Еңселі оқу ордасының алғашқы қадамдары 1949-59 жылдар Соғыстан кейінгі бейбіт заман – дауылдан кейінгі тыныштыққа ұласып, жылымық кезеңі орнағанымен, еліміздің әлеуметтік - экономикалық жағдайы қиын болды. Мемлекет алдында күйреген экономика мен халық шаруашылығын қалпына келтіру сынды іргелі міндет тұрды. Сонымен бірге, төртінші бесжылдыққа сәйкес халықтардың мәдениет деңгейі мен материалдық әл-ауқатын арттыру мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Білім саласы бойынша «Жоғары және орта білімді одан әрі дамыту шаралары туралы» қаулы қабылданып, республика мектептерінде мұғалім мамандығына деген қажеттілік бұрынғыдан да күшейе түсті. Ел өмірінде орын алған осындай оң өзгерістер Панфилов педучилищесінің де қанат жайып, кемелдене түсуіне барлық жағынан мүмкіндік туғызды. Жылдан-жылға түлектер саны еселеніп, оқыту ауқымы кеңейіп, бастауыш сыныптар үшін жалпы орта және арнаулы білімі бар маман мұғалімдер даярланды. Училище директоры болып Әбдіхалық Сариұлы қызмет атқарды.
1952 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Әбілбай Есенқұлұлы Найзабеков училищеге қызметке қабылданды. Алғашқы кезде студенттерге әскери дайындықтан сабақ бере жүріп, кітапханада жұмыс істеді және кітапхана жұмысын ұйымдастыруға біраз өзгерістер енгізді. Кітап қорын толықтыру барысында тынбай жасаған жұмыстарының нәтижесінде кітап қорын 5 000 данаға жеткізіп, ал оқырмандар санын 100-ден асырды.
Тәлім мен тәрбиеге толы жылдар 1959 – 69 жылдар Осы жылдары училищенің тынысы кеңіп, құлашын кеңге жайды. «Мектеп» бөліміне қоса «Сырттай оқыту бөлімі» ашылды. Бөлімде «Бастауыш сынып мұғалімі» және «Балалар бақшасының тәрбиешісі» мамандықтары бойынша кадрлар даярлана бастады.
Тәрбие басы - талбесік. Бүлдіршін шағында берген тәрбие оны азамат етіп өсіреді. Ал дәл осы арада «Балалар бақшасы және онда еңбек ететін тәрбиеші қандай болу керек» деген орынды сауал туады. Міне, осы күрмеуі күрделі сұраққа училищеде 60 – жылдардың соңында құрылған «Мектепке дейінгі бөлім» оңтайлы жауап болды.
Бұл жылдары директорлық қызметті Нұрмақ Шегебайұлы атқарды.