«Когнитивтік ғылым» термині алғашқыда белгілі ақпаратты қабылдау, оны електен өткізу, ми қыртыстарында сақтай отырып, қажетті кезде оны тәжірибеде қолдану үшін енгізген. Нәтижесінде адам миында білімнің қалыптасу және толығу жүйелерін зерттейтін ғылым пәндер есебінде қолданылады. Адам санасында, миында қалыптасқан білім қыртысының көрінісі тек тілдің қызметі арқылы жүзеге асады. Тек тілдік бірліктер нәтижесінде коммуникативтік қарым-қатынасқа түседі. Сондықтан да тілдің когнитивтік лингвистикада алар орны өте зор. Когнитив ғылымының негізін қалаған психолог Джордж Миллер мен тілші Ноэм Хоменийдің есімдері де осы саламен байланысты жиі аталып келеді. Жалпы когнитив ғылымы адамзат атаулының әлем бейнесі мен қоршаған дүниедегі заттар мен құбылыстардың, процестер мен сансапалардың, уақыт пен кеңістік факторының қарым-қатынасын адам санасы мен ақыл-ойында, тұжырымдай айтқанда дүниетанымында қалай көрініс беретіндігін айқындаумен айналысатын ілім ретінде сараланып, құдыретті тіл арқылы көрініс беретіндігі айқындала түсуде. Сондықтан да болар бүгінгі таңдағы әлемдік ғылымтануда когнитив ғылымы іргелі ғылым салаларының зерттеу мүддесіндегі ядролық тірек ұғым ретінде танылып, «таным патшалығының» тірек нүктесі тұрғысынан дәйектеліп келеді. Бұл ретте таным патшалығының негізі – ғалам бейнесі мен ғаламның тілдік бейнесі болады. Ғалам бейнесі адамды қоршаған объективтік шындық болса, динамикалы (үнемі қозғалысты) негізді және ғалам бейнесіне тілдік араласудың нәтижесінде ғаламның тілдік бейнесі пайда болады.