Женя 6 Б
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз.
Марина 6 Б
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Семен 6 А
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім
Абай өлеңдерінің бір алуаны - табиғат лирикасы. Жыл мезгілдерін сипаттайтын өлеңдерінде көз алдыңа түрлі-түрлі табиғат көріністері келеді:
Сабина 6 В
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Карина 6 В
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
**************
Софья 6В
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
****************
Азиза 6 В
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Түйе боздап, қой қоздап - қора да шу,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
Софья 6 Г:
Абайдың орыс әдебиетіне бет бұруына себепкер оның орыс достары Грось пен Михаэлис болды. Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін оқыған. Абай қазақ тіліне «Евгений Онегинді» аударды.
Арина 6 В
Амал жоқ – қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Әлімше мен де ұялып,
Білдірмен дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп, мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Оқушы:
Қазақ тіліне И.А. Крыловтың бір қатар шығармаларын аударды. Қазір біз И. А. Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын тыңдап көрейік.
***************
Милана 6 А:
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Ева 6 А: Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
= Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!
Давид 6 А: Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
Нұрай 6 В :
Абайдың 1890-1898 жылдар арасында жазған шығармалары «қарасөз» деп аталады. Жалпы саны қырық бес. Абайдың қарасөздері адамды адамгершілік қасиеттерінің мол болуына, жаман дағдыларын аулақ болуға үйретеді. Олай болса, Абай қарасөздерімен танысайық.
Максим 6 В
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ емес. Одан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық. ( Он сегізінші қара сөз)
Ясмин 6 Г: Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, дүниедегі жақсы, жаманды таниды , көргені көп болған адам білімді болады. (он тоғызыншы қара сөз)
Яна 6 Г:
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
*****************
Стас: 6 Г
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Катя 6 Г
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
********************
Саша 6 Б:
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде,
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Азамат 6 Г
Парасатты болып туған,
Шыңғыстаудың Абайы.
Ән мен жырын мұра қылған,
Сарыарқаның Абайы.
Ева 6 Г:
Нақылымен сана құйған,
Қазағымның Абайы.
Ақылымен дана болған,
Бүкіл әлем Абайы!
Абай әлемі - ұлы қазына, біз тек ақын өлеңдерінің аз ғана бөлігін қамтуға мүмкіндік алдық. Біз Абайдың шығармашылығынан адамзатқа қажет руханилықты табамыз. Бізден кейінгілер де өздеріне қажетін табатыны сөзсіз.
Абай Әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Ұлы Мұхтар: «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен, тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймын. Сол себептен оқудан, білуге ұмтушылықтан, ізденуден жалықпайық.
Достарыңызбен бөлісу: |