Компетенттікәдіс – бұл білім беру нәтижесіне баса көңіл бөлетін әдіс, оның үстіне нәтиже ретінде меңгерілген ақпарат жиынтығы емес, адамның әртүрлі проблемалық жағдаяттарда әрекет етуге қабілеттілігі. Басқаша айтқанда, компетенцияларды меңгерген түлектің қабілеттерін, яғни оның қандай іс-әрекет тәсілдерін игергенін, не істей алатынын, неге дайын екенін анықтау – компетенттілік әдіс деп аталады.[29; 37]
Компетенттілікті қалыптастыру тек жоғарғы оқу орындарында ғана емес, мектеп кезінен қолға алынуы тиіс. Сондықтан компетенттік әдіс білімдік парадигмадан біртіндеп мектеп бітірушінің қазіргі көпфакторлы әлеуметтік-саяси, нарықтық-экономикалық, коммуникациялық және ақпараттық қаныққан кеңістік жағдайында тіршілік ету әлеуетін, қабілетін көрсететін компетенциялар кешенін игертуге жағдай жасау дағдыларын қалыптастыруға қарай бет бұрды.
Компетенттік әдістің шығуына себепші болған проблема бүгінгі таңдағы білім беру мазмұнының «қазіргі заманғы экономика мен өркениеттің сұранысына» сәйкес болмауынан туындап отыр дейді И.Д. Фрумин. Олай болса, компетенттік әдіс – бұл жаппай мектептер мен еңбек нарығының қажеттіліктерін сәйкестікке келтіруге талаптанып жасалған қадам іспеттес.
Т.М. Ковалева компетенттік әдісті «мектепте білім беруге деген ашық тапсырыс идеясымен» байланыстыра отырып былай дейді: «алғаш рет бұндай тапсырыс берушілер қатарында іскер адамдар (бизнесмендер), кәсіпкерлер, саясаткерлер және т.с.с. компетенциялар тілінде сөйлеушілердің барлығының фигуралары талқылана бастады. Демек, қазіргі мектеп үшін компетенттік әдіс идеясы – бұл, ең алдымен, білім беру мазмұнына ашық тапсырыс идеясы».[30]
Ғалымдар білім берудегі компетенттік әдісті жүзеге асырудың төрт аспектісін (түрін, нұсқасын, желісін, бағытын) ажыратады:
түйінді компетенциялар;
жалпыланған пәндік біліктіліктер;
қолданбалы пәндік біліктіліктер;
өмірлік дағдылар.
Біріншісі – пәннен кең сипаттағы түйінді компетенцияларды қалыптастыруға бағытталады. Бұл желіге, мысалы, мәтінді түсіну, әртүрлі текті ақпараттарды өңдеу, топта әрекет ету біліктіліктерін қалыптастырудың педагогикалық технологиялары жатады.
Компетенттік әдісті жүзеге асырудың екінші желісі пәндік сипаттағы жалпыланған біліктіліктерді қалыптастырумен байланысты. Оларға, мысалы, физика үшін – типтік есептерді шығара білу, математика үшін – кестелер мен диаграммаларды түсіндіре білу және т.с.с. жатады.
Компетенттік әдісті жүзеге асырудың үшінші бағыты бүкіл мектептік білім берудің қолданбалы, практикалық сипатын күшейту болып табылады. Бұл бағыт оқушы мектепте алған білімдерінің қандай нәтижелерінің мектептен тыс жерлерде пайдалана алады деген қарапайым сұрақтан туған. Бұл бағыттың мәні мектепте оқылғанның бәрі болашақта тиімді болуы керек, яғни пайдаға асуы тиіс деген ойда.
Компетенттік әдісті жүзеге асырудың төртінші желісі «өмірлік дағдыларды» игеру мәселесін шешу үшін білім беру мазмұнын жаңарту болып табылады. Бұны өмірде де, жұмыста да пайдаланатын түрлі қарапайым біліктіліктер спектрі деп түсінуге болады. Көбінесе бұл дағдылар жасөспірім балаларға қажет. Оларға, мысалы, ақша санай білу, қарапайым құжаттарды жазу жатады. Оларды кейде функционалдық сауаттылық деп те атайды.
