XX ғасырда тұтас әдеби процесс, өнердiң сан саласы дамыды. Әсiресе қазақ әдебиетi үшiн. XIX ғасыр орыс әдебиетiнде алтын ғасыр болатын болса, қазақ үшiн нағыз алтын ғасырды жасаған әдебиет - XX ғасыр әдебиетi.
Белинскийдiң бiр сөзi болатын: «Сын - көркем өнердiң анасы» деген. Ол кiсiнiң айтып отырғаны - сыни эстетикалық талғам жоқ жерде, көркем өнер де болмайды дегенi. Көркем өнердi жасаушы тұлғалар суретшi ме, жазушы ма, мүсiншi ме, соның талғамын қалыптастыратын сын деп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, сынның өрiстеп жақсы дамыған тұсы XIX ғасырда орыс әдебиетiнде болды. Орыс әдебиетiнде бұл - алтын ғасыр. Ендi әрiден Пушкин дәстүрiн берi қарай алып келсек, Пушкин - халықтың ұлы ақыны, данышпан ақыны. Сол кезеңде Гоголь, Тургенев, Достоевский, Толстой, одан сәл бергiдегi Шитков, Лесков. XX ғасыр басында - Бунин, Куприн, поэзияда Блок, Есенин. Бұлар - ғажайып көркем өнер туындыларын берген адамдар. Орыс әдебиетi кейiн өзiнiң осы биiгiне жете алмай қалды. XIX ғасырдағы орыс жазушылары бүкiләлемдiк проблемаларды көтердi. Бiр ұлттың тағдыры арқылы бүкiл адамзатқа гуманистiк идеялар ұсынды. Бұларда бөле-жару деген болған жоқ. XX ғасырда орыс әдебиетiнде, қалайық-қаламайық, орыстық томаға-тұйықтық басым болды. Ұлттық характердi бiрiншi орынға шығарамыз деп жүрiп, орыстың ғана проблемасын көтердi. Ол үшiн кiнәлауға да болмайды. Өйткенi, орыс халқы қабылдамаған жазушы, құдай бiледi, ол орыс жазушысы ретiнде тарихта қала ма, қалмай ма. Мiне, осындай әдебиеттен әдеби сын туды, өрiстедi, сын әдебиеттi туғызды. Әр жанрдың өз талабы бар, өзiнiң шыққан биiгi бар. Әр жанрға бейiм талант болу керек. Белинский өлең жаза алмаған болуы керек, есесiне сындағы ақын едi. Чернышевский - философиялық сынның негiзiн салушы.
Қазақ әдеби сыны қай уақытта да өзiнiң уақытына, өзiнiң уақытындағы әдебиетке жауап бере бiлдi. Отыз жетiншi жыл мен елу жетiншi жылдың арасында қазақ әдебиеттану ғылымына, ұлттық тарихымызға, тарихшы ғалымдарымызға қайта-қайта шабуыл жасалған. Олардың бiр сәт белiн шешiп, үстелдiң үстiнде еркiн ойлап, еркiн шығарма жазған кездерi сирек. Әдебиеттану ғылымы, оның iшiнде сын бiр саты төмендеп қалды. Ендi отызыншы жылдардан бастап қуғын-сүргiн көрген адамдар Кенжебаев, Жұмалиев, Смайылов, Әуезовтер партиядан шығарылған. Ол кезде партиядан шығарылу деген сөз - ендi абақтыға қамалуы ғана қалды деген сөз. Смайылов пен Жұмалиев жиырма жылға сотталып келген. Осының бәрi олардың шын мәнiнде сын жанрын еркiн өрiстетуiне, өзiнiң шығармашылық мүмкiндiгiнiң жан-жақты ашуына мүмкiндiк бермеген.