Көтеш Райымбекұлы (1745, қазіргі Павлодар облысыБаянауыл ауданы – 1818, сонда) – халық ақыны. Алғаш рет 17 жасында Абылай ханға қарсы бас көтерген Мейрам руын мадақтаған өлеңі арқылы аты шығады.
Көтеш — ХVІІІ ғ. өмір сүрген ақын. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туып-өскен. Арғы атасы — Тұрлыбек. Арғын тайпасы Сүйіндік руының Күлік бөлімінн шыққан.[2] Ол ақындықпен жас кезінен шұғылданған. Әуелі елдегі айтыс дәстүрі бойынша танылып, арнау өлеңдер айтып жүрген. Кейін әлеуметтік мәселелерге үн қосып, елінің тарихын, жауға қарсы жорықтарын, өз дәуірінің келелі мәселелерін көтеріп отырған.
Бір өкініштісі, дұрыстап зерделемеудің себебінен, осы уақытқа дейін Көтеш ақынның тегі «Райымбекұлы» деп қате жазылып келді. Ал шындығында ол Райымбектің інісі Райдың ұлы. Өзінің бір өлеңінде Көтеш ақын:
«Арғы атамды сұрасаң–Сексен-Жұлма,
Райымбек Сексеннен туған ұл ма?
Райымбек дейсің де, Райды айтпай,
Райымбек би болса, Рай құл ма?»–дейді. Осы шумақты бұрыннан оқып жүріп, ақынның Райымбек емес, Райдың намысын қорғап тұрғанын байқап, Көтеш Райдың ұлы емес пе екен деп іштей дүдамал болып жүретінбіз. Шындығында, шежірене дұрыстап зерделей келе, солай болып шықты. Өлеңдегі Жұлма–Сексен батырдың үлкен баласы. Жұлмадан–Рай, Райдан Көтеш ақын туады.
Көтештің Райдан туғанын растайтын тағы бір дәлел, 1854 жылғы Қызылтау-Күлік болысының мал-жан санағында Көтештің баласы Жайлаубай Рай атасынан тараған ауылдың ішінде көрсетіледі. Егер Райымбектен тараса, олай жазылмас еді. Себебі аталмыш санақта ру ішінде әр атадан тарайтын ауылдардың малы мен жан басы жеке-жеке бөлініп, анық көрсетілген. Бұл ешқандай дау тудырмайтын дәлел.
Ақындарша айтысып, арнау, ойнақы терме, сынай арнаулар да айтып жүрген. Қалмақтың қазақ жерін босату күресіне белсене араласқан әрі батыр, әрі ақын саналған ол Жасыбай, Олжабай батырлар бастаған Сүйіндіктердің қалың қолдарымен бірге жүріп, әрбір күрес нәтижелерін сөз еткен. Аталмыш батырлар туралы ұзақ жырларды толғап жүрген.
Көтеш — өлеңді көп шығарған төкпе ақын. Оның әлі жиналмай, ел аузында жүрген сөздері көп. Ақын шығармалары өз кезінің талай тақырыптарын көтеріп, ішкі-сыртқы ел қайшылықтарына үн қосқан. Ол өз еліндегі кемтарлар тұрмысын, әлеуметтік теңсіздіктерді де, халықтың мұң-шерлерін де толғана жырлады.
«Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан мол хабардар Көтеш сол ауыр оқиғаны тебірене толғап, халық қайғысына үн қосады. Қалмаққа қарсы соғыс аяқталып, ішкі егестер қозған кезде Көтеш Абылай ханға наразы ерлер жағында болып, сол ханға қарсы топтың сойылын соғып, Бөгенбай, Қазыбек, Олжабай бастаған топпен бірге Абылайдың өзімшіл өр мінездерін бетіне басқан. Ел арасындағы: «Көтештің «Ер Олжабай», «Ботан» атты жырлары болушы еді. Ол жырларында ақын онша мақтамапты ханды. Нәтижесінде ақын көп қуғын да көреді. Өле-өлгенше алдына мал салмай, кедейлік зардабын шегіп өтті. Ақыры елден кетіп, сол қарақшылар қолынан қаза тауып еді» деген аңыздар осыны аңғартады.
Қартая келе ол келін-балаларына риза болмай, оларға наразылығын білдіріп өлеңдер шығарып жүріпті. Балаларын жақтап, өзін күтпеген кемпіріне айтқан өлеңдерінде де ол өзінің ақындық қабілетін танытады. Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың дерегі бойынша Көтеш ақынның сүйегі қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданының аумағындағы Қарағайлы шоқыдан төмен, Балықты деген көлдің жағасында жатыр. «Көтешті қартайған шағында Шерудің ағашының жанында қарақшылар өлтіріп, тонап кетіпті. Бірнеше күннен кейін ауылдастары тауып алса, денесіне ит-құс тиген екен. Өзі толық адам болыпты, майы жерге сіңіп, айналасындағы топырақ қарайып кеткен екен» – дейді.
Көтештің өзін тонамақ болған ұрыларға айтқан:
«Әй, балалар, танымайтын не ел боларсың?
Не бастан, не дәулеттен кем боларсың?
Сексендегі Көтешті тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың!» – деген бір ауыз өлеңі бүгінге жеткен. Сүйіндіктің жақсылары кейін осы өлең арқылы қарақшыларды тауып алып, жазасын бергізіп, құнынын алады. «Қазақта бір басына үш кісінің құны төленген еркекте – Көтеш ақын, әйелде – Ұлбике ақын» – дейді Мәшһүр Жүсіп. Көтешті ақын қаза болған Шерудің ағашы бүгін де солай аталады, Балықты көлінен 20-25 шақырым шамасында, солтүстік-шығысқа қарай.
Талдау Алдымнан алты пұшық анталады,
Тілге келмей біреуі балталады.
Осы аурудан, сірә, жан қалмас білем,
Балтасы тиген жері қанталады.
Япыр-ай, бұл не деген ел боларсың,
Не малдан, не перзенттен кем боларсың.
Қарап жүрген Көтешке тиемін деп,
Баласына Құлболдының жем боларсың.
Бір әңгіменің айтуынша Көтеш айтысқа түсіп жүрген кезінде бір руды, оның басты адамдарын қатты сөгіп жамандаған екен. Кейін сол жаққа бара қалғанда, сол елдің байларының бірі ақынды ұстатып алып, өлімше қылып сабап, байлатып қойыпты. Көтештің қазасы осы жолы болған екен. Елінен шыққан іздеушілер Көтешті кімдер өлтіргенін осы өлең бойынша табады. Құн даулап, ердің өз басы жүз жылқы, өнері жүз жылқы деп екі жүз жылқы алыпты.
«Алдымнан алты пұшық анталады, тілге келмей біреуі балталады»- деп, ақын алдынан шыққан адамдардың еш себепсіз, тіл қатпай Көтешті ұра жөнелгенін суреттейді. Ақын алты пұшық деп метонимияны өлең жолдарына қосады. Өлең шумақтарынан астарлы жеткізу үшін «тілге келмеу» деген фразеологизмді пайдаланады. Ақын келесі жолдарда өзінің жараланғанын, жарасының ауыр екенін, өліп кетуі мүмкін екенін жеткізеді.