Бала тәрбиесінде — отбасы ең үлкен мықты тәрбие ошағы. Баланың адамдық қасиеттері мен әдептілігі, оның болашақта қандай адам болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты. Өйткені ата-ана — басты ұстаз. Баланың заманына лайық азамат болып өсуі – алдымен ананың ақ сүтімен, абзал тәрбиесінің жемісі. Отбасы – десе әр адам өзіне қатысы бар деп ойлайтыны анық жағдай. Отбасын ата – ана және бала құрайды. Оның кез – келген мүшесі бақытты да төрт құбыласы тең болуды қалайды. Бірақ сондай жағдайды жасауға біреу әрекет қылса, біреу құдай берер деп көктен күтумен уақыт оздырары белгілі жағдай. Әрбір ананың ойлайтыны баласының бақыты екеніне менің күмәнім жоқ. Ал, бақытты бала қандай болуы керек? деген сұрақтың жауабын кім – кім де болса іздейді. «Кемшілік хан қызында да болады» демей ме халықта, сол айтқандай бейбіт өмірде де қиындық жоқ деуге болмайды. Тек сол қиындықты басынан өткізу арқылы оның соңындағы қызықты да көре білген жөн. Басқа түскен әрбір күйзеліс кезеңінде өз – өзіне сенімді, белсенді адам ғана өмірдің сол қараңғы түнегінен жарықтың саңылауын көре біледі. Тірлік қылмай өмірге өкпелеп өтетін де адамдар жоқ емес. Баладағы тәрбиенің іргетасын қалайтын ол — отбасы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Неліктен көп жағдайда бала ата – анадан асып кете алмайды? Осы сауал мені көптен мазалап жүрген сауалдардың бірі. Бала – періште. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ол ана сүтін еміп, ананың әрбір шығарған демін сезініп өседі. Ең қарапайымы, баланы емізген ана қандай сезімде отырса, бала соны сезінеді, әр демнен ананың көңіл күйіндегі өзгерісті де баланың сезінетінін түсіндім.
Бала есі кіре бастағаннан – ақ «Анам, менің анам. Анам бәрінен де күшті, ол бәрін біледі» деген оймен өседі. Сәбидің ойынша, өз ата – анасынан асқан білгір, данышпан, оған қорған болар адам жоқ. Осы бала санасындағы ойлар біртіндеп өз күшін жоя бастайды. Оған себепші біздер, яғни ата – аналар. Бала ата-анадан нендей себептермен асып кете алмайды деген сауалыма менің тапқан жауабым: «Балада әсіресе мектеп жасына жеткеннен кейін сұрақтар көбейетіні анық, сол сұрақтың бәріне бірдей біз жауап беріп жатуды өзімізге міндет санамаймыз. «Білмеймін» деген жауап қайтаруды жиілетеміз. Ал, күні бүгінге дейін ең білгір, ең ақылды адам деген ата – анасы білмеймін деп жауап бергенде, бала не ойлауы мүмкін. Әрине «олар білмегенді мен қайдан білемін» немесе «осыны білмеген менің ата –анамда ел қатарлы күн көріп жатыр ғой, маған да соны білудің қажеті бола қоймас» деп ойлайды. Осы «Білмейміннен» кейін баланың да даму қарқынына нүкте қойылары хақ.
Бала тәрбиесі ол — үлкен бір ғылым.Бір отбасында жалғыз бала болса да, 6-7 бала болса да балаға берілген тәрбиеде кемшілік болып жатады. Дана халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген, қазіргі уақытта ол күндердің әдебін көру көп жағдайда мүмкін болмай отыр. Ең әуелі олар баланың алдындағы өз міндетін біліп, сол міндетті жеткілікті дәрежеде орындауы тиіс. Ол дегеніміз, байлық пен барлық қана емес, балаға рухани байлық керек. Жақсы мен жаманды ажырата білгені жөн. Өмірдің мәні тек ақша мен байлық деген ойдан баланы аулақ салу қажет.
Адами қасиетті бала бойына дарыта білу кез – келгеніміздің қолымыздан келе бермейді. Тіршілік қамымен жүріп балаға мүлдем көңіл бөлмейтін де, өз машақатымен айналысып балаға тәрбиенің керек екенін ұғынбайтын да, тәрбиеде ең бастысы тәртіп деп балаға тым қатал қарайтын да, қазіргі балаға қатты айтуға болмайды деп баланың ыңғайымен жүретін де, менің жиған – тергенім балама жетеді деп қалтаға сенетін де, басқа жұрт не десе о десін менің балам ең тәуір бала деп баланы жақтап отыратын ата – ана да жоқ емес.
Мен өз өмірімдегі осындай жағдайларды ескере жүріп, балаға қойылатын талаптың да, оған берілетін еріктің де өз шегі болуы керек екеніне көз жеткіздім. Демек, бала мен ата – ана арасында өте тығыз байланыс жүру керек. «Баланы жастан» деген, бала тәрбиесі бесікте жатқаннан басталу керек. Бала жылады деп көп көтерсе ол соған дағдыланады. Мезгілсіз мекенсіз тамақ берсе соған да үйренеді. Бесікке байласа жылай береді деп бесіктен жиі босата берсе, нәресте бесіктен мүдем шығып алады. Осылайша бала бесіктен белі шықпай жатып өз дегенін жасатуға дағдыланады. Бала үшке толғанда «болады» мен «болмайдыны» білуі тиіс. Бала тәрбиесін бес жастан бастаймын дейтіндер де бар. Бес жастан қазір мектепке барады. Сонда мектепке келгенде бала өзіне рұқсат етілетін мен етілмейтінді ажырата алмаса одан не үміт, не қайыр. Мұғалім оған қалам ұстап жазуды үйрете ме, әлде болатын мен болмайтынды ажыратуды үйрете ме. «Қызым үйде, қылығы түзде» деп бекер айтылмаса керек
. Бұл сөз тек қыздарға ғана қатысты деуге болмайды. Кез – келген бала өз отбасында, ата – ананың көз алдында жүріп көрсете алмайтын мінез — құлықтарын басқа қоғамда көрсетеді. Өзге біреуге әлім – жеттік көрсету, үлкенге қарсы келіп сөз қайтару сияқты үйде көрсетпейтін мінездерді далаға шыққанда көрсетіп жатады. Мұның бірін де ата – ана үйретеді деуге болмайды
. Бірақ бұл да тәрбиеден кеткен қателік деуге болады. Ата – ана балабақшамен, мектеппен тығыз байланыста болуы керек. Бірақ сол нәрсеге уақыт тауып, менің балам басқа жерде қандай, оның сабағы қалай, өз тобында немесе сыныбында оның ролі қандай деп көңіл қоятын ата – ана жоқтың қасы. «Уақыт жоқ, мектептегі баланы қарасам үйдегі шаруам қалады немесе жұмыстан қолым тимейді» деген сияқты біздің тарапымыздан сылтау көп болып жатады. Сол сылтауларымыз сиресе, ата – ана үшін бала өзінің орнының бөлек екенін, оның болашағы олардың назарында жүргенін сезінер еді деп ойлаймын. Бала тәрбиесі мәселелерін әрбір ана не әке өмірлік тәжірибеден көріп үйрену керек. Балаға жылы қабақ қандай мөлшерде болса, қатал көзқараста сондай мөлшерде болуы тиіс. Балаға ата – ана тарапынан талап үнемі қойылу керек және оның орындалуы қадағалануы тиіс. «Балаға жаның ашыса, оны аяма» деген де сөз бар. Сол айтылған сөздің мағынасына тоқтап кеткім келіп отыр
. Әр балада тәуліктің 2-3 сағаты ғана бос уақытқа бөлінуі тиіс, одан басқасында бала сабақта, үй тапсырмасын орындауда немесе ата –анамен бірге үй шаруасында болуы керек.
Бос уақыты көп бала түрлі жаман әдеттерге үйірсектенеді, ең қарапайымы теледидардан мүлдем қарауға тұрмайтын жат нәрселерді қарап, өзіне қажет емес ақпараттарды алары анық жағдай. 12 жастан асқан бала отбасында ата – ананың оң қолы ретінде барлық шаруаға дерлік қабілетті болғаны жөн. Қазіргі уақытта ата – ана емес бала талап қоюға бейімделген. Ал, ата – ана сол мүмкіндікті балаға неге беретінін түсінбеймін. Ата – ана баланың алдындағы өз міндетін жоғары деңгейде атқарып отырса, әр нәрсені өз орнымен орындап, содан соң балаға талап қойса, ешбір бала қойылған талаптан бұлтармайды.
Егер бала талап қояр болса, онда бұл талап тек баланың қажеттілігін қанағаттандыратын деңгейде ғана орындалуы тиіс. Бала талабын жеткілікті деңгейде орындау дұрыс емес. Есін білетін баланың бәрі тұрмыс жағдайында адам баласына қажет болатын әрбір нәрсенің қайдан, қалай, қанша еңбектің, қаржының арқасында келіп жатқанын оның құнының өтелуі тиіс екенін ұғынып өсу керек. Үлкендер кішілерге, аяқ астында тегін жатқан нәрсенің жоқтығын, оның бәрі тек еңбек арқылы келетінін, бала санасына жеткізіп отыруға міндетті.
Біз ата - аналар баланың ойлағанынан да жоғары деңгейде ойлауға тырысуымыз керек. Сонда ғана бала қиялындағы ғажайып, данышпан ата-ана бола аламыз. Бала тәрбиесіне көбірек назар аударайық құрметті ата – аналар! Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі
. Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ол біздің қолымызда. Бала бақыты ол — өміршең ата – ана. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру бәрі де адамның өз қолында.