Бұл төрт бағыттың барлығы мектептер үшін өте қажет. Бұлардың әрқайсысын орындау мектеп түлектерінің компетенциясын, олардың мектеп бітіргеннен кейінгі жұмысқа дайындығын арттыруға себептесетін болады.
Еліміз егемендігін алып, халықаралық байланыстардың кеңеюі білім беру саласында көптеген жаңалықтар мен өзгертулер енгізуде. Бұл жаңалықтар мен өзгертулер әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің ұлттық білім беру жүйесінің біздің еліміздегі білім беру жүйесінен мынадай айырмашылықтарды көрсетеді:
оқытудың кіріктірілген мақсаттары пәндік мақсаттарға қарағанда басым;
оқытудағы іс әрекетінің тәсілі қарапайым біліктілік пен дағдыларды ығыстырған;
оқытудың компетенттілік тәсілі қолданылады;
мектептегі білім беру сапасын бағалаудың және жүйесіне көшу байқалады;
мұғалім мен оқушы арасындағы авторитарлық қарым-қатынастар оқу ісі әрекетіндегі бірлестікке, жұптастыққа айналған.
Қазір білім берудің мақсаты алған білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде, өмірдің өзгермелі жағдайларына еркін бағдарлай алатын, өзінің алған білімін қолдана алатын, өзін өзі дамытуға және адамгершілік тұрғыда өз бетінше дұрыс, жауапты шешім қабылдауға қабілетті тұлға қалыптастыру. Яғни болашақ маман бойында әртүрлі компетенцияларды қалыптастырып, компетентті тұлға даярлау болып табылады.
Қорыта келгенде, соңғы жылдары педагогикада компетенттілік ұғымына деген көзқарастардың ауқымы кеңейе түсті. Жоғары білікті маманның компетенттілігі ұғымының мән-мағынасын анықтауға бағытталған мәселелер педагогика саласындағы зерттеулерде, ғылыми-әдістемелік басылымдарда кеңінен қарастырыла бастады.
Жоғары оқу орындарында мұғалімнің технологиялық компетенттілігін жетілдіру өзекті мәселеге айналды. Оқыту стратегиясы мен технологиясын таңдаудағы кәсіби міндеттердің шешімі студенттің тұлғалық сапасының дамуынан көрініс табады. Оқушылардың кәсіби тұлғалық компетенттілігін дамытудың негізгі міндеті кәсіби ойлау мәдениетін қалыптастыру. Яғни педагог тудыратын сыртқы шараларды студенттің өзінің жеке іс-әрекетімен жүзеге асыруы. [20]
Біздің түсінігімізде маманның кәсіби компетенттілігі деген – ол ойлаудың тұрақтылығы, кәсіби мәселелерді шеше білуге болжау жасау, ойлау шығармашылығы, жүйелі ойлау, нақты ойлау, логикалық ойлау, ғылыми негіздерге сүйене білу, оқыту мен тәрбиелеу әдістерін тиімді пайдалана білу, ойлау операцияларын қолдану, өзгелердің пікірімен санасып, өзгелермен қарым-қатынас жасай білу. Оқыту іс-әрекетін басқару – оған белгілі дәрежеде талап қою, педагогтың таным белсенділігін арттырып, шығармашылығын дамытатын және инновациялық білім беру мен инновациялық білім беру ортасын жасау болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе байқағанымыз, компетенттік әдістің – қазіргі шетелдік білім берудегі педагогикалық теория ретіндегі маңызы зор екендігі. Себебі оқытудың сапасынан күтілетін нәтижелер тұрғысынан жетілдіруді компетенттік әдіс қамтамасыз етеді. Оны жүзеге асыру үшін білім мазмұнынан, білім, біліктілік, дағдыға, шығармашылық, іс-әрекет тәсілдері, эмоционалдық, құндылық қатынастар тәжірибесінде негізделген түйінді компетенттіліктерді ажыратып алуымыз қажет және оларды әр болашақ маман бойында және оқытушылар бойында қалыптастыруымыз қажет.
