімен жасаған достық қарым- қатынасы жөнінде бірсыпыра мақалалар жарияланды. Бұлардың қатарына С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмаилов, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев, Т.Сұлтанов, А.Мусинов, Б.Тілегенов,С.Тойшыбаева, Р.Қайшыбаева мақалаларын қосуға болады.
Мақсаты мен міндеті. Біз бұл жұмысымызда, жоғарыда айтылғандай, әзірше әдебиет зерттеуші ғалымдарымыздың назарынан тыс қалып келе жатқан тың тақырып – туысқан халықтар әдебиеттерінің достық байланысы, туыстық қарым-қатынасы, атап айтқанда сол туысқан халықтардың бірі - қазақ, татар әдебиеттерінің байланысы мәселесін әңгіме етпекпіз. Өйткені қазақ елінің көп ғасыр бойы тығыз қарым – қатынас жасап келе жатқан халықтарының бірі – татарлар. Екі ел арасындағы осы қарым-қатынас жөнінде жазған өлеңдерінің бірінде ұлы татар ақыны Ғ.Тоқай:
Бұл достықтың тамырлары,
Ғасырлардың түбінде[1;31 ],
деген болатын. Ал, қазақ ақыны Ж.Молдағалиев қазақ пен татар халықтарының туыстық байланысын сөз ете келіп: «Біздің қарым-қатынасымыз ежелгі заманнан бері жасап келеді. Оның қай кезеңнен басталатынын ешкім де кесіп айта алмаса керек»,-деп жазды [2;24].
Расында, қазақ пен татар халқының арасында туыстық, достық қарым-қатынастың түп тамыры сонау терең тарих түкпірінде, көне ғасырлар қойнауында жатыр. Бұған ең алдымен олардың шыққан тегінің бір болуы, сөйлейтін тілдерінің туыстығы, көп ғасырлар бойы көрші - қоңсы отыруы, түркі мемлекеттерінің құрамында өмір сүруі себеп болды. Алайда, осыған қарамастан, көп уақытқа дейін осы мәдени қарым-қатынас пен әдеби байланыс жан-жақты терең зерттеліп, толық анықталмай келді. Қазақтар мен татарлар арасындағы мәдени байланыстар сөз болса, әдетте олардың көлеңке жағы көбірек айтылып, күнгей жағы көрінбей қалады. Әдебиеттер байланысын бірнеше қырынан алып зерттеуге болады. Біз бұл жұмысымызда қазақ татар әдебиеттері байланысының барлық мәселесін қамтымай, тек оның негізгі тарихи даму кезеңдерін ғана әңгіме етіп, көбінесе оның демократиялық, прогресшілдік жақтарына баса назар аудардық.
Біз бұл жұмысымызда қазақ татар әдебиеттері байланысының даму жолдары, осы екі халықтың саяси – экономикалық және мәдени қатынастары тарихына байланысты, негізінен төрт кезеңге бөліп қарадық. Оның біріншісі – қазақ-татар халықтарының жалпы түркі тұқымдас халықтардың құрамында – Түрік қағанаты, Дәшті Қыпшақ одағы, Алтын орда хандықтары қол астында тайпа-тайпа болып өмір сүрген кезі. Қазақ – татар әдебиеттерінің көптеген әдебиет нұсқалары –ауыз әдебиет үлгілері мен көне әдебиет ескерткішері негізінен осы тұста жасалған. Екінші кезең – татар және қазақ елінің Ресей мемлекетінің құрамына кіріп, тарихи тағдырлары мне ұлттық мүдделерінің ұштасып, тарихи мақсаттары мен мұраттарының ортақтас кезі. Бұл негізіне Х1Х ғасырдың екінші жартысын қамтыды. Үшінші кезең – ХХ ғасырдың басы, Қазақ төңкерісінің қарсаңы, қазақ-татар әдеби байланысының жаңа тарихи жағдайларда жаңа биікке көтерілуі. Төртінші кезең – көтерілістен кейінгі кез – Кеңес дәуірі. Мұнда қазақ- татар әдебиеттерінің өзара туысқандық, достық байланысы жатады.