Өткен күнде белгі бар 1969-89 жылдар Бұл екі онжылдықты жылдықты жұптастыра жазып, біріктіре баяндауымыздың өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, осы кезеңдерде училищеде жүзеге асырылған барлық оқу-тәрбие жұмыстары, қоғамдық-саяси, мәдени - бұқаралық істердегі қол жеткен жетістіктер бір-бірімен өзектес, терең тамырлас.
Білім ордасының бұл жұлдызды шағы партия қызметінде ұзақ жылдар еңбек еткен «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО арнаулы орта оқу орындарының үздігі», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Клара Сыздыққызы Жұмағұлованың, «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» Әбілмәжін Кенжебековтың, ұлағатты ұстаз Шин Борис Николаевичтың есімдерімен тығыз байланысты. Аталған басшылар өз қызметі барысында оқу орнының материалдық-техникалық базасының негізін қалаған болатын.
1979 жылы Панфилов педагогикалық училищесі сапалы білім, саналы тәрбие берудегі табыстары үшін КСРО Жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігі және КСРО Оқу министрлігінің марапатымен,
Бүкілодақтық Лениншіл коммунистік Жастар Одағы Кәсіподақтарының Құрмет грамотасымен марапатталды.
1983 жылы педучилище жаңа ғимаратқа көшіріліп, 1988 жылы 400 орындық жатақхана пайдалануға берілді.
Училище өнерпаздары облыстық, республикалық үлкен сахналарда өнер көрсетті. Сол дәуірде әркімге бұйыра бермейтін сирек сәттілікке ие болып, республикалық теледидарға концерттік бағдарламамен шықты.
Әрине, нәтиже өздігінен келмейді. «Оқу - инемен құдық қазғандай» дейді халық даналығы. Педучилище ұжымының пәрменді табыстары негізінде іскер басшылар мен ізденімпаз оқытушылардың және қабілетті студенттердің қажырлы еңбектерінің өтеуі жатқаны сөзсіз.
Тағылымы мол табысты жылдар 1989-1999 жылдар Ата - бабамыз сан ғасыр бойы армандаған егемендікке енді қолымыз жеткен сол бір тарихи кезеңде қуанышқа кенелгеніміз де рас. Дегенмен, қоғамдық қатынас ауысқанда болмай қоймайтын қиындықтар біздердің басымыздан өткені де жасырын емес. Бірақ, мұнда бұрыннан қалыптасқан іскерлік дәстүр, аға ұрпақтың жасампаздық салты тығырықтан тарықпай шығуға игі ықпалын тигізді.
Тәулесіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыр кезеңдерді егеменді елімізбен бірге еңсерген оқу орынның материалдық-техникалық базасымен бірге білім беру үрдісі де жаңартылып, өркендеу жолына түсті. Экономикасы құлдырап, аяғынан әлі тұрып үлгермеген жас мемлекетімізде жастардың бүгінгі білімі – ертеңге капитал болатындай, ал қазіргі тәрбиесі – қазақтың ұлттық мәдениетін қастерлей білетіндей болуы үшін колледж оқытушылары өздерінің өмірлік тәжірбиелерін, білімдерін студенттерге жеткізе білді.
Жаңа дәуірдің жаңаша талаптарына сай 1993 жылы педагогикалық училищеге колледж мәртебесі берілді. Мұнда кадрларды даярлайтын мамандық саны 7-ге жетті. 1995 жылы филология факультеті ашылды.
Қоғамдық формация қадамдарынан қалыспаған колледж өмірінде бұдан өзге де көптеген игі істер жүзеге асырылды. Мұндағы бай ізгі дәстүр одан әрі дамытыла түсіп, тек оқу-тәрбие саласында ғана емес, ауданның қоғамдық-саяси және мәдени тынысын кеңейтуге де оқытушылар мен студенттер белсене атсалысты.