Қазіргі ғаламдану заманында еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы, индустрияның қарыштап өсуі, әлемдік деңгейге көтерілуге бет бұруы кезеңіндегі ұлттық мәдени – тарихи, рухани құндылықтарымызды бойына сіңірген азаматтарға қоғам сұранысының өсуі білім жетістіктерін өркениетті елдердің білім деңгейіне көтеру қажеттігін талап етеді.
Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру бізге экономикалық қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет», - деп атап көрсетілген.
Қазақстанхалқының ілгері дамуын қамтамасыз ететін бірінші орындағы сала – білім саласы. Бүгінгі таңда білім саласының міндеті - білімді, дағдыларды меңгеруге қабілетті, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, ойлау өрісі кең жеке тұлға қалыптастыруды іске асыру. Бұл жағдай оқушылардың шығармашылық әрекетін дамытудағы ең маңызды мәселе екені белгілі.
ХХ ғасырдағы оқу жүйесінезер сала қарасақ, білім беру жүйесінде осы уақытқа дейін оқушыдан білім, білік, дағдыны қалыптастыруды талап етсек, бүгінгі күннің мақсаты – оларды іскерлік қарым-қатынасқа, өз бетімен білім алуға бағыттау. Сондықтан да қазіргі замандағы педагогикалық ғылымның мақсаты–бала тұлғасының дамуына бағытталған жаңа білім технологияларын қалыптастыру.
Жеке тұлғаны бағдарға алып білім беру дегеніміз-педагогикалық іс-әрекеттің әдіснамалық жаңа бағыты, яғни баланың дара тұлға ретінде өзін-өзі тануын, өзін-өзі жетілдіре отырып, дамытуын қамтамасыз ететін өзара тығыз байланысты идеялар мен іс-әрекеттер жиынтығы.
Технолог ғалымдардың пайымдауынша, жеке тұлғаны бағдарға алып оқыту технологиялары әрбір баланың жеке ерекшеліктерін ескеруге және тәрбиелеу әдістері мен тәсілдеріне негізделген.
Г.К. Селевко мұндай технологияның ең негізгі құндылығы оқушы жеке тұлғасы, ал оның негізгі мақсаты - табиғи қабілеттеріне сәйкес тұлғаны дамыту және қалыптастыру екенін атап көрсетеді[59].
Сондықтан, жеке тұлғаны бағдарға алып білім беру оқу материалын шығармашылықпен меңгеру аясын кеңейтеді және мұғалімнен төмендегідей іс-әрекетті талап етеді:
1) өз оқушыларының мінез-құлқы, көзқарасы, талғамы мен жеке ерекшеліктерін жақсы білу;
2) жеке тұлғаның ойлау ерекшелігі, қызығушылығы, өмірге, еңбекке көзқарасы, құндылықтарды бағалауы, өмірлік жоспары сияқты аса маңызды тұлғалық қасиеттерінің қалыптасу деңгейін білу;
3) әрбір оқушыны білім деңгейі мен мүмкіндігіне сай және біртіндеп күрделене беретін әрі жеке тұлға дамуын қамтамасыз ететін тәрбиелік әрекетке тартып отыру;
4) алға қойған мақсаттарға жетуге кедергі келтіретін себептерді анықтап, жойып отыру;
5) жеке тұлғаның белсенділігіне сүйене білу;
6) тәрбие ісінде жеке тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеу әдістерін, формаларын таңдауына көмек беру;
7) оқушының әрекетін, белсенділік көрсетуін, табысқа жетелейтін ұмтылыстарын бағыттау.
Тұлғаға бағдарланған жаңа көзқарас түсінігін анықтау үшін үш мәселені атап кету керек: