Өнер туындысының мазмұны - өмір шындығы. «Өмір-өзен» деп М.Мақатаев айтқандай, өмір, болмыс дегеніңіз бір күйде тұра бермейді, уақыт ағымымен өзгеріп, ағысы да, жағалаулары да жаңарып, түрленіп отырады. Халық, қоғам өміріндегі сан алуан әлеуметтік өзгерістер, тарихи оқиғалар, қоғамдық жаңа қарым – қатынастар өнер үшін тың тақырып, жаңа идея, яки жаңа мазмұн болатыны белгілі. Жаңа мазмұн өзін неғұрлым айқын танытатын тың пішінді қажет етеді. Өйткені ескі пішіннің (қалыптасқан дәстүрлі суреттеу-бейнелеу тәсілдері көп ретте жаңа мазмұнның жарқын келбетін, оның барлық қыры мен сырын жарқыратып әрі терең ашып, көркем танытуға мүмкіндігі жете бермеуі сөзсіз.
Әрине, жаңа мазмұнды ескі пішінмен де танытуға болады, алайда ол бұл тақырыпты, мәселені көркем игерудің, шығармашылық ізденістердің алғашқы кезеңіне тән әрекет, уақытша құбылыс болуы керек. Осы орайда сыншы В.Белинскийдің «әр уақыттың өз идеялары, өз пішіндері болады» («есть идеи времени и формы времени») деген тағылымды пікірін еске алу орынды болмақшы. Бұл пікірді таратып айтсақ, әр уақыттың, дәуірдің, әр қоғамдық құрылыстың өзінің алдына қойған мақсатынан туындаған идеялары мен идеалдары, проблемалары, соған сай оларды өнерде жырлап, бейнелеп танытатын пішіндері болады деген сөз. Кеңестік дәуірдің 20-30 жылдарында қазақ поэзиясында Ленин, социализм, бесжылдықтар тақырыптарының басым жырлануы бұл мәселелердің сыншы айтқандай ол кезеңнің талабынан туындаған төл тақырыптары, төл идеялары болғандығында, ал бұл тақырыптардың үгіттік-насихаттық сипатта жырлануы – жазылуы да сол «уақыттың пішінін» танытады.