өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында "Құтадғу білік" ("Құтты білік") дастаны арқылы қалды. Дастанда өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған.
Жүсіп Баласағүни ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Осындай тағы бір төрттаған Жүсіп Баласағүниның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеуметтік философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, “Құтты біліктің” төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Жүсіп Баласағұни дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген.
Жүсіп Баласағұни жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс-әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Жүсіп Баласағүнидің ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеуметтік тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады.
“Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған.
Ойшыл отбасылық тәрбиелеу мәселелеріне көңіл бөледі. Бұл кездейсоқ емес, себебі отбасында балалардың ақыл-ойы, адамгершілік және дене денсаулығы негізі қаланады. Ол ата-аналар балаларға қатысты талапшыл, қатаң болуы тиіс деп санайды, олар, ата-ана балаларға үлгі болуға тиіс. Ақын «балалардың тәрбиесіздігі – олар үшін де, ата-аналар үшін де бақытсыздық» деген дана пікірді қалдырған.
Достарыңызбен бөлісу: |