«Байырғы грек руханилығы хақындағы баян»
«Антика философиясы» еңбегінің алғашқы бөлімін Энтони Кенни Аристотельдің төрт себебінен бастайды. Төрт себеп – бұл Аристотельдің бізге жалпы тәжірибемізден белгілі өзгерістерге қатысты міндетті түрде қоятын төрт сұрағымызға жауаптар. Сонымен, төрт себеп – материалды себеп (неден жасалды?), тиімді себеп (қалай жасалды?), формалды себеп (жасалған нәрсе не?), қорытынды себеп (қандай мақсатта жасалды?). Кеннидің көзқарасы бойынша «Болмыс кітабы» Аристотельдің барлық төрт себептік сұрақтарына жауап тауып береді. Алайда, «Болмыс кітабы» – философиялық еңбек емес. Бұған себеп – антика дәуірінде дін, ғылым және философия арасындағы алшақтық кейінгі ғасырлардағыдай айқын болмаған. Алтыншы ғасырдан бастап, дін, ғылым және философия элементтері бір мәдени «қазанда» қайнайды. Біздің заманымыздың философтары, ғалымдары мен діндарлары осы көне дәуір ойшылдарына өздерінің ақылман бабалары ретінде жүгіне алады.
Бірінші томның кіріспесінде Кенни осы кітабының философияның қайнар бастауынан б.д. 387 жылына, яғни Аурелий Аугустинге дейінгі философиялық идеялардан тұратындығын жазады. Бірінші бөлімде Кенни Пифагордан Платонға дейінгі антика философтары мен философиялық мектептердің идеяларын айшықтайды. Екінші бөлімде Арисотельден бастап Аугустинге дейінгі философиялық мектептер қарастырылады. Үшіншіден тоғызыншы бөлімге дейінгі тақырыптық бөлімдерде Кенни әр түрлі философиялық мәселелер контекстінде антикалық философтардың көзқарастарын бағамдайды.
Логика тарауында Аристотельдің силлогистикасы, әсіресе оның «Категориялар» еңбегі және стоиктердің логикасы қаралады. Эпистемология бөлімінде Сократқа дейінгі гносеологиялық концепцияларға, Сократтың білім және білімсіздік идеяларына, Аристотельдің ғылым мен иллюзия туралы ойларына, Эпикур мен стоиктер эпистемологиясына, сонымен қатар, Пирронның скептицизміне мән берілген. Физика тарауы континуум түсінігінен, өзгеріс пен себеп-салдарлық байланыс, уақыт, қозғалыс, орынға қатысты аристотельдік идеялардан, себептілік туралы стоиктердің идеялары сияқты зерттеулерден тұрады. Сонымен қатар, осы жерде антика философиясындағы детерминизм мен еркіндік мәселелері де қарастырылады. Метафизика бөлімі Парменидтің онтологиясынан басталып, Платонның эйдосына және Аристотельдің формаларына талдау жасалып, болмыс пен тіршілік ету мәселелерін қарастырумен аяқталады. «Жан және ақыл» бөлімінде Кенни Пифагордың метампсихозына, Платонның «Федондағы» мәңгі өмір сүру ұғымына, жан анатомиясына, Аристотельдің философиялық психологиясына, эллиндік философиялағы ақыл және кейінгі антикалық ойдағы еркіндік, ақыл мен жан туралы мәселелерге тоқталған. Мораль философиясына арналған бөлім Демокриттің мораль түсінігіне, Сократтағы ізгілік, Платондағы әділеттілік пен рақат мәселесіне, Аристотель эвдемонизміне, Эпикур гедонизміне және стоиктер этикасын талдауға арналған. Тәңір туралы бөлім Ксенофан, Сократ, Платон, Аристотель, Эпикур, стоиктер теологиясынан бастап, Плотиннің үштік жайлы ілімін байыптауға бағытталған.
Қорыта айтқанда Кэнни қаламынан туған анық та айқын тарих ‒ батыс ойының даму бағытын қалыптастырған ойшылдар мен идеяларға құмартатын жандардың бәріне қызықты болатыны сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |