Ежелгі түркі тілінде қобыз сөзі жаман рухтарды қуғанда айтылатын сөз болған. Сондықтан қобыз шамандардың негізгі аспаптарының бірі болып табылады. Қобыздың дауысы әруақтарды шақырады, немесе құдаймен тілдесу құралы ретінде қабылданған. Қобыздың дауысына ұқсас түркі әлеміне кеңінен тараған тамақпен дауыс шығару өнері де өзіндік құдаймен және әруақтармен тілдесудің жолында қарастырылған өнер деп саналады
. Тамақпен өлең айту тек түркілерге ғана тән немесе түркі тектес бурят, моңғол сияқты түркілерге тамыры жақын ұлттарға тән өнер. Ежелгі түркілер қасқырдың, бүркіттің, барстың дауыстарын сала отырып жоғарғы әлемге жалбарынудың жолдарын қарастырған. Бұл тарапта түркітанушы Елеманова С.А. қазақтарда тамақпен өлең айту хакастар, алтайлықтар, тувиндықтар секілді дамымағандығын айта отырып, қазақтарда көркемдік ысқырықтың негізі барлығын жеткізеді.
Жалпы түркі әлемінде музыкалық аспаптардың құрылымы, оның әуені, сәулет өнері, ою-өрнек бұлардың барлығы Тәңірмен тікелей байланысты қалыптасады. Би өнері. Би ежелгі адамдардың түсінігінде әлемді қабылдау мен қарым-қатынас орнатудың негізгі формасы ретінде қарастырылады. Мәдениеттанушы Ясын Құмарұлының пайымдауынша қазақ халқының би өнерінің негізі шамандар қызметінен бастау алады дейді. Шамандар бастарына құс қауырсындарын бекітіп, үстеріне түрлі аң терілерін жамылып түрлі ұрмалы, ыспалы аспаптардың ырғағына сүйене отырып адам емдеумен айналысып жындарды қуған
. Мамандардың ұйғарымы бойынша түркі билерінің ішіндегі ең ежелгілерінің бірі Қара жорға биі деп санайды. Бидің негізгі мақсаты жорға аттың қимылдарын салу болып саналады. Бұл бидің тарихы 2500 жыл бұрын басталса керек.