Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:
Жас баладан биің болар,
Жас балшықтан үйің болар,
Ат жақсысы арбада болар,
Жігіт жақсысы саудада болар.
Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.
Сөздің
маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Бетіңнен алып түсер інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір - жерге теңеледі,
Әйел - ерге теңеледі,
Көл - теңізге теңеледі.
Сиыр - өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны - ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді, "Алһам" білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады...