Көшпенділер Алмас Қылыш



Pdf көрінісі
бет6/23
Дата02.03.2017
өлшемі2,53 Mb.
#5142
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
Әдеби KZ  
 
 
тізерлеп  шөгіп  қалып,  сайыс  төрешілері  бас  бәйгіні  Қобыландыға  деп  шешкен. 
Түйе  жарыс,  қатын  күрес  —  бәрі  аяқталып,  бүгін  астың  ең  қызығы,  талай  жан 
өкінер,  талай  бидің  намысқа  шауып  қабырғасы  сөгілер  жыраулар  айтысы 
басталған.  Айтыс  төрешісі  жүзден  асқан  ұлы  жырау  Асан  Қайғы.  Ол  бұл  жолы 
желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді. 
 
—  Асан  ата,  Көкше  теңіз  маңы  қандай  жер  екен?  Сайын  ордасын  көшіруге  
жарар ма? — деген Әбілқайыр ханның сөзіне Асан Қайғы: 
 
—  Қақ  үстін  жайлау  етем  десе  ханның  еркі  ғой.  Ал  мен  көрген  Көкше  теңіз 
маңы: 
 
«Тас табаны төрт елі 
Атан жүрер жер екен, 
Төсегінен түңілген 
Адам жүрер жер екен». 
 
деп жауап берген. 
 
Осы Асан Қайғы айтыс төрешісі. Төреші боларында ол Әбілқайыр ханға: 
 
— Атамыз Майқы биден бері бәйге хан ордасын кім асыра мақтай алса соған 
беріліп  келетін-ді.  Бұл  жолы  ата  жолын  бұзбақпын.  Егер  соған  көнсең  төреші 
боламын, — деген. 
 
 Бүкіл ел-жұртты ардақтаған Асан өтінішіне хан да қарсы келе алмаған. 
 
— Құп, айтқаныңыз болсын, — деген Әбілқайыр. 
 
Асан  айтыс  тәртібін  өзінше  құрған.  Бас  бәйге  кім  де  кім  жауға  қарсы  елдің 
ерлігін  дұрыс  айтып  бере  алса,  соған  беріледі.  Орта  бәйге  өз  руының  жер-суын 
қорғаудағы  істерін  дұрыс  суреттеп  берген  адамға  тапсырылады.  Ал  аяқ  бәйгеге 
Дәшті  Қыпшақ  елінің  болашағын  кім  дұрыс  болжай  алса,  сол  ие..  Және    жеңіс 
тәртібі де өзгеше. Бір жырау өз руының ерлігін паш етсе, қарсы жырау сол рудың 
айтылған ерлігінің кемшілігін, қатесін дат етеді. Қайсысының жыры жұрт көкейіне 

53 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
қонар болса, сол жеңді деп саналмақ. Шыңғыс ұрпақтарын мадақтайтын айтысқа 
да осы шарт. Бұл шарт үшінші айтыста да қолданылмақ: бір жыраудың болжауын 
екінші жырау сынауы керек. Егер сынай алмаса жеңілген болып саналады. 
 
Бас бәйгеге Қыпшақтың ұлы жырауы Қазтуған мен Арғынның ақиығы Сыпыра 
жыраудың ұрпағы Қотан тайшы түспек болды. 
 
Қазтуған  тапал,  тоқты  жілігінің  қорғасын  құйған  асығындай  шымыр  адам. 
Сондықтан да оны халық «қарға бойлы Қазтуған» деп атап кеткен. Бір тайпы елдің 
батыры  және  жырауы.  Әбілқайыр  тұсында  қазақ,  ноғай  қауымдары  (ноғайдың 
біразы Қазан жеріне ауып кетсе де) аралас-құралас көшіп жүрген. Хандар тұтатқан 
өшпенділікке  қарамастан,  тұтас  бір  рудың  не  бір  тайпы  елдің  бүгін  ноғай 
құрамында болып, ертеңіне қазақ жағына шығып кетуі әдеттегі жәйт саналған. 
 
әйтседе, екі ел арасындағы жанжал кейде үлкен ұрысқа айналып, бір жағы ата 
мекен қонысын тастап кететін кезеңдері де болған. Осындай бір айқаста Қыпшақ 
жағы жеңіліп, Ноғайлы дәуірінің жырауы атанған Қазтуған: 
 
 
«Салп-салпыншақ анау үш өзен 
Салуалы менің ордам қонған жер, 
Жабағылы жас тайлақ 
Жардай атан болған жер, 
Жатып қалған бір тоқты 
Жайылып мың қой болған жер», — 
 
деп басталатын атақты Еділмен қоштасу толғауын айтқан. 
 
Осы Қазтуған Қыпшақ руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ... 
 
Бұнымен айтысатын ақын: «Ер Тарғын» қиссасында «бұл — өз өмірінде толғау 
айтып  тоғыз  ханды  түзеткен  кісі»  деп  келетін  бүкіл  қазақтың  қамын  ойлап  өткен 
Сыпыра жыраудың ұрпағы Арғынның ардагері сексеннен асқан қарт Қотан. 

54 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қайғының бұл жыраулардың қайсысынан 
болса  да  еңсесі  биік  жатыр.  Оның  жыры  қайғы  тәрізді  түпсіз  терең,  ел  мұраты 
тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін... 
 
Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан 
Қайғы  айтысты  бастады.  Ол  алдымен  өзі  іштегі  күйігін  сыртқа  шығара    ел-
жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен: 
 
 
 
«Таза мінсіз асыл тас 
Су түбінде жатады. 
Таза мінсіз асыл сөз 
Ой түбінде жатады. 
Су түбінде жатқан тас 
Жел толқытса шығады. 
Ой түбінде жатқан сөз 
Шер толқытса шығады» — 
 
деп  басталатын  ұлы  толғауын  да  осы  жолы  айтқан-ды.  Бір  бунап,  бір  босатқан 
науқастай, бойын қысқан жырын бітіріп барып «уф» деп демін алды. Енді ол бида 
орамалымен күн сүйіп, жел үріп, қатпарланған күсті маңдайынан сорғалаған терін 
сыпыра  сүртті.  Содан  кейін  барып  жыраулардың  мына  отырған  қауымға  өз 
руларының  қайдан  шыққанын,  аттары  неден  алынғанын  таныстырып  өтуін 
бұйырды. 
 
Қазтуған  жырау  безілдеген  домбырасымен  бірге  орнында  байыздай  алмай, 
арқасын жыр қысып, астындағы тай терісінен шығып, жорғалақтап дөңгелей, ащы 
дауысын бір шырқатып алды да: 
 
 
 

55 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Алаңда алаң, алаң бар, 
Бата алмай жау алаңдар. 
Сақтан шыққан Кейсақ бар, 
Кейсақ — Қайсақ, Қыпсақ — Қыпшақ боп 
Он екі атаға таралар, — 
 
деп  Мұхаммет  пайғамбар  тумастан  мың  жыл  бұрын,  Ескендір    Зұлхарнайынды 
Жиделібайсынның жеріне кіргізбей тоқтатқан Сақ елінің патшалары фарсы жұрты 
кей  деп  атап,  одан  патшаның  таңдаулы  әскерін  —  кейсақ  (патша  сағы  деген 
мағынада)  деп,  одан  Қыпсақ  туып,  Қыпсақтың  Қыпшаққа  айналғанын  бір  толғап 
өтті. Содан кейін Жиделібайсын жерін хұнулар 
1
  алғанда Қыпшақтардың солтүстік 
суық жаққа Ертіс, Есіл бойына шегінуге мәжбүр болғаны, одан бес ғасыр өткеннен 
кейін  түркі  тұқымдас  түркі,  карлуктар-қарақалпақтар  жайлаған  Еділ,  Жайық 
бойына ауғанын шырқай толғады. 
 
Сөзді Асан Қайғы енді Қотанға берді.  Қарт жырау қара күйектеніп кеткен кәрі 
қобызын, ботасы өлген іңгендей боздатып, қарлыққан кәрі даусымен: 
 
 
Жусанды деме қараған, 
Жұлдызды жарық ай деме, 
Қытайдан шығып тараған, 
Хұнуға қарсы қол шықса, 
Жорықта болған маймене 
А-лунь 
2
  — Арғын руы, 
Қыпшақпен қатар жаралған, — 
 
                                                 
1
 Х ұ н у — гунндардың қазақша аты. 
2
 А - л у н ь — Арғын деген сөздің қытай транскрипциясы. 

56 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
деп  көне  заманда  Солтүстік  Қытайдан  батысқа  қарай  хұнулар  (гунндар)  аттан- 
ғанда  Арғындар  түркі  тұқымдас  елдерімен  бірігіп  бас  көтергенін,  ақыры  әтиль 
күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі Жоңғар тауына қарай көшіп, хұнулар  өтіп 
кеткеннен кейін,  
Жетісуға келгенін 
1
  асқақтата жыр етіп өтті. 
 
Төреші  Асан  ұйықтап  кеткен  адамдай  көзін  жұмып  ойға  шома  түскен.  Ұлы 
сыншы  ойын  ешкім  бұзар  емес,  құлаққа  ұрған  танадай  бәрі  бірдей  тына  қал- 
ған. Әлден уақытта Асан Қайғы көзін ашты. 
 
 
Сұмырай, сұрқия, сұм заман, 
Шаққалы тұрған сұр жылан. 
Өткені емес халқымның 
Болашағы шер-мұңым... 
 
деп  ел-жұртының  келешегін  ойлап  сәл  қайғырып  отырды  да,  қос  жырауға 
бұрылды. Халықтың айтысты күтіп отырғаны есіне түсіп: 
 
— Қазтуған жырау, баста! — деді. 
 
Қыпшақ елі, Орта Азия хұнулары — чұмхуну ұрпақтарынан, біздің дәуірімізден 
бұрын келе жатқан Европа халқы түстес, дінілі тайпасының күнбатыс бөлегі, көне 
сақтар сарқындысы, Қыпсақ деп аталатын рудан және көне Қангуй елінің қалдығы 
—  қаңғылардан  құрылған,  түркі  тұқымдас,  Ертіс  пен  Тобыл  өзендерінің 
арасындағы  ағашты  өңірді  жайлаған,  жау  жүрек  қалың  жұрт  болатын.  Оныншы 
ғасырдың  бас  кезінен  бастап,  гуздарды  (осы  күнгі  түрікмендер)  оңтүстікке, 
печенгтерді 
(көне 
кенгерес 
елі) 
күнбатысқа, 
карлуктарды 
(қазіргі 
қарақалпақтарды)  оңтүстік-күншығысқа,  углерді  (карелофиндарды)  солтүстіктегі 
қалың  орман  арасына  қуып,  көне  Қангуй  жеріне  келіп  орналасқан.  Сол  күннен 
                                                 
1
 Оңтүстік Венгрияда қазылып жатқан әтильдің астанасы Полонния қаласынан табылған өрнек, ескі мұра үлгілері 
қазақ, әсіресе Арғын руының үлгілерімен іспеттес. Қайсысы қайсысынан алды — белгісіз. Тек екі елдің бір мезгілде 
өмір сүргенін дәлелдейді. 

57 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
бастап сонау Еділ мен Ертістің ортасын Дәшті Қыпшақ жері не Қыпшақ даласы деп 
атап  кеткен.  Қыпшақтар  он  бірінші  ғасырдың  орта  шенінде  Днепр  өзеніне    келіп 
жеткен.  Өзінің  шекарасына  келген  елді  орыс  жұрты  шаштарының  сар- 
ғылттығына  қарап  «Половцы»  деп  атаған  (Полова  —  кесілген  сабан),  ал  батыс 
Европа  елі  —  коман  деген  ат  қойған.  Бұл  жау  баққан  көшпелі  ел  көршілес 
жұрттарына қырғидай тиді. Жат соғыс әдістері бұларды өте қауіпті етті. 
 
Ғасырлар  бойы  әдеттенген  тәсілдері  бойынша,  жауына  жоқ  жерден  тиіп, 
заматта  ғайып  болып,  үнемі  ат  үстінен    түспей  үйренген  көшпелі  елдің  жігіттері 
соғысқа әбден үйренген, ұзақ жорықтарға шыныққан жау жүрек жауынгерлер еді. 
Жасынан  садақ  атып,  арқан  тастап  баулынған,  Қыпшақ  сыпайлары  ұшып  бара 
жатқан  құсты  жақпен  көздемей  бір-ақ  тартып  түсіретін  шетінен  мерген  келетін. 
Бұлардың  негізгі  қаруы  садақ,  иықтарына  ілгені  жебеге  толған  қорамсақ,  қисық 
алдаспан  және  жау  мойнына  лақтыратын  қыл  арқан.  Көпшілігі  найза  ұстайтын. 
Үнемі  ұшы-қиыры  жоқ  жазық  далада  көшіп  жүретіндіктен,  дала  бүркіттеріндей 
қырағы  жаралған.  Жауға  бұлардан  жасырынып  қалу  тіпті  мүмкін  емес-ті.  Қас 
жағының  әскерін  көрісімен-ақ  бұлар  жақтарынан  жебені  қардай  боратып,  ат 
қоятын. Қарсы жағы берік болса, қорқып кеткендей жорта кейін шаба жөнелетін. 
Қашқан  Қыпшақтарды  жауы  оп-оңай  қуып  тастамақ  боп  тұра  ұмтылса,  бір 
жасырын  қойнауда  тығылып  тұрған  мергендері  оларды  оқтың  астына  алатын. 
Күтпеген жерден мұндай жағдайға ұшыраған жау әскері сасып қалып сәл кідірсе, 
жаңа  ғана  қашып  келе  жатқан  Қыпшақтар  кенет  аттарының  басын  кейін  бұрып, 
қайтадан  атой  салатын.  Мұндай  тәсілге  үйренбеген  жау  әскері  быж-тыж  болып 
қаша  жөнелетін.  Оларды  Қыпшақтар  арттарынан  қуып  жүріп  садақпен  атып,  не 
болмаса болат алдаспандарын құлаштай сермеп қырып салатын. 
 
Ал  екі  жақтың  күші  бірдей  түсіп  жаумен  бетпе-бет  кездесер  жағдай  туса, 
Қыпшақтар  сап-сап  боп  бірнеше  қатарға  бөлінетін.  Әдет  бойынша  алдыңғы 
қатардағы  атты  жауынгерлер  саптарын  сүйір  ұшты  етіп  құратын.  Бұл  оларға 
жұмсақ  жерге  кірген  қазықтай,  жау  шебін  оңай  бұзуға  керек-ті.  Әр  топтың  ара-

58 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
араларына  және  арт  жағынан  шабуылға  шыққан  жауды  кідірту  үшін  арбалар 
қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы 
да  әскері  болатын.  Ал  егер  жау  жағының  күші  басым  келіп,  шабуылды  олар 
бастайтынына  Қыпшақтардың  көздері  жетсе,  соғысу  тәсілін  басқаша  жүргізетін. 
Үстіне  өгіз,  түйе  терілерін  жапқан  арбалардан  дөңгеленте  бекініс  жасайтын. 
Арбалардың  шетінде  жағалай  тұрып  алып,  шабуылға  шыққан  жауына  оқ 
жаудыратын.  Жау  қай  жағынан  келсе  де  дөңгелене  құрылған    бекіністегі 
Қыпшақтарды  ала  алмайды.  Өздері  оққа  ұшады.  Оның  үстіне  Қыпшақтар  әлгі 
арбадан  жасалған  дөңгелек  бекіністерінің  ара-араларында  қисық-қисық  жол 
қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау 
шебіне  ат  қояды.  Ал  шабуыл  жасаған  жау  бұл  жолдарды  пайдалана  алмайды. 
Шауып келіп кіремін деген жауынгер екпінімен кеп алдындағы арбаны соғып, быт-
шыты шығады. Ал әлдеқайда кіре қалған етрат 
1
  бұраңдап жатқан жолмен бекініс 
ортасындағы  шепке  жеткенше  Қыпшақтың  бірер  жігітінің  шірене  тартқан 
садағының  сауыт  бұзар  жебесіне  душар  болады.  Тіпті  таяп  қалса  найзағайдай 
жарқылдаған  наркескенінен  қаза  табады.  Ал  арба  арасындағы  қисық  жолдарды 
Қыпшақ  жауынгерлері  мейлінше  еркін  пайдаланатын.  Жау  күтпеген  жерден,  тал 
арасынан  шыққан  жолбарыстай,  лып  етіп  пайда  болып,  садақ  оғын  жаудырып-
жаудырып  жіберіп,  қайтадан  кіріп  жоқ  болып  кетеді.  Басына  жүген  киіліп,  үстіне 
ер 
түскенінен 
бұл 
әдіске 
машық 
болып 
үйренген 
Қыпшақ 
жыл- 
қылары  еш  уақытта  әдет  алған  жолынан  жаңылыспайды.  Қамыс  арасымен 
сусылдап  өткен  жыландай,  арбалар  арасынан  қалай  болса  солай  өте  шығатын. 
Мұндай әдіске дағдыланбаған жау аттары екпінімен кеп, ең бірінші бұрылыста-ақ 
арбаға  соғылып,  арындап  барып  шалқасынан  түседі.  Соңынан  келе  жатқан 
жауынгерлер  жолы  бөгеліп  тоқтап  қалатын.  Осы  сәл  аял  Қыпшақ  жігіттеріне 
жеткілікті.  Құлаштап  тартқан  қайың  садақтан  ысылдай  атылған  ажал  жебелері 
кімді болса да ат үстінен ұшырып түсіреді. 
                                                 
1
 Е т р а т — көне түркі тілі, жауынгер деген мағынада. 

59 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Қыпшақтар бұл бекіністерін өздеріне қолайлы жерге орнататын. Егер таңдаған 
жерлері алда-жалда қауіпті болса, бір қалтарыста, не ымырт үйіріле дағдыланған 
әдет  бойынша  арба  жетегін  үзеңгілеріне  іліп  алып  заматта  бөтен  жаққа  көшіп 
кетеді. Жау орнын сипап қалады. 
 
Осындай  жылжымалы  бекініске  орналасқан  Қыпшақтарды  жау  ала  қоям  деп 
дәметпейтін.  Өгіз,  түйе  терілерімен  жабылған  арба  қорғанына  Қыпшақтардың 
бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін. 
 
Бірақ Қыпшақтардың ашулы тасқыны орыс қалаларынан әрі аспады. Тек кейбір 
толқындары ғана Еділ бойлары мен Византияға жетті. Бірақ одан аса алмады. Ұлы 
Россия  көшпелі  елдің  шабуылынан  өз  жерін  кеудесімен  қорғап,  әдеті  бойынша 
Европаны тағы бір апаттан сақтап қалды. 
 
Қыпшақтар  осы  жүз  елу  жыл  жүргізген  шапқыншылығында  Киевтен  бастап 
Россияның  көп  қаласына  қауіп  туғызды.  Ал  орыс  князьдарының  бастары  қосыла 
бастаған  күндерден  кейін,  кешегі  қабыландай  қайратты,  жансебіл  жандар,  кенет 
құдайдың  қарғысы  ұрғандай,  бастарына  сор  нөсердей  жауып,  сан  мәртебе  мерт 
болды.  Әсіресе  бір  мың  елу  үшінші  жылдан  бір  мың  бір  жүз  жиырма    бесінші 
жылға дейін өмір сүрген Переяславль мен Киевтің ұлы князі Владимир Мономах 
бытырап  жүрген    өзге  орыс  князьдарының  басын  қосып,  Қыпшақтарға  қарсы 
шабуыл ұйымдастыра алды. 
 
Одан  Қыпшақтар  бір  мың  он  бесінші  жылы  оңбай  жеңілді.  Содан  бері  бұл 
қаһарлы тайпа орыс жеріне шын қауіп болудан қалған. 
 
Міне,  осы  Қыпшақтарды  қазір  арқалы  жырау  қарға  бойлы  Қазтуған  мақтауы 
керек. Бейбітшілік пен тыныштықты, сұлулық пен ойшылдықты сүйетін ұлы сыншы 
Асан Қайғы  Қыпшақтардың  тарихына қанық-ты.  Қазір  ол  тыныш  елдерге  бүйідей 
тиген  бұл  шапқыншыл  елді  жүйрік  жырау  қай  жағынан  мақтар  екен  деп  мүлги 
күтіп  отыр.  Оған  Қотан  қарт  не  айтпақ?  Қыпшақтың  ерлігіне  қандай  мін  тақпақ? 
Шапқыншылықты, ерлікті мұрат көрген мына қу заманда жұрт оның ойына түсінер 
ме? 

60 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Қазтуған, Асан Қайғы күткендей әйгілі арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыға 
бір  тоқтап,  Қыпшақтың  шапқыншыл  ел  екенінен  бастады.  Қарағай  кәрі 
домбырасын  лақтыра  безілдетіп,  арқасы  ұстап,  Қазтуған  жырау  домбыраның 
күйімен өзі бірге шалқып малдас құрған қалпында кенет ытқи алға бір ұмтылып, 
қайтадан  отыра  қап  құйрығымен  шыр  көбелек  айнала  тепеңдей  жылжыды. 
Ханның сол жағында отырған қазіргі Қобыланды батыр арғы бабасы Қара Қыпшақ 
Қобыландының атын естігенде, шоқтығы өзгелерден анағұрлым жоғары көтеріліп, 
бір  масайрап  қалды.  Қыпшақ  жағының  адамдары  Қазтуғанның  жырынан 
делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет 
көрсетті. 
 
Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды. 
 
— Сөйле, жырау, — деді. 
 
Қалың  ойға  шомып  кетіп  басын  төмен  салып  үн-түнсіз  отырған  қарт  жырау, 
шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды. 
Сол  сәтте-ақ  қыл  қобыздан  күй  аңырап  қоя  берді.  Ақтарыла  сарнаған  қобыз 
үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған 
Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: — Өлімнен қорықпау ерлік емес, 
ерлік  өмірді  қорғау,  —  деді.  Жырау  шын  батырлық  біреудің  жерін  шауып,  елін 
тонауда  емес,  өз  жеріңді,  өз  еліңді  жаудан  қорғаудан    туады  дей  келіп,  аз  бола 
тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан 
кездерінің  болғанын  айтты.  Жырау  таққан  кінәні  естігенде  бастығы  Қобыланды 
батыр болып елеуреп қопаңдай қалды. 
 
—  Қашан?  Қай  жерде?  —деген  де  шу  шықты.  Қарт  тайшы    оларға  аяй  қарап, 
Қыпшақтар  өздері  ұмытқанмен  өзге  рулар  сақтап  қалған  «Қыпшақ  қашқан» 
хикаясын естеріне салды. 
 
Қыпшақтар  алты  құлаш  Шерухан  бастаған  бір  аттанысында  Чернигов  қаласын 
алмақ  болған.  Чернигов  әскері  қарсы  шыққан.  Бір  мың  алпыс  сегізінші    жылдың 
алтыншы  айында  екі  әскер  Деснаның  таралуы  Синави  өзенінің  жағасында 

61 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
кездескен. Орыс әскерлері үлкен ерлік пен табандылық көрсетіп, үш мың адамнан 
Қыпшақтың  жиырма  мың  әскері  жеңіліп,  кейін  қашқан.  Көбі  әбден  қатып 
болмаған  өзеннің  мұзы  ойылып  кетіп,  ат-матымен  суға  кетіп,  бықпырт    тигендей 
қырылған.  Осы  ұрыстан  кейін  іле-шала  орыс  жерінде  ғажайып  ақ  түтек  боран 
тұрып,  қалған  нөпір  топ  жолдан  адасып,  елдеріне  жете  алмай  үсіп  өлген.  Бұны 
артынан қазақтың басқа рулары «Қыпшақ қашқан» ұрыс деп атаған. 
 
Қыпшақ  жағы  енді  басылып  қалды.  Арғын  тобы,  «Пәлі,  кәрі  тарланым,  аяғын 
қалай-қалай тастайды!» деп Қотанды қошаметтеп көтеріле түсті. Бірақ өр мінезді, 
жалын  жанды  Қазтуған  Қотан  толғауынан  мойымады.  Қамшы  тиіп,  ырши  түскен 
жүйріктей,  енді  тіпті  долданып  кетті.  Қарағай  домбырасын  аспанға  лақтырып, 
аруағы ұстап, жыр дабылын үсті-үстіне дақпырата ұрды. 
 
—  Шерухан  ханды  жақсы  қармадың,  абыз  жырау,  —  деп  бастады  ол  жаңа 
толғау ырғағын. «Алып бойлы Шерухан» деп орыс елінің өзі қыса еткен Шерухан 
ханның  ерлігіне,  шапқыншылық  ісіне  бір  қыдыру  тоқтап  өтті.  Содан  кейін  қарға 
бойлы  Қазтуған  орыс  қалаларын  шапқан  Бонақ,  Тұғырхан,  Қотан,  Шерухан, 
Кончак,  Сүрбөрі,  Құнама,  Сүңгір,  Көбек,  Торсық  тағы  басқа  Қыпшақ  хандарының 
әрқайсысының  жауынгерлігін,  ел  аузында  аңыз  болып  жайылған  жорықтарын 
дәріптей  келіп,  «өз  елдері  түгіл  бөтен  елдерге  өлмес  аңыз  қалдыр- 
ған осындай хан мен батырлар тудырған Қыпшақты кім қор санар?» деп ожарлана 
жырын тоқтатты. 
 
— Сөйле жырау, — деді Асан Қайғы Қотанға: 
 
—  Бөтен  елге  бұл  хандар  аңызымен  бірге,  жаман  аты  мен  сүйектерін  де 
қалдырды, — деп бастады бұл жолы толғауын Қотан қария ырық бермей. Жаңағы 
аты  аталған  хандардың  көбінің  шапқалы  барған  жерінің  князьдерінің  қолынан 
өлгендігін  айта  келіп,  Қотан  жырау  «Өз  жерінің  топырағы  тас  болып  па  еді 
бұларға!  Не  жетпеді  соншама  бөтен  елден  ажал  іздерлік?»  деген  сұрақ  қойды. 
Жайшылықта  салмақты  қарт,  бұ  жолы  біреу  шабынан  түртіп,  мазасын  ала 
бергендей,  қабағын  кәрлене  түйді.  Енді  ол  өз  сұрағына  өзі  жауап  берді.  —  Жоқ, 

62 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
зираттық  екі  құлаш  жер  оларға  Қыпшақ  даласынан  да  табылатын  еді,  —  деді. 
Бірақ  хандардың  іздегені  басқа.  Адамның  дүниеге  өзі  тойғанмен  көзі  тоймайды. 
Байыған  Қыпшақ  хандары  байыған  үстіне  байи  түсуді  мақсұт  етті.  Тегін  алтын, 
күмісті,  асыл  жиһаз  дүниені,  ғасырлап  жинаған  бөтен  жұрт  қалаларының 
қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер 
пайда  оларға  аз  көрінді.  Ерлігі  ішіне  сыймағанынан  емес,  қанағатсыздығы 
мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге тоймаған қос 
жанар, басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын 
күңірене  күрсініп,  «жауынгер  туған,  Қыпшағым»  зираттары  жат  жұрттың 
даласында қалған хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау 
жырын тоқтатты. 
 
Қыпшақ  жағында  үн  жоқ.  Қобыландының  екі  беті  түктеніп  кеткен.  Бірақ  хан 
алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас, 
су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр 
түйіп,  бұрқ-сарқ  тасығалы  кезегін  күтіп,  тыпыршып  әзер  отыр.  Ал  төреші  Асан 
Қайғыда  да  үн  жоқ.  Ол  сонау  Қыпшақ  хандарының  қанды  жорықтарын  ақыл 
таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана: 
 
— Сөйле, жырау, — деді. 
 
Қазтуған  «Айт,  шу!»  деген  бәйгі  ұранын  естіген  қылаң  құйрықтай,  бірден  аға 
жөнелді. 
 
Бұ  жолы  ол  домбырасын  безектей  ойнатып  бір  тізерлей  отыра  қап  ащы 
айқайға  салды.  Күре  тамыры  білеудей  боп,  кең  тамағы  торғай  жұтқан  жыландай 
ісініп ап, толғауына кірісті. 
 
— Ерлік — ежелгі салтым,  — деді.  — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ 
қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік 
үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы 
алдында  отырған  жауы  —  қарт  жырауға  қона  түсуге  дайын,  өзі  де  сол  қыран 
құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен. 

63 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Даусын кеңнен алып, тағы да бір шырқап жіберді де «Осы ерлігінің арқасында 
Қыпшақ әлемге аян болды. Батыр жұрт Қоламан 
1
  патшаның кезінде Стамбулды 
да жау тырнағынан алып қалды» деп жырын бітірді. 
 
Қотан мырс етіп езу тартты. 
 
—  Сөйле,  жырау,  —  деді  Асан  Қайғы  Қазтуғанның  ағат  кеткенін  аңғарып, 
ұнатпай қалғанын жасырмай сәл қабағын түйіп. 
 
Қотан қарттың күткен кезі осы мезгіл еді. Кәрі қыран енді Қазтуғанның құрыш 
денесіне сояу-сояу тырнақтарын қырш-қырш кіргізді. 
 
—  Орынсыз  қан  төккізгенді  ерлікке  кім  санаған?  —  деп  бастады  ананы  әжуа 
ете,  қарт  жырау.  Қазтуған  ақын  паш  еткен  Қыпшақтар    қатынасқан  Стамбул 
оқиғасын  Қотан  қария  жыр  еткенде,  қобыз  үні  құдды  қан  жылағандай  аңырай 
шықты. Қарт жыраудың өзінің даусы да дәл бір өксігін баса алмай отырған қаралы 
адамның  үніндей.  Бұл  хикаяны  естіген  жұрттың  екі  ұрты  суалып,  жақ  жүндері 
үрпиісіп  жүдеп  кеткендей.  Әбілқайыр  хан  көз  қиығын  Қобыланды  батырға 
аударып  еді,  оның  да  басы  төмен  салбырай  түскен  екен.  Қарт  жыраудың  сөзі 
жүректерін  тырнап,  көздерін  жасқа  толтыруға  таяу  тұрса  да  «Тоқтатыңыз!»  деп 
бұйыруға  бірде-бір    адамның  аузы  барар  емес.  Ханның  да,  батырлардың  да 
көмейіне құм құйылған. 
 
Алтын күмбез мешіті, ақ мрамордан қаланған патша сарайларымен безенген, 
Босфор  теңізінің  жағасындағы  Византия  астанасы  Стамбулға  он  бірінші  ғасырда 
аса бір сойқан күн туды. 
 
Еділ,  Днепр  бойларынан  Қыпшақтар  қуған  торкі  елі  Дунай  өзенінен  өтіп 
Византияға  жақындады.  Византияның  солтүстігін  бұдан  бұрын  печенегтер  басып 
алып,  талан-таражын  шығаруда  еді.  Ал  Кіші  Азияда  Византияның  қалаларын 
түрікмен сельджуктары мазалауда болатын. Стамбулдың сау қалуына екіталай күн 
туды.  Бұл  аздай,  енді  Стамбулға  төртінші  қас  пайда  болды.  Ол  қас  —  Дунай 
өзеніне жетіп қалған бөрте жылқы мінген Қыпшақтар еді. 
                                                 
1
 Қ о л а м а н — Комнин — Византия патшасы. 

64 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Сасқан Византияның патшасы (императоры) Алексей Комнин Стамбулды қалай 
сақтап  қалуды  білмей  өзінің  ежелгі  жауы  Крестшілер  мен  Рим  папасына 
«Константинополь»  (Стамбул)  торкілер  мен  печенегтердің  қолына  түскенше, 
сендер  алыңдар»  деп  жәрдем  сұрап  хат  жазды.  Расында  Византияға  безбүйрек 
көшпелі тағы елдердің шапқыншылығы тым қорқынышты еді. 
 
Византияның  басына  қан  жауған  осы  бір  қиын-қыстау  кезеңде,  печенегтер 
бірінші боп Стамбулдың іргесіне кеп тоқтады. Император Комнин «Қыпшақтар не 
дер  екен?  Егер  олар  печенегтерге  қосылып  кетсе,  біржолата  құрыдық»  деп  қан 
жұтып жүдеп жүргенінде, бір күні Стамбулдың солтүстік жағынан қаһарынан жан 
түршігетін Бонақ пен қанқұмар Тұғырхан қалың қолмен сау ете түсті. Олар «Жауды 
көрсет!  Біз  дайын!»  деді.  Алексей  әлі  де  болса  Қыпшақтардың  күшін 
пайдаланғысы келмей, оларды кең сарайында күндіз-түні күтіп, ұрыс күнін айтпай 
кідірте берді. 
 
Бірақ  арақ-шараптан  көрі,  кісі  қанын  ішуді  ұнататын  Қыпшақ  хандары 
императордың  сән-салтанатты  кең  сарайында  рақаттанып  жатудан  безіп, 
майданға  шығып,  қисық  наркескендерін  оңды-солды  сермеуге  асықты.  Олар 
императорға: «Біздің енді күтер жағдайымыз жоқ. Ертең күн шыққаннан кейін, біз 
не қойдың етін, не қасқырдың етін жеуіміз керек» деді. «Бұлары біз ұрыссыз бос 
жата алмаймыз, ертең күн шыға сендермен қосылып печенегтермен соғысамыз» 
дегендері еді. Зәресі кеткен Алексей соғыс күнін айтты. Бұл қанды айқас бір мың 
тоқсан бірінші жылдың Көкек айының жиырма тоғызы күні болды. Қыпшақтар мен 
Стамбулдың әскері печенегтерді мықтап жеңді. Печенегтердің көп әскері тұтқынға 
түсті.  Түнімен  Қыпшақтар  жеңісті  тойлады.  Ал,  таңертең  тұрғандарында...  Кешегі 
тұтқынға  түскен  печенегтердің  қырылып  қалғанын  көрді.  Тұтқындар  лагері  қан 
сасиды.  Нағыз  қой  бауыздағандай  гректер  оларды  шетінен  бауыздай  беріпті. 
Талай қанды айқастарды бастарынан өткізген, қастасқан жауларын аяп көрмеген 
Қыпшақтардың  да  қолға  түскен  қарусыз  тұтқындарға  гректердің  істеген 

65 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
айуандығынан төбе шаштары тік тұрады. Бөлісеміз деген олжаларына қарамастан, 
ертеңіне Қыпшақтар ат бетін кейін бұрған. 
 
Қазтуғанның Стамбулды да Қыпшақтар аман алып қалды деп мақтаныш еткені 
осы оқиға еді. 
 
Бұл  оқиғаның  қалай  болғанын  қарт  Қотан  айтып  бергенде,  отырған  жұрттың 
үндей алмай қалуы да осыдан еді. Қанша қатыгез келсе де қолға түскен тұтқынды 
қыратын Қыпшақта дәстүр  жоқ. Не болса да ұрыс үстінде, шабуыл үстінде болады. 
Ал  мынау  оқиға...  Өздері  істемегенмен,  ата-бабаларының  қарусыз  жұрттың 
қырылуына себепкер болғандарын, айдалада жатқан Византия мен  өздері жерін 
алып  қуып жіберген  түркі  тұқымдас  елдің  таласына  барып  кірісіп,  осыншама қан 
төккендерін, жырау сөзін тыңдап отырғандар рас қылмыс көрген. Қазтуған жырау 
да  үндей  алмай  қалған.  Тек  Қобыланды  батыр  ғана  Қотан  ақынның  жеңіп  бара 
жатқанын сезіп намыстана, түнере түскен. Тыныштықты Асан Қайғының өзі бұзған. 
Ол  аппақ ұзын сақалын баяу сипап, оңып кеткен көздерін сәл жұмып отырды да 
қайта ашты. 
 
—  Өз  руыңның  ерлігін  енді,  Қотан  жырау,  сен  айт,  —  деді.  —  Қайсыңның 
жеңгеніңді жұрт сосын естір... 
 
Қотан  қарт  алдында  тұрған  сырлы  аяқтан  уыз  сары  қымызды  бір  жұтып  
орнына қайта қойды. Қобызын асықпай қолына алды. Мұздаған жанды жылытар, 
қобалжыған  көңілді  тыныштатар  бір  майда  қоңыр  күй  тартты.  Қарт  жырау    күйді 
ұзақ  тартты.  Жұрт  ұйып  тыңдай  берді.  Бір  мезгілде  барып  қарт  жырау  қобыз 
даусына  өзінің  үнін  қосты.  Қария  даусы  бұ  жолы  қарлығып  қажымады,  жаңағы 
жұтқан  уыз  қымыздың  дуасы  ма,  әлде  айтайын  деген  жырының  қақ-
соқтықсыздығынан ба, лебі биязы қоңырқай шықты. 
 
—  Арғын  да  алуан ел  болған,  келген жерге  көнбеген,  онда  да  талай  ер  туған, 
қазір  қисса  онда  емес,  —  деді  жырау  ерекше,  өзгеше  сарынға  салып,  —  қыран 
көкке қанатын қанша биік қақса да тізіліп бірге ұша алмас. Шаңқылдап айбат атса 
да, аққудай сыңсып ән сала алмас. Қыпшақ қыран болса, егер, Арғын — аққу көл 

66 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
көркі...  Сойылдан  гөрі  қолына  домбыра  алуды  паш  санар.  Ұран  салып,  жау 
іздегеннен  ән  шырқап  жар  сүйгенді  ұнатар.  Одан  артық,  әлеумет,  айтшы  қандай 
арман бар. Ел айырар ұрыстан, бейбітшілік, елдікті мұрат еткен бұл Арғын. Ән мен 
күйге орда боп қуантсам жұртты дейді бұл Арғын. Батыс түгіл, Қызылбас, Үндіге де 
Қыпшақ  талай  аттанған.  Арғын  одан  аз  емес,  ерлігі  бірақ  өзгеше...  Арғы  бабам 
Басым  елі 
1
   түркі  тілдес  жұртпенен  тізе  қосып,  кептеле  ту  тігіп  үш  жүз  жыл 
Танменен 
2
   алысқан.  Анау  асқар  тауыңды,  мынау  шалқар  көліңді  сол  қасыңа 
бермеген. Кілегей бұлттай жау төнсе, сонда ғана бұл Арғын алдаспанын сермеген. 
Асан  Қайғы,  аға  ұлы,  ендігісін  өзің  шеш.  Ел  болайық  деген  жұртымды  адастың 
десең  де айт. Кең болайық деген жұртыңды қателестің десең өзің айт. 
 
Арғын 
3
   тайпасы  да,  Үйсін  руы  тәрізді,  Тянь-Шань  сақтары  мен  аргиппейлер 
қалдығынан  құрылған,  көне  түркі  қауымына  кірген.  Соңынан  Жоңғар  тауынан 
Жетісуға  ауып,  «қырық  ру»  қатар  көшіп,  қытай  династияларымен  сан  күрескен. 
Қытайлардың Арғынды хұнумен шатастырулары да содан. 
 
Қотан жырау осылай толғап, талықсып кеткен адамдай қобыз күйін бәсеңдете 
барып бітірді. 
 
Жұрт тағы да үн-түнсіз тына қалды. 
 
— Мың жаса, атажан, — деді кенет қайратты бір жас дауыс, — Дария тоқтаған 
бөгетті  бұзып,  суды  тасыту  бір  адамның  қолынан  келеді.  Мүлгіп  тұрған  орманға 
шақпақ тастан от беріп, телегей-теңіз өрт шығару о да бір адамның атқара алар ісі. 
Сол  тасыған  суды  тоқтату    жүз  адамның  да  қолынан  келмейді.  Тоғайды  алған 
қалың  өртті  мың  адам  да  сөндіре  алмайды.  Ерлік  көрсетіп  ел-елдің  арасын 
бүлдіру қай рудың қолынан болса да келеді. 
 
Бүлінген  жұрттың  басын  қосып,  ел  ету  тек  халқына  жаны  ашыған  ұлдарының 
ғана қолынан келеді. Олардың қолынан әзірге елді біріктіру келмесе де, сол елді 
біріктіру  —  арманы.  Сол  арманды  мына  қауым  алдында  жайып  сал- 
                                                 
1
 Б а с ы м е л і — «қырық ру» Арғынның арғы атасы. 
2
 Т а н — Қытайдың Тан династиясы (VІ—VІІ—VІІІ ғ.ғ) 
3
 А р ғ ы н (көне түркі тілінде Арғұн) — ұлы, көп санды деген сөз. 

67 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
ғаныңыз  үшін,  Арғынның  ардақты  ұлы,  жырау  Қотан  ата,  сізге  жас  болсам  да  өз 
есімімнен алғысымды білдіремін. 
 
Жұрт  осы  сөздерді  айтқан  жігітке  қарай  қалды.  Бұл  жігіт  Жәнібек  сұлтанның 
баласы  Қасым  еді.  Ұзын  бойлы,  қошқар  мұрын,  ақ  сұр  жігіт  өзіне  қадала  қалған 
самсаған жандардан қайыспай, көзі шоқтай жайнаған қалпында, отырған орнынан 
қозғалмады.  Үстіне  бадана  көз  кіреуке  киген,  хан  алдында  суырыла  сөйлеген 
осынау  жас  батыр  кенет  жұртқа  ұнай  қалды.  Ал  ұнатпағандар  Шыңғыс  ұрпағына 
«өзіңнен үлкендер отырғанда, сенің сөйлеуің ерсі» деп айта алмады. 
 
Әбілқайыр  оған  бажайлай  көз  тастады.  «Бұрын  қалай  назар  аудармай  
келгенмін, — деді ол ішінен, — Жәнібек сұлтанның мына баласы болайын деп-ақ 
тұр  екен!  —  Ол  ақырын  езу  тартып  жымиды.  —  әрине,  оның  дегеніне  өзге 
сұлтандар жеткізсе». 
 
Ойға шомып кеткен Асан Қайғы енді басын көтерді. 
 
—  Бейбітшілік  әрқашан  халықтың  көкейкесті  мұраты,  сен  сол  халық  мұратын 
көксеп  отырсың,  Қотан  жырау,  —  деді.  Бас  бәйге  сенікі,  —  енді  ол  Қазтуғанға 
қарады, — елдің елдігін, ердің ерлігін мадақтау о да бір паш өнеге, бірақ ерлік ел 
шабуға бағышталса езгілікке айналады. Демек, Жейхұн өзеніндей тасыған жырың 
үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды, орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ 
ақылгөй  Қотан  қарт  Қыпшақтың  өзге  елге  еткен  қиянатын  бетіңе  басып,  тұсаған 
жылқыдай  өрісіңді  кеңіттірмеді.  Сол  себептен  әлі  де  айтылмаған  жырың  қалған 
іспеттес.  Қыпшақ  құр  ғана  басқа  елдерді  шауып  қойған  жоқ  қой,  өз  елін 
қорғағандағы ерлігін естісек дер едім... 
 
Бас  бәйгені  алған  Арғын  жағы  шат-шадыман  боп  тасыды.  Аталы  сөзге  тоқ- 
тап  үйренген  жұрт  Асан  Қайғы  шешіміне  риза  екенін  білдірді.  Асан  шешімін 
Қазтуған да әділетті көрді. Жеңіліп қап пәрмене болдым демеді. Тек Ақжол бимен 
бақ  күндес  Қобыланды  батыр  ғана  намыс  оты  күйдіріп  тақат  ете  алмай,  іштей 
алай-дүлей. 

68 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Айтыс  тізгінін  қолына  ұстаған  Асан  Қайғы  әлі  де  қызу  отырған  Қазтуғанды 
тежегісі келмей: 
 
— Сөйле, жырау, — деп домбырасын ұстаттырды. 
 
әбден  қызып  алған  Қазтуған  күттірмеді.  Әбілқайыр  ханға  қарап  домбырасын 
қағып-қағып жіберіп: 
 
—  Қалған  жырды  тағы  да  тарих  өзі  жырласын,  Қазтуған  жырау  аузынан 
әлеумет  тек  тыңдасын.  Құлаққа  жағымсыз  жай  болса,  кешіре  көрсін,  хан  ием,  — 
деп жырау өзінің айтар сөзіне рұқсат сұрады ханнан. 
 
Қарапайым  ел  қамын  ойлаған,  қызыл  тілін  қару  еткен  қазақ  жыраулары 
әрқашанда өз ойларын ашық айтқан. 
 
Бірақ...  «аталы  сөзге  арсыз  тоқтамас»,  дәуірінде  ханға  да  шындықты  тыңдау  
бір ғанибет іс еді. Сол салттан шыға алмай Әбілқайыр да: 
 
— Ақын ел еркесі, айта бер қорғанбай жырыңды, — деді салғырт, Қазтуғанның 
айтар сөзінен күйінерін күн бұрын сезсе де кеңпейіл көрінбек боп. 
 
Қазтуған  жырау  әсем  көсілген  жорғадай  толғауын  емін-еркін  бастап  кетті. 
Аздаған  үзіліспен  бір  ғасырға  жуық  жүргізілген  Шыңғысхан  және  оның 
ұрпақтарының шапқыншылығы бір мың екі жүз алтыншы жылы Монғол мемлекеті 
құрылысымен-ақ  басталған.  Осының  алдында  ғана  өзін  Шыңғысхан  деп  атаған,  
әкесі  қияттан,  шешесі  та-та 
1
   елінен  шыққан  Темучин  құр  ғана  монғолдардың 
өзара  таласын  басып  қойған  жоқ,  ең  алдымен  монғол  елімен  аралас  Керулен, 
Аргун,  Онон,  Орхон  өзендерінің  бойында  көшіп  жүрген  Керей,  Найман  руларын 
жеңіп алды. 
 
Бір  мың  екі  жүз  жетінші  жылы  монғолдар  Енисей  өзенінің  жоғары  жағы  мен 
Селенгі  өзенінің  солтүстік  тұсын  жайлаған  ұсақ  елдерді  жаулауға  кірісті.  Осы 
аттаныстарының  арқасында  Шыңғысхан  әскерін  қаруландыруға  өте  маңызы  бар, 
темір өндіру өнеркәсібіне бай өлкеге ие болды. Сол жылы-ақ Шыңғысхан Орталық 
Азиядағы  Си-Си  деп  аталатын  бір  кезде  Қытайды  тітіреткен  тунгус  мемлекетін 
                                                 
1
 Т а - т а (қытай тілі) — Монғолия мен Манчжурияның күншығыс жағындағы жауынгер ел. Нағашы жұрты болса 
да Шыңғысхан жаулап алған, әйгілі татар деген сөз осыдан шыққан. 

69 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
өзіне  қаратты.  Жауынгер  атты  әскерін  қосып  өзінің  шебін  көбейтті.  Содан  кейін 
олар,  жер  мойны  қашық  Шығыс  Түркістандағы  ұйғырларды  бағындырды.  Осы 
кезде  монғолдар  қырғыз,  бурят,  ойрат  секілді  Оңтүстік  және  Орталық  Сібірді 
жайлаған бірталай елдеріне дүрк тиді.  Бір мың екі жүз он бірінші жылы Шыңғыс 
қалың  қолмен  Қытайға  аттанды.  Үш  жыл  соғысып  ақырында  Пекинді  алды.  Енді 
Шыңғысхан  екі  жүз  мың  әскермен  Орта  Азияға  бет  бұрды.  Хорезм  шахы 
Мұхаммед  монғолдарға  қарсы  тұрарлықтай  әскері  болғанмен,  бетпе-бет  келіп 
айқасудан  бас  тартып,  бар  күшін  жеке  қалаларын  қорғауға  бөлшектеді.  Соның 
салдарынан  Шыңғыс  әскері  Хорезм,  Самарқант,  Мерв,  Бұқар  —  бәрін  жеке-жеке 
шапты. Бұл оған Орта Азияның бар әскерімен қан майданда бетпе-бет кездесуден 
жеңіл  түсті.  Бір  мың  екі  жүз  он  тоғызыншы  жылдан  бастап  үш  жылдың  ішінде  
Шыңғысхан  әскері  бүкіл  Орта  Азияны  өзіне  бағындырды.  Орта  Азия  халықтары 
басқыншыларға  қарсы  сан  рет  көтерілді,  бірақ  монғол  хандары  олардың 
көтерілісін қан-жоса етіп, басып тастап отырды. 
 
Осы жылдары Жошы әскері қазақтың көп жерін алып, Ертіс, Есіл, Тобыл, Нұра 
өзендерінен  өтіп  Ұлытауға  келіп  туын  тікті.  Орта  Азияны  шауып  болғаннан  кейін, 
Шыңғысхан Қыпшақ елімен шекаралас Шығыс Европаны жаулап алуға кірісті. 
 
Жебе  мен  Сүбітай  баһадурлар  басқарған  отыз  мың  әскер  бір  мың  екі  жүз 
жиырма  екінші  жылы  солтүстік  Иран  арқылы  Азербайжанды  қанға  бояды.  Енді 
кезек  грузиндікі  болды.  Бес  миллионға  жуық  Грузия  халқының  жан  аямай 
қарсыласуына  қарамай,  Жебенің  құрған  айласының  арқасында  бір  күннің  ішінде 
отыз  мың  әскерін  қырып,  монғолдар  солтүстік  жағынан  Дербентке  таяды.  Бұл 
арадан  өту  оңай  болмағандықтан  монғолдар  Ширван  шахқа  «Сендермен 
бейбітшілік  бітім  істеуге  бірнеше  адам  ғана  келдік»  деп  кісі  салды.  Ширван  шах 
алдағанды  білмей,  басты  он  адамын  жіберді.  Монғолдар  біреуін  өлтіріп,  қалған 
тоғызына: «Егер де сендердің өлгілерің келмесе жолды көрсетіңдер» деді.  Олар 
қорыққанынан  Дербенттің  қиялы  жартас,  тұңғиық  құзды,  ыңғыл-жыңғылды  ұры 
сайлары арасымен монғолдарды аман-есен солтүстік Кавказға жеткізді. Солтүстік 

70 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Кавказда тұратын алан жұрты «монғолға бірігіп қарсы тұрайық» деп Қыпшақтарды 
болысуға  шақырды.  Қыпшақтың  қалың  атты  әскері  аландарға  келіп  қосылды. 
Монғолдармен  үлкен  айқас  болды.  Екі  жағы  тең  түсті.  Қайтадан  ұрысқа 
дайындалды.  Алан  мен  Қыпшақты  жеңе  алмайтынына  көзі  жеткен  монғолдар 
Қыпшақтарға көп тартумен «сендер бізбен қандас елсіңдер, аландар бөтен жұрт, 
біз  сендермен  бітімге  келеміз,  оларға  болысушы  болмаңдар»  деп  кісі  салды. 
Монғолдың алтын-күмісіне қызыққан Қыпшақ батырлары аландарды тастап кейін 
шегінді. Жалғыз қалған аландарды монғолдар қан-жоса етіп қырды. 
 
Ал  Қыпшақтар  «Бітімге  келісетін  болдық,  бізге  тимейді»  екен  деп  әскерлерін 
үйді-үйіне  таратып,  жайбарақат  жата  берді.  Сол  уақытта  ала¦дарды  жеңген 
монғолдар,  сау  етіп  бұлардың  еліне  жетіп  келді.  Әскерін  таратып  жіберген 
Қыпшақтар монғолдарға төтеп бере алмады. Бірі Донға, бірі Қырымға қашты. Осы 
уақыттағы Қыпшақтардың ханы Қотан 
1
  орыстарға кеп «маған туған күн саған да 
туады,  бірігіп  монғолға  қарсы  шығайық»  деп  өтінді.  Орыс  князьдары  уәдесін 
береді.  Сол  күннен  бастап  Қыпшақ  елінің  басқыншылармен  ауыр  айқасы 
басталды. 
 
Бейбіт  елдерді  қан  жылатқан  Шыңғысханды  суреттегенде,  бір  қара  албасты 
құбыжық  келе  жатқандай  қобалжи,  алан  жұртын  сатып  кеткен  Қыпшақ 
хандарының  опасыздығын  жыр  еткенде,  қарабет  болған  жандай  көзін  жерден 
алмай  қиналып  зар  шеккен  Қазтуған  жырау,  толғауының  Шыңғысханға  тиер 
жеріне жеткенінде тіпті зәрленіп кетті. Бауыры қызған бәйге атындай серпіліп сала 
берді.  Жауына  қарсы  шыққан  орыс,  Қыпшақ  жауынгерлерінің  дәл  ортасында  өзі 
келе жатқандай, қарағай домбырасын дүбірлетіп, көзінен жалын атып, қаһар төкті. 
 
Орыс, Қыпшақ болып бірігіп, басып алғалы аттанған жауына қарсы шыққанын 
жырлағанда  ер  көңілді  батыр  жыраудың  үнінен  мақтанған,  қуанышты,  адамды 
қанды  кекке  шақырар  бір  құдіретті  саз  естілді.  Осылай  шалқи  қалған  Қазтуған 
Қалқа ұрысын айтқанда кенет «әттең, әттең!» деп күңірене күбірледі. 
                                                 
1
 Қотан хан — орыс тарихында Котаян хан деп аталады. 

71 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Бір  мың  екі  жүз  жиырма  үшінші  жылы  мамыр  айында  Днепр  өзенінің 
жағасындағы  Олешья  деген  жерде  орыс,  Қыпшақ  әскері  жиналды.  Бұған  бар 
әскерімен  Киев  князі  Мстислав  Романович,  Галич  Мстислав  Мстиславович, 
Чернигов  князі  Владимир  Рюрикович,  тағы  басқа  Чернигов  князьдары  мен 
Қыпшақ  хандары  тегіс  келді.  Бұдан  басқа  Смоленскіден,  Курскіден,  тағы  бөтен 
орыс  жерлерінен  көптеген  жауынгерлер  қосылды.  Мұндай  нөпір  әскер  орыс 
жерінде бұрын бас қосып көрмеген-ді. 
 
Калка  ұрысы  деп  аталып  кеткен  монғол,  орыс,  Қыпшақ  қырғынын  тарихшы 
Рашид-ад-Дин былай деп жазады: «Орыс пен Қыпшақтар дайындалып көп әскер  
жинады.  Жауының  көп  екенін  көріп  монғолдар  кейін  шегінді.  Монғолдарды 
қорыққанынан шегінді деп ойлаған Қыпшақтар мен орыстар оларды жиырма күн 
соңынан  қуды.  Кенет  монғолдар  аттарының  басын  кейін  бұрып  алып,  қуып  келе 
жатқан әскерлердің қосылуына мүмкіндік бермей, біразын қырып салды. Бір апта 
бойы  ұрысты,  ақырында  Қыпшақ  пен  орыстар  шыдай  алмай  қашуға  мәжбүр 
болды.  Монғолдар  соңдарынан  қалмай  өкшелеп,  қалаларын  қиратып,    жұртын 
бостырып жіберді». 
 
Калка  өзенінде  орыс  пен  Қыпшақ  әскерінің  жеңілуінде  анығында  екі  себеп 
болған-ды.  Днепрден  өтіп  сегіз  күндей  жауын  қуған  орыс  пен  Қыпшақ 
полктарының  арасы  тым  алыстап  кеткен-ді.  Осы  жағдайдан  отыз  бірінші  мамыр 
күні  Калка  өзенінде  тобын жазбай  қарсы  атой  берген  монғол  әскеріне  бұлар  бас 
қосып  қарсы  шығатын  мүмкіндіктері  болмаған.  Әйтсе  де  Галич  князі  Мстислав 
Мстиславович өзімен ала көз Киев князі Мстислав Романовичты хабарландырмай, 
Қыпшақтармен бірігіп қан төгіс айқас ашты. Монғолдардың алдыңғы шебін жеңіп, 
бас  күшіне  шабуыл  жасады.  Ұрыс  өте  қатты  болды.  Қан  судай  ақты.  Бірақ  бұл 
ғаламат  айқасты  ең  алдымен  Қыпшақтар  бүлдірді,  олар  ежелгі  тәсілі  —  қашқан 
болып жауды ертіп, арттарында күтіп тұрған әскерінің қолына түсіретін әдеттеріне 
салмақ боп кейін шегіне бастады. Бір тобы шегініп еді, оған өзгесі асыға қосылды. 
Бұны көрген орыс полктері де кейін тым-тырақай босты. Ақырында, соңынан түре 

72 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
тиген  монғолдарға  қарсылық  істей  алмай  қалды.  Бұл  —  орыс,  Қыпшақ  әскерінің 
жеңілуінің  бір  себебі.  Екінші  себебі  орыс  князьдарының  өздерінің  ала  ауыздығы 
еді.  Галич  князі  Мстислав  Мстиславович  Қыпшақтармен  бірігіп  қанды  қақпаннан 
қалай құтыламыз деп монғолдармен қырылысып жатқанда, Киев князі Мстислав 
Романович 
өзен 
жағасындағы 
биіктікте 
«менсіз 
сендердің 
қалай 
соғысқандарыңды  көрейін»  дегендей,  өзінің  көп  полкімен  тұрып  қалды.  Ал 
жаулары Галич полктары мен Қыпшақтарды жекелеп жеңіп, енді Киев полктарына 
келіп  тиіскенде,  қаптаған  монғолға  Мстислав  Романович  төтеп  бере  алмады. 
Адырдың  жан-жағынан  қоршап  алып,  өзіне  төнген  монғолдармен  үш  күн 
айқасқаннан кейін, олардың «өмірлеріңді сақтап қаламыз» деген сөзіне сеніп екі 
баласымен жауына берілді. Әрине, монғолдар алдаған-ды, қолға түсісімен князьді 
балаларымен  бірге  ай  балтамен  шауып  өлтірген.  Қазтуған  жыраудың:  «әттең, 
әттең!»  деп  өкінуіне  құр  ғана  Қыпшақтардың  қашқаны  емес,  монғол 
қандыбалақтыларының  алдауына  аңқау  батырлардың  талайының  көніп,  сан 
ұрыста ұтқызған өкініші де бар еді. 
 
Монғол  нояндарының  соғыс  жүргізу  әдісі  де,  жауын  алдап  түсіру  айласы  да 
өздеріндей  көшпелі  ел  Қыпшақтардікіне  кейде  ұқсағанмен,  тегінде  ерекше 
келетін. Монғол әскерінің оннан тоғызы бөтен ұлттардан, өздері жеңген елдердің 
жігіттерінен,  сатылған  бұзық,  қарақшылардан    құрылған.  Бірақ  бәрі  бірдей  темір 
тәртіпке бағынған. Темір тәртіп бұл жер сілкінткен қалың әскердің тек өзіне ғана 
тән  ерекшелігі.  Екінші  ерекшелігі  оның  басқа  елді  шабу,  бағындыру,  айла-
әдістерінде. Монғолдар бір елді шабар болса, ең алдымен ертөлелерін  жібереді. 
Олар  өрт  салмайды,  дүние-мүлік  тонамайды,  тек  шабатын  елдің  адамдарын 
өлтіреді,  ең  болмаса  қорқытып  қашырады.  Сөйтіп,  қанқұмарлықтарымен  тыныш 
жатқан  елдің  күні  бұрын  зәре-құтын  алады.  Содан  кейін  барып  қалың  қолмен 
шабады.  Бұ  жолы  ештеңені  де  аямайды.  Қолға  түскен  қаланы  өртеп,  қиратып, 
дүние-мүлкін талайды, тек құлдыққа сатуға, не мал бағуға, өйтпеген күнде өнер-
өрнекке  жарайтын  шеберлері  болмаса,  қатын-балаға  қарамай  қырады.  Кешегі 

73 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
салтанатты  қаланың  орнына  күйреген  кірпіш,  тас-талқан  болған  құр  сілімтірін 
қалдырады.  Гүл-гүл  жайнаған  бау-бақша,  жасыл  егіні  жайқалған  ну  даланы 
құлазыған  қу  тақырға  айналдырады.  Содан  кейін  барып  өздері  шауып  кеткен 
жерлеріне  жаршыларын  жібереді.  Олар  тығылып  қалған  адамдар  болса, 
жасырылған  қазына  болса,  бәрін  тауып  нояндарына  жеткізеді.  Әскер  басы 
баһадурлар  осы  жаулап  алған  қала,  далаларына  әкім  етіп  өздерінің  адамдарын 
қалдырады. 
 
Егер  қала  мықты  қамалға  айналып,  өздігімен  берілмесе,  монғолдар  бекініс 
алатын  тас  атқыш  катапульттерін  салады.  Қамал  қабырғалары  берік  боп  тас 
атқыштар ештеңе істей алмаса, қалаға кіретін үңгір-ладыз қазады. Сөйтіп, күтпеген 
жерден  түн  ортасында,  не  таң  ата  шаһардың  ішінен,  не  бекіністің  арғы  бетінен 
шығады.  Аянбай  соғысады.  Ал,  қала  халқы  тым  сақ  болып  бұндай  жағдайға 
жеткіздірмейтінін  білсе,  қаланың  жанынан  ағып  жатқан  өзен,  дарияларға  бөгет 
сап, су арнасын өзгертіп, халықты суға тұншықтырады. 
 
Мединаны  алғаннан  кейін  оның  белгілі  бек,  хакім,  би,  батыр,  оқыған 
адамдарына  рақым  етпейді.  «Қарсыласпай  өздерің  берілсеңдер  сендерге 
тимейміз»  деп  аналарды  қарсылықсыз  қолға  түсіріп  ала  қалса  да  шетінен 
бауыздайды,  тірі  қалдырмайды.  Бұл  —  шауып  алған  елге  Шыңғыс  ханның 
орнатқан жалпы тәртібі. Ұлы қанішерлер ойынша «басып алған жерде тыныштық 
болу  үшін  ол  араның  ең  алдымен  басты  адамдарын  құрту  керек.  Олар 
қорыққанынан  «бағындым»  десе  де  ыңғайы  бола  қалса  халықты  қарсы  қойғысы 
келіп  тұрады.  Қоя  алады  да.  Рушылық  заманда  қандай  халық  болмасын,  өзінің 
басты  адамдарының  соңынан  ереді.  «Ал  ол  басты  адамдарын  құртып  жіберсең, 
бассыз тобыр ештеңе істей алмайды, басы жоқ дене тірі дене емес, өлі дене». 
 
Шыңғыстың бұл қатал заңын білмеген ел бастайтын хандар өз жандарын аман 
алып қаламыз деген үмітпен күресер жерінде күреспеді, халық соңдарынан еріп, 
«жауыңызға  қарсы  шығуға  бармыз»  дегенде,  қорықты.  Ақырында  өздері 
қырылды, халықты да қырғызды. 

74 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Осылай алданғанның бірі Киев князі Мстислав Романович еді. 
 

75 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет