Қазақстан бірінші дүние жүзілік соғыс жылдарында. 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс .
Бірінші Ресейлік революция жеңілгеннен кейін елде реакция кезеңі басталды. Ереуілге шығуға, жиналыстар өткізуге тиымдар салынды. II - Мемлекеттік Дума таратылып, сайлаудың жаңа жүйесі енгізілді. Жаңа заң бойынша қазақтар сайлау құқығынан айырылды. Төңкерістік қозғалыстарға қатысқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді.
Реакция жылдары патша өкіметі тек қатаң қудалау жасаумен шектелмей , ауыл шаруашылығанда кулактардан берік тірек жасауды көздеді . 1906 ж. 9 - қарашада Министрлер Кеңесінің төрағасы П. А. Столыпин шаруаларды кауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды. Столыпиннің аграрлық саясатының құрамдас бөлігі - Сібір Қазақстанға жаппай қоныс аудару болды. 1906 және 1912 жж. аралығында қазақтардан Ресейден қоныс аударғандар үшін 17 млн. астам жер тартылып алынды. 1917 ж. қазан революциясының қарсаңында жалпы Қазақстанда жергілікті халықтан тартып алынған жер көлемі 45 млн. десятинаға, ал қоныс аударып келгендердің саны 1,5 млн. жетті.
Ұлттық - отарлық езгінің күшеюі, қоныс аудару саясаты қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің өсуіне алып келді. Қазақ қоғамындағы әр түрлі идеялық - саяси ағымдар « Айқап » журналы (1911-1915жж.) мен « Қазақ » газетінің ( 1913-1918жж.) бетінде жарық көрді. Олардың беттерінде жер қатынастарының, ағарту мен білім беру ісінің, қазақ ауылдарында тауар-ақша қатынастарын дамыту мәселелері жазылып, патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленді.
1914 ж. Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бірінші дүние жүзілік соғыс барлық халықтарға, оның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Соғыс қажетіне 1914-1916 жж. Түркістан өлкесінен 2089 мың тонна мақта, 300 мын пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй алынды. Соғыстың бірінші жылында тек Жетісу облысынан майдан қажетіне жіберілген мал мен оның өнімдерінің құны 34 млн. сомға жетті . Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді.
Соғыс елдегі жалпы-ұлттық дағдарыстың пісіп жетілуін тездетті. Оның айқын көрінісі Қазақстан мен Орта Азияның барлық аймақтарын камтыған 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс болды. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 ж. 25 - маусымдағы армияның тыл жұмыстарына Қазақстанның, Орта Азияның және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жасқа дейінгі «бұратаналық» еркектерді шақыру жөніндегі жарлығы тікелей себеп болды. Көтерілісті Торғай даласында Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордаларында Сейтқали Меңдешев , Әбдірахман Әйтиев, Маңғыстауда Жалау Мыңбаев , Ақтөбе даласында Әділбек Майкөтов, Жетісуда Тоқаш Бокин , Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов және т.б. басқарды.
1916 ж. шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын камтып, бірте - бірте ұйымдасқан сипат ала бастады. Оны басу үшін патша өкіметі құрамында жақсы қаруланған әскер бөлімдері мен қазақ - орыс отрядтары бар жазалаушы экспедициялар жіберді. Жетісудағы көтеріліс аяусыз басып-жаншылды.Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1-ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына , 168 адам каторгалық жұмыстарға , 129 адам түрмеге жабылуға кесілді. Соның салдарынан 300 мың қазақтар мен қырғыздар Қытайға қашуға мәжбүр болды. Ал Торғайдағы көтеріліс 1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін жалғасты.
1916 ж. көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алды. Ол кезінде Кенесары Қасымов бастаған ұл-азаттық қозғалыстан кейін Қазақстанның бүкіл аймақтарын қамтып, бүкіл қазақтық сипат алды.