Фронтисписте - басылымның тақырыбына және бүкiл кiтапқа арналып сәйкестіріліп салынған сурет немесе автордың суретi (портретi) орналастырылады. Бұл фронтиспис беті - негiзгi титул бетiне қарсы (сол жағында) орналастырылады. Фронтиспистегi бейнесурет кiтаптың маңызын, мазмұнын арттырып, оқырмандарға деген әсерiн асырады. Бұл элементтің кiтапты жарнамалауға да маңызы зор.
Авантитул - алдыңғы, бастапқы титул, басылым мұқабасын ашып жібергенде бірінші көзге түсетін бет, титулдық беттің ең бiрiншi бетi. Бұл бет кейде ашық қалдырылады, кейде баспаның атауы, маркасы немесе ұраны басылады. Ол шығармада контртитул немесе фронтиспис болған жағдайда негізгі титулдан бұрын орналасады. Олай етудегі мақсат - қарсы беттерінде қосалқы элементтер басылған фронтиспис пен контртитулдың композициясын бұзбауға тырысу, олардың екінші беттерінен қағаз арқылы таңбасы көрінуі ықтимал екенін ескеріп оны бүркеу. Сондай-ақ, авантитулды баспаның маркасы есебінде де пайдалануға болады. Есте ұстайтын жайт - шығару мәліметтерінің деректерін авантитулда басуға болмайтындығы. Олай жасалса, біріншіден мәлімет қайталанады, екіншіден негізгі титулдың құрылысы бұзылады. Авантитулға баспаның атын не баспаның эмблемасын берген дұрыс. Негізгі титулға қарама-қарсы бір элемент қарсы титул - контртитул. Оның орны - негізгі титулға қарсы парақтың сол жақ қарсы беті. Оның өзі көп томдық және академиялық ғылыми басылымдарда қолданылады. Кейде контртитул орнынан сюжетті сурет қойылады. Екi парақты титулдық беттің екінші бетінде орналасатын контртитулдық бет, негізгі титулдық бетпен қатарласа орналасады. Аудармалық басылымдарда сол аударылатын тілде жазылған түпнұсқалық титулдық мәлiметтер басылады. Сондай-ақ бұл бетте - шығу деректерінiң (выходные сведения) кейбiр бөлiгi және негiзгi титулдық бетте берілетін мәлiметтер тым көп болғанда, осы мәлiметтердiң кейбір бөлігі беріледі. Контртитулдың тағы да бiр мақсаты - кiтаптың ашылуын созып, маңызын арттырып, салтанаттандыру. (Контртитул мен авантитулдың, яғни осы қосымша екi беттің көркемдiк және логикалық қажеттiлiгiн - шешiп алу керек). Титулдық беттің екiншi және үшiншi бетiнде - екi бетке қатар орналасқан немесе бiр беттен екiншi бетке жалғастыра орналастырылған мәтiн, мәтiн аралас сурет немесе кітаптың тақырыбына сәйкес келетін суреттерді орналастыруға болады. Басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған бірқатар ірі шығармаларға екі титул беріледі: бірі - орысша басылымының түпнұсқа титулы, ол қарама-қарсы екі беттің сол жағына қойылады, ал екіншісі - қазақша титулы беттің оң жағын алып тұруға тиіс. Бұл ретте орысша титул «контртитул» ролін атқарады. Сондықтан ол орысша басылымының дәл көшірмесі болуы шарт. Колонтитул - ірі шығармаларда ғана, мысалы томдық шығармаларда, энциклопедияларда, ғылыми еңбектерде, көлемді журналдарда берілетін беттік титул. Ол түпнұсқа теріліп болып, беттеле бастағанда көрсетіледі. Бұл элементтің мәні полиграфия техникасының безендіру тәсілімен, редакциялық жұмыс үрдісімен тікелей байланысты.
Колонцифр (нем. Kolumnenziffer) - беттің реттік нөмірін көрсететін цифр. Кітаптың астыңғы жағында немесе бүйірінде көрсетіледі. Колонцифрды кітаптың көркемделуіне қарай, әртүрлі тәсілде дизайнердің өзі қояды.
Мынадай жағдайда колонцифрлар қойылмайды:
кітаптың бастапқы жағында (егер колонцифрлар жоғарғы жақта жазылса);
кітаптың соңғы жағында (егер кітапта колонтитул мен колонцифр төменгі жақта жазылса);
кітап беттерін толық сурет алып жатса;
жапсырмаларда;
арнайы беттерде (мерейтой иесі, т.б.).
Колонцифр қойылмаған беттер кітаптың жалпы беттік санына кіреді. Тек жапсырма беттер ғана есептелмейді. Колонцифрды қою жұмысы пагинация (лат. Pagina - бет (страница)) деп аталады. Пагинацияға кейде мінәжаттық (сакральных), анықтамалық, көлемдік бағаналар саны да кіреді. Бұлар беттің санына қарамай өздері бөлек есептеледі.