Кризистік жағдай немесе дағдарыс, өмірге бейімделу дағдарысы,
Қазіргі заманғы әлеуметтік-саяси жағдайларда төтенше оқиғалар кеңінен орын алуда. Балалар мен ересектер техногендік, табиғи апаттарға ұшырау, зорлық-зомбылықтың құрбандарына айналу, кепілдікке алыну жағдайларына жиі ұшырауда. Сол себептен қазіргі заманда саясаткерлер, әлеуметтанушылар, философтар, сондай-ақ практикалық психологтардың тарапынан экстремалды жағдайларға деген кәсіби көзқарас барған сайын артуда. Қазіргі заманда экстремалды жағдайлар психологиясы практикалық психологияның төтенше оқиғаларды басынан кешірген немесе кешіруші адамның психикалық күйлерінің диагностикасын, сонымен бірге психологиялық көмектің, психологиялық түзету, кеңес беру және психотерапия сияқты әдістерін, техникаларын, амал-тәсілдерін қамтитын аса маңызды бөлімдерінің бірін құрайды.
Түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар
Төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай.
Төтенше жағдай пайда болу себептеріне қарай табиғи сипаттағы және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға бөлінеді.