Тірек сөздер: этномәдени бірлік, ұлттық құндылық, туыс атаулары, киім түрлері, мал
атаулары, ойын түрлері.
Жаһандану заманында қазақ тілін танымдық тұрғыдан зерделеу оның
мемлекеттік мәртебесін сақтауға, ұлттың ділін қалыптастырудағы мәнін жас
ұрпаққа саналы меңгертуге тірек болатындығына зерттеушілер айырықша назар
аударуда. Өйткені бұл жаңа бағыт арқылы білім алушы тіл адамның өмір танымы,
болмысы, әлеуметтік мүддесімен тығыз байланысты екенін түсінеді. Мұндай
бағытта оқыту білім алушылардың дүниетанымын кеңейтіп, тілдік білімге деген
жаңа көзқарастарын орнықтырады. Сол арқылы тіл болмысын халықтық таным
тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік жасалады. Осы ретте мектеп оқулықтарының
алатын орны ерекше, өйткені қай тілде болмасын оқытудың мазмұны оқулық
арқылы іске асатындығы белгілі жағдай. Орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский
айтқандай, «Оқулық – оқытудың мызғымас іргетасы». Сондықтан білім
жүйесінің қай сатысында болмасын оқыту ісі сапалы да жүйелі жазылған
оқулыққа байланысты екені сөзсіз.
Жалпы білім беретін мектепте «Қазақ тілі» пәнін оқытудың міндеттерінің
негізгілері – білім алушыларды тілдің қоғамдық мәнін түсінуге, қарым-қатынас
176
жасау салалары мен түрлі жағдаяттарда өз ойларын сауатты және мәдениетті
түрде жеткізе білуге дағдыландыру; түрлі мәтіндер негізінде оқушыларға
адамдардың өзара түсінісуі, сыйластық, құрмет сезімдері, адамгершілік
қасиеттері, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарай білуі сияқты
ізгі қасиеттерді қалыптастыру деп көрсетілген. Аталған міндеттерді жүзеге
асыруда оқулық материалдарының рөлі ерекше. Осы ретте оқулықтарда берілген
мәтіндердің танымдық мәні басты назарда болуы керек. Оқулық
материалдарында тек қана тілдің салаларына қатысты теориялық мәліметтермен
қатар әрбір оқулықта берілген жадығаттардың оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп,
дүниетанымын қалыптастыруға ықпалы болуын әдіскер- ғалымдар ескеріп
отырған.
Қазақ тілі оқулықтары мен тілді оқыту әдістемесінің қазіргі дәрежеге
жетуіне жол сілтеген, бағыт берген, қиыннан жол тапқан, жоқтан бар жасаған
бастау көздер Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлы оқулықтары,
әдістемелік құралдары екені даусыз. Өйткені, оқулық пен әдістеме ілімі бір-
бірімен тығыз байланысты. Ы.Алтынсарин де, А.Байтұрсынұлы да өз кезіндегі
әлемдік алдыңғы қатарлы дидактика және әдістемемен жақсы хабардар
болғандығы ақиқат. Ол туралы А.Қыдыршаев былай деп жазған:
«А.Байтұрсынұлы өз заманындағы батыс, шығыс, орыс әдіскерлерінің озық
әдістемелік еңбектерімен таныс болған. Ал, А.Байтұрсынұлы әліппелерінің,
оқулықтарының әдістемелік еңбектерінің осы озық үрдістен шыға білуі оның
толық дәрежесінде әдіскерлігін аңғартады» [1,7-б.].
А.Байтұрсынұлы қазақ тілін пән ретінде оқытатын тұңғыш оқулықтар –
«Тіл – құралдың» үш бөлімін жазған. Ғалым бұл оқулығын жазғанда, қазақтың
бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем
жүйелерін де үйрету керек деп есептеп, сондықтан бастауыш мектептегі оқуға
шамалап, қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін балаларға оқытуға арнап
«Тіл – құрал» деген оқулықтарын шығарған. Автордың өз сөзінен бұл анық
көрінеді: «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз
тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуымыз тиіс. Қазақтың бастауыш
мектебінде басқа білімдермен қатар, қазақ тілін наху, сарфы да үйретілерге
керек. Үш жылдық бастауыш мектептегі оқуға шамалап қазақ тілінің наху,
сарфын бөліп, балаларға ыңғайлы түрмен осы «Тіл – құрал» деген кітапшаларды
шығарудамыз» [2,142-б.].
Профессор Н.Оралбаева А.Байтұрсынұлын қазақ тілін оқыту әдістемесінің
негізін қалаған ғалым ретінде бағалай келіп, «А.Байтұрсынұлы әліппесінің,
оқулықтарының қазіргі кездегі оқулықтарды жазуда қолданылу орнын көрсету,
пайдалы жақтарын анықтау, дәлелдеу, келешекте оқулықтардың сапасын
арттыруға әсер етеді» [3, 80-б.],-деген пікірі ғалым оқулықтарының әлі де ашыла
түсер қырларын меңзейді. Осы ретте әдіскер-ғалым оқулығында берілген
материалдар халқымыздың сол кездегі тыныс-тіршілігі мен ұлттық
құндылықтарынан, мәдениетінен хабардар ететін жадығаттар екендігін баса
айтқымыз келеді. А.Байтұрсынұлы әліппе, тіл құралдарында ауыз әдебиетінің
ерекше бір түрлері мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштар шоғыры...
177
балғындардың жас мөлшеріне сәйкес тілін дамытуда, ойын ширатуда таптырмас
құрал әрі қажетті тәсіл екенін жоғары бағалай білген [1,13-б.].
Бұдан А.Байтұрсынұлы өз оқулықтарында оқушыға қазақ халқының ұлттық
құндылықтарынан, мәдениетінен мәлімет беретін мәтіндер, ауыз әдебиеті
үлгілерінен үзінділерді таңдай білгендігін байқаймыз. Өйткені академик
Ә.Қайдар айтқандай, «мәдениет» жеке адамның басына тән қасиеттен басталып,
бүкіл ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана,
дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін түгел қамтитын
өте күрделі ұғым екендігін, ал этнос пен оның тілін сонау балаң кезінен есейгенге
дейінгі барлық болмысы мен өмір-тіршілігін, дүниетанымы мен мәдени, рухани
байлығын ана тілінде сақталған фактілер мен деректер негізінде зерттеп білу
және оларды бүгінгі таңның игілігіне асыру [4] оқулық жазу ісінде де басты
мәселе деуге болады.
Тілдің өз бойында этномәдени мұраларды сақтаушылық қызметі туралы пікір
жалғастығын ғалым Н.Уәлиевтің мына тұжырымынан табамыз: «Тіл — өмір
шындығы. Сол шындықты уақыт қалдырған қатпарлардан аршып ала білсек,
шежіредей сыр шертіп тұрады. Өмірде болған нәрсе тілде де із тастамай кетпейді.
Сондай іздің сорабын асыл мұрамыздың тілінен де кездестіреміз» [5]. Өз
мәдениетін тілі арқылы терең және еркін игере алған адам өзінің тілі арқылы
ұлттық мәдени құндылықтарын тани алады, басқаға жеткізе алады.
Қазақ тіліндегі алғашқы әліппелер мен қазақ тілі грамматикасын танытатын
тұңғыш оқулықтардың авторы А.Байтұрсынұлы өз оқулықтарында ұлтымыздың
құндылықтарын паш ететін лексикалық бірліктерге ерекше көңіл бөлген.
Ғалымның «Әліппесіндегі» бірінші тақырып «Туысқан-туған ілікдес» деп
аталады. Ғалым бұл тақырыпта оқушыларға таныс туысқандық атауларын: ата,
баба, әке, ана, әже, шеше, аға, іні, апа, қарындас, жеңге, келін, қайын ата, қайын
ене, қайын аға, қайын іні, қайын бике, жезде, балдыз, күйеу,бажа деген
атауларды келтірген. Қазақ халқында туыстық атаулардың ауқымы кең. Соған
сай мақал-мәтелдер де баршылық. Мысалы, «Әке асқар тау, ана – бауырындағы
бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Әкесіне қарап ұлын, шешесіне қарап қызын
таны» т.б. Қазақ халқы туған-туысқанын қашан да сыйлаудың, құрметтеудің
жолын білген. А.Байтұрсынұлы туған-туысқанға қатысты бірнеше атауларды
бере отырып, оқушыларды кішкентай кезінен туыстық атауларды ажырата білуге
тәрбиелеуге көңіл бөлген. Осы атаулардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар
екендігіне оқушылар назарын аударып, олардың ұлттық туыстық атаулар
жөніндегі аялық білімін толықтыруға болады. Бұл атаулардың кейбіреулеріне
тоқталайық. Туыствқ атаулар жайында
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» мынадай түсініктер берілген: бажа – бір
үйдің қыздарына немесе бір-біріне туысқан қыздарға үйленген ер адамдарға
қатысты айтылатын туыстық атау. Қазақ халқында бажаға байланысты
айтылатын мақал-мәтелдер де жетерлік. Солардың қатарына «Екі аяқтыда бажа
тату, төрт аяқтыда бота тату» деген мақалды жатқызуға болады. Мақалдың мәні
– бажалардың көңілінің бір-біріне жақын, өмірлері ұқсас екендігін білдіреді.
Балдыз – жұбайының інісі немесе сіңлісі. Балдызға қатысты айтушының өзін
178
айғақтайтын сәйкес атау – жезде- жасы үлкен апаның күйеуі, ері. Жиен –қыздан
туған ер не қыз бала. Нағашы – шеше жағынан туысқан адамдар. Қазақ
дәстүрінде нағашылы-жиендер бір-біріне өте жақын, туысқандық сезімде
болады. Осылайша дәстүрлі таным-түсінікпен ұрпақ тәрбиелеген қазақ халқы
алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқандығына мән бере оқыту керектігін
ағартушы-ғалым назарда ұстаған. Сондықтан ғалым оқулығында туыстық
атауларының берілуінің тәрбиелік те, танымдық та мәні үлкен. Өйткені,
зерттеушілердің пікірінше, тілдегі әрбір сөз сол тілді қалыптастырушы, әрі
тұтынушы халықтың дүниетанымынан хабар береді. Яғни белгілі бір тілдік тұлға
(индивид) заттың не құбылыстың сырларын тани келе, оны белгілі бір сөзбен
атайды, ол атауды қоғамның барлық мүшелері пайдаланғанда тану процесі
кеңейіп әрі тереңдей түседі. Біршама уақыт өткенде жинақталған ұғымдар
арқылы әлгі сөздің мағынасы толығып, ол атап тұрған зат не құбылыстың
көпшілік түсінігіндегі болмысы сомдалады. Атауға ие болған зат немесе
құбылыстың
айналасында
баршаға
ортақ
тұрақты
көзқарас
қалыптасады...Ғасырлар бойы тәжірибеде сыналып, ұлттық болмысы сомдалып,
біртұтас кешенді жүйесі қалыптасқан ұлы мұраның қалыбы, мәдени сапасының
басты белгісі болып табылады [6, 21-б.].
Олай болса, лингвомәдени мазмұны айқын байқалатын тілдік фактілерді
оқушыларға бастауыш сыныптан бастап түсіндіруге көңіл бөлген жөн. Осы
тұрғыдан қарағанда қазақ тіліндегі туыс атауларына қатысты тілдік бірліктер де
лингвомәдени бірлік ретінде танылады. Осылайша қазақ халқының дәстүрлі
таным-түсінігінде алысты жақын тұтып, жақынды бауыр еткендігі, туыстық
байланысты қадірлеп, береке-бірлікті бұзбағандығын оқушыларға бастауыш
сыныптан бастап түсіндірген артық болмайды. Сондықтан А.Байтұрсынұлы
оқулығында бір-бірін қадірлеген, құрметтеген, сыйлаған туысқа байланысты
мәнді атауларының берілуі - бүгінгі күні де өзекті мәселе. Өйткені өзінің
жақындарын қалай атауды, қандай туыстық байланысы бар екенін түсінбейтін,
білмейтіндер де арамызда кездесіп қалатыны жасырын емес.
А.Байтұрсынұлы оқулығындағы келесі тақырып – «Киімдер» деп аталып,
әдіскер-ағартушы 26 киім атауларын келтірген. Аталған киім түрлерінің
әрқайсысының да ерекшелігі бар. Мысалы, шекпен – тек қана түйенің жүнінен
тоқылатын тонға ұқсас сырт киім. Жалбағай – жаз мезгілінде киетін жеңіл тымақ
болса, екінші бір мағынасы ірі құстың атауын білдіреді. Киім ретіндегі жалбағай
– қазақтың бас киімінің бір түрі. Кебіс - мәсінің сыртынан киюге арналған,
былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім. Тігісіне, жалпақтығына қарай оның да
түрлері болады. Мәселен, көксауыр кебіс, шоңқайма кебіс, шекшек кебіс т.б.
Бөкебай – түйенің, қойдың немесе ешкінің жүнінен тоқылатын орамал не шәлі.
Мұндай сирек қолданылатын киім атауларынан да оқушылардың хабардар
болғаны артық емес.
А.Байтұрсынұлы оқулығындағы келесі тақырып «Ойын-ойыншықтар» деп
аталып, бірнеше ойын атаулары берілген. Олардың арасында балаларға таныс
соқыртеке, жасырынбақ, доп, ақсүйек, қуыршақ секілді ойын атауларымен қатар,
кейінгі кезде көп аталмайтын ойын түрлері де бар.Мысалы, Балтам-тап ойыны –
жиырма-отыз адамнан тұратын жастар арасында ойнайтын ойын
179
болған. Ойыншылар шеңбер құрып отырады да,кішкентай сақина немесе соған
ұқсас ұсақ затты бір-бірінің қолына беріп жасырады. Ортада отырған адам
жасырынған зат кімде екенін табуы қажет. Егер тапса, шеңберге қосылады да,
ортаға басқа ойыншы шығады.
«Мәлике-тотай» ойыны – ойыншылар жұп болып бөлінеді де, бір-бірінен он
метрдей арақашықтыққа барып тұрады. Бірінші топ «Саған бізден кім керек?»
деп хормен айқайлағанда, екінші топ бірінші топтағы бір адамның есімін айтады.
Есімі аталған адам қатты жүгіре келіп, қол ұстасып тұрған тізбекті үзуі қажет.
Егер үзе алмаса, сол топта қалады. Қазіргі таңда бұл ойын «Ақсерек- көксерек»
деген атаумен ойналып жүр.
«Ыдыс аяқ» атауларына қатысты оқулықта 29 атау берілген.Олардың арасында
да қазіргі кезде сирек қолданылатын, тіптен қолданылмайтын да ыдыс атаулары
кездеседі. Мысалы, Бақыраш – металдан жасалатын шөміш, ожау. Көнек –
көнеден келе жатқан бие саууға арналған ыдыс. Қазақта
«көнектен шошынған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» дейтін мақал
кездеседі. Бұның өзі қазақтардың көнекке қаншалықты мән бергеніне дәлел
бола алады. Қауға –құдықтан су алуға арналған малдың терісінен жасалған
шелек. Күбі – іркіт пісетін, көже ашытатын, ағаштан жасалатын ыдыс, бөшке.
Сондай-ақ оқулықта «Малдар аты» тақырыбында да оқушыларға таныс емес,
бірақ халқымыздың этностық болмысы, дүниетанымы, салт-дәстүріне, әдет-
ғұрпына т.б. құбылыстарға қатысты тілдік қолданыстағы мал атаулары да
берілген. Балалар төрт түлік атауын білгенімен, оның нақты түрлерін біле
бермейді. Мысалы: сиырдың дөнежін, құнажын, қашар атты түрлерін көбісінің
біле бермейтіні анық. Немесе жылқыға қатысты бесті, сәурік, қулық атауларын
оқушылар біле бермейді. Бес жасар жылқыны бесті деп атаса, әлі үйірге
қосылмаған жас жылқыны сәурік деп атайды. Жылқы мен түйе малы ерте
заманнан бері ерекше бағаланып, олар туралы көптеген мақал-мәтелдер
қалыптасқан. Қазақ танымында «жүйрік ат – бірде ат, бірде - қанат», «жылқы –
малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы» деп келетін мақал-мәтелдерде жылқы
елін, жерін жаудан қорғайтын ер-азаматтың астындағы пырағы, төрт түлік
малдың сәні де сәулеті деп саналса, түйе малының да орны бөлек, ол – көшпелі
өмірдің көрікті көлігі, ең басты салт-салтанаты болып есептелген. Мұндай мал
атауларына қатысты мақал-мәтелдерді көптеп келтіріп, оқушылар назарына
ұсынуға болады, өйткені мақал-мәтелдерде халқымыздың өзіндік ой- өрісі,
білімі, тәжірибесі тұжырымдалған. Бұған тіліміздегі салт-дәстүр, наным- сенім
негізінде қалыптасқан төрт түлік малға байланысты қалыптасқан мақал-
мәтелдердің этнолингвистикалық мәнін талдағанда көз жеткізуге болады.
Тілші-ғалым Е.Жанпейісов «тіл – этностың ең тұрақты, ең бір басы ашық
негізгі көрсеткіші. Ал тұрақтылығы бұған қарағанда осалдау, өзгеруге бейім
территориялық бірлік, экономикалық-шаруашылық және мәдениет тұтастығы
т.б. этностың қосалқы белгілеріне жатады. Демек, тіл тағдыры мен этнос
тағдыры қашан да бір-бірімен тығыз байланысты»,- деп тұжырымдайды [7,7-
б.]. Олай болса, оқушыларға халқымыздың этностық болмысын, дүниетанымын,
салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, рухани-мәдени өмірін, т.б. құбылыстарға қатысты
халықтың жадынан шығып, бүгінде ұмыт бола бастаған,
180
тілдік қолданыстарымызда сирек кездесетін тіліміздегі этнолингвистикалық
деректерді, ұғымдарды, заттар мен құбылыстардың табиғатын ашатын атаулар
мен тұрақты сөз тіркестерін түсіндіруде оқулық материалдары басты дереккөз
болады. Мұның басты үлгісі А.Байтұрсынұлы оқулықтарынан байқалды. Ғалым
өз оқулықтарында танымдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні бар атауларға ерекше
назар аударып, әліппеден бастап қазақ халқының өміріндегі танымдық мәні бар
атауларды беріп отырған. Сондықтан ғалым оқулығындағы туыстық атаулары,
киім, ойын, тамақ, дене мүшелері, үй саймандары, ылыс-аяқ, малдар, құстар,
бақа-шаян, құрт-құмырсқа жер бедері аттарының санамаланып берілуі - оқушы
танымын кеңейтетін тілдік бірліктер. Қазіргі оқулықтарда да қамтылған
танымдық материалдарды, түрлі ұлттық нақыштағы атаулардың мағынасын
қандай тіркесте қолдана білу керектігіне де ерекше мән беріп түсіндіріп, тілдік
бірліктерді нақтылы мысалдармен көрсетіп отырған абзал.
Қорыта айтқанда, ұлт ұстазы, әдіскер-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының
оқулықтары аса шеберлікпен жазылғандығымен, ондағы жадығаттардың
әрқайсысының этномәдени мәнінің тереңдігімен құнды.
Достарыңызбен бөлісу